- Tuesday, 9 12 2008, 0:40
- Мақалалар
- 1,047 рет қаралған
- Пікірлер саны: 1
Баламды медресеге біл деп бердім…
Еркін Стамшал
Мұсылмандық ағарту ісінің тарихы тамыры тым тереңде жатыр. Ғалымдар алғашқы мұсылмандық білім ошақтары-медреселер жұрттың бәрі ойлағандай араб жерінде емес, біздің топырағымызда, дәлірек айтқанда – Мәуренахр жерінде пайда болған деген дерек келтіреді. Түркістан өлкесіндегі алғашқы медреселер Ислам бұл аймаққа тарала бастаған кез – 8 ғасырда пайда болған. Белгілі шығыстанушы Бартольд: «медресе оқу мекемесі ретінде мұсылман әлемінің астанасы Бағдаттың өзінде тек 11 ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болды…, ал бұл кезеңде Мәуренахрда медресе жаңалық болудан қалған еді» – деп жазады. Түркістан өлкесіндегі медреселер туралы алғашқы деректер Наршахи деген тарихшының «Бұқара тарихы» еңбегінде келтірген. Мұнда автор 937 жылы Бұқарада алапат өрт болғаны және сол өрт кезінде қаладағы ірі медресеге де өрт тигенін тәпіштеп жазған. Өлкедегі мұсылман оқу жүйесінің негізгі орталықтары әйгілі ұлы жібек жолының бойындағы қалаларда қалыптасты. Бұл қалалардың ішінде әрине ауызға алдымен ілінетіні де – Бұқара… Пайғамбар ғалейһиссалламның хадистерін жинақтаушы ұлы ғұлама – имам Бухариді қосқанда бұл шаһардан руханият пен ғылымның сансыз жұлдыздары шықты. Халық арасында Бұхарадағы ілімнің қуаты туралы «басқа жерде Алланың нұры аспаннан жерге енетін болса, Бұхарада нұр жерден көкке көтерілетін еді» деген мәтел тараған. Қазақ халық ауыз әдебиетінде «Бұқарада оқыған», «терең молда» ұғымдары білімдарлықтың балама атауындай терең тараған. Құранды тәжуид қылуда, медресе оқыту әдістемесінде Бұқара үлгісінің кейбір нұсқалары халық арасында осы күнге дейін сақталған. С. Мұқановтың «Аққан жұлдызында» Бұқара-Шәріпке оқуға жіберілген Талас баласы Науан деген кісінің ол жақта табан аудармай 10 жыл оқып, он екі пәнді тәмәмдап келіп, Шыңғыс Уәли баласы салдырған «Хан медресесінде» имам әрі мүдәрістікі атқарғаны айтылады. Құлшылық ордасы мешіттерден медіреселердің бөлінуі мұсылмандық діни білім беру ісінің жаңа кезңін бастады. Ендігі жерде медреселер ислам дінін үйретудің арнайы жабдықталған және үлкен ғұламаларды қамтыған білім мекемесіне айнала бастады. Алғашқы күннен бастап медресе бағдарламасында шәкірттің негізгі құнды сапасы – жақсы есте сақтау қабілеті деп танылды да, білім жаттау арқылы сіңірілді. Кейіннен байқап отырғанымыздай, медресе шәкірттерінің бұл қасиеті Құран мен Пайғамбардың хадистерінің бізге өзгеріссіз жетуіне септігін тигізген. Қазіргі мектеп оқыту әдістемесінде көп пайдаланылмайтын дәрісті жаттау әдісінің ғылымды игерудегі салмағының ерекшелігін мұсылман ғұламаларының бәрі дерлік айтқан. Діннен тыс қарағанда «құрғақ, жаттанды сөз» деп қаралатын жаттау әдісі шындығында адамның білімді игерудің негізгі әрі маңызды шарты. Бұл туралы бізге заманы жақындау ғұламаларының ішінде башқұрттан шыққан Зәки Уәлиди Тоған 19 ғасырдағы Түркістандағы медреселер мен қарапайым отбасындағы діни тәрбиедегі жаттаудың рөлін жоғары бағалаған. Уәлиди Естеліктерінде Өзінің тағдырдың тәлкегімен темір торға қамалып, оқитын газет-журнал тоқтатылған сәтте баяғы медреседе жаттаған аят-хадис, Иассауи хикметтерін қайта қорытуға мүмкіндік алғанын, жатталған білім пікіріне азық болып, астарына бүккен сырды аша түскенін жазады. Ал Шәкәрім қажы болса:
Күн сайын яки айында
Жаттап оқы, пайымда
Жан мен Тәңірі жайында
Дәлелім көп тынымды
– деп жаттауды өз шығармаларын түйсінудің негізгі шарты етіп белгілейді. Мағжан Жұмабаев келтірген әйгілі Ақан сері туралы бір деректе ақын Бұқарадан оқып қайтып, Көкшетауда дәріс айтып тұрған белгілі Науан Хазіретке барып, сабақ алғаны айтылған.
Медреседегі білім берудің даму кезеңдері әрқилы болды және сол кезеңдерде сансыз мұсылман ғұламалары медресе жүйесін жетілдіруге үлес қосқан. Мұндай ғұламалардың басым көпшілігі Түркістан топырағында ғұмыр кешкен. Мұсылмандық оқу ісінің жетістіктері жалпылық сипатты иелеген 10-11 ғасырда өмір сүрген ғұламалар – Әл-Фараби, Ибн Сина, Әбу Райхан Беруни, Хорезми медреседе оқыту ісінің көптеген мәселелерін тиянақты талдап көрсеткен. Мысал үшін Хорезми қазіргі мектептерде шығармашылық белсенділік деп аталып жүрген шәкірттердің өзіндік жұмысына баса көңіл бөлген. Ал Ибн Сина мұғалімге қойылған талаптардың ішіндегі негізгілерін – тәрбие әдістерін терең меңгеру, әдеп тәртіптерін жақсы білетін қайратты, шыншыл әрі үлкен жүректі болу деп белгілейді. Жалпы мұсылмандық оқу жүйесі негізінен екі сатыдан: бастауыш саты-мектеп, орта саты-медреседен тұрды. Қазіргі күні медреселердің мұсылмандық білім жүйесінің жоғарғы оқу орны болғаны дәлелденіп отыр. Ал медресеге дейінгі алғашқы бастауыш білім сатылары ретінде қарыханалар мен далаилханалар алынды. Мектеп-медреседегі оқыту ісін ұйымдастыру, оның оқу бағдарламалары мен әдістемелері туралы мәліметтері мен деректер қорының бүгінгі күнге жетуі ұлы ғалым Ұлықбектің есімімен тікелей байланысты. 14-15 ғасырдың басында оқу жүйесінің құрылымын қайта құрған Ұлықбек тек мемлекет басшысы, меценат қана емес, ірі әдіскер ғалым да болған.
Медреседегі оқу курсы «Алғашқы ілім» деп аталатын парсы тіліндегі сұрақ-жауап түрінде жазылған оқу құралын игеруден басталған. Мұнан өзге араб тілін меңгеруде «Кафия» оқулығы пайдаланылған. Бұл мәселеде айта кетерлік бір жәйт, араб тілінің негіздерін жасауда түркі дүниесінің тілтанушы ғалымдарының еңбегі ерекше болды. Тек Түркістан өлкесі мен Қазақстан медреселерінде ғана емес, басқа мұсылман мемлекеттердегі медреселерде де араб тілін үйренуде түркі халықтарының ғалымдары жасаған оқулықтары пайдаланылған. Мысалы араб лексикографиясындағы «Кофия мектебінің» негізін салушы қазақ даласының көрнекті ғалымы Әбу Насыр Исмайл әл-Жауһари әл-Фараби араб грамматикасына қатысты 50-ден астам ғылыми еңбек жазған. Бұдан өзге барлық медреселер дерлік Мухаммед Кухистани, Мухаммед Вахкоб сынды тілші ғалымдар құрастырған ғылыми және жалпы лұғаттарды қолданған.
Тарих сахнасына ұлық әулие Сұлтан Қожа Ахмет Иассауи шыққан кезден бастап бұрыннан келе жатқан араб және парсы тілдерінің басымдығы сәл тежеліп, түркі тілі от басы ошақ қасы тілінен әдебиет және мәдениет тіліне айналды. Бұған орта ғасырлық медреселерде кеңінен оқытылған Иассауидің хикметтері әсер етті. Кезінде бүкіл араб жазирасына жайылып, мұсылмандық ақайд (құдайтану) ілімінде басты орында болған Иассауидің сансыз көп мұраларынан бізге жеткені – «Диуани хикмет» пен басқа шағын еңбектері ғана… Осы кезден медресе оқулықтарының «Әптиек» сынды түрікше нұсқалары танымал бола бастады. Пәлсапалық тереңдігі жағынан күні бүгінге дейін маңызын жоймаған шағатай тіліндегі Құран тәпсірлерінің өзі-ақ түрік жұртынан шыққан мұсылман ғұламаларының Исламды қаншалықты жоғары деңгейде игергеніне дәлел бола алады. 19 ғасырдан бастап жәдидтік бастаулардан нәр алған қазақ ғұламалары медреселердегі оқыту үрдісінің кәсіби деңгейін біршама ілгерлетті. Рухани жағынан медреселер халықты тәрбиелеудегі маңызды институт болып қалыптасты. Медресе білім адамгершіліктің бастауы болып тұлғаның рухани-интелектуалдық жағынан толысуына өлшеусіз жол ашты, әдептен озбайтын, ішкі потенциалы бай шәкірттерді молайтты. Бұлардың көпшілігі өмірлерінің ақырына дейін медресе ұрығын сепкен ізгілік пен адамгершіліктің қалпын сақтады. Бұған артында сөзі қалған, кейінгіге өнегесі мирас қазақ зиялыларының баршасының дерлік дүниетанымының бастау көзі – медресе болғаны дәлел бола алады. Абайша айтсақ:
Баламды медресеге біл деп бердім,
Шен алсын, қызмет қылсын деп бермедім.
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.



Читаю Ваш сайт уже 4 часа, все нравиться, но хочеться чтоб посты были чаще, а то все почти прочла уже! Настена