- Saturday, 6 12 2008, 3:00
- Жаңалықтар
- 710 рет қаралған
- Пікірлер саны: 2
Аудан ардагерлерінің жиналысында беймәлім діннің шырмауына түскендер батыл сыналды
Қазақстан демократиялық ел болғандықтан, діни сенім еркіндігі бар. Ал, осы еркіндікті теріс түсініп, қоғамға жат діни ұйымдар мен секталардың көбейіп кеткені жасырын емес. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған бұл ұйымдар шалғайдағы ауылға да жетті. Олардың әрекеті бұрынғы қалыптасқан халықтың діни әдет-ғұрпына қайшы. Қайтыс болған адамды жерлеу, еске алу, басқа жоралғысын жасауға қарсы. Бұл жөнінде «Қызылқоға» газетінде бірталай мақалалар жарық көрді. Алайда, соңғы кездері аудандағы аз ғана топтың пікір қайшылықтары асқынып барады. Әсіресе, аудан орталығы Миялы селосында ерекше белең алып тұр. Бұған село ардагерлері алаңдаушылық білдіруде.
Соған байланысты қазан айының 4-і күні аудан әкімшілігінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен жиналыс болды. Бұған аудан әкімі Ж.Рахметқалиев, аудандық мәслихат хатшысы Т.Бейсқали және мекеме, мектеп басшылары, ұстаздар ұжымы, ардагерлер қатысты. Жиналысты аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Б.Әжіғалиев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Бұдан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Роза Құрманғазиева аудандағы бүгінгі діни ахуал жөнінде хабарлама жасады.
Оның айтуынша, ауданда заңды тіркелген діни бірлестіктер мен ұйымдар жоқ. Соған қарамастан, халық арасында қалыптасқан діни әдет-ғұрыптарды жоққа шығарып, қоғамға қауіп туғызатын жат діни ағымдарды насихаттаушылар арамыздан табылып жүр. Оларға тосқауыл қою мақсатында ауданда 2 рет үлкен жиналыс өтті. Оған Атырау обылысының бас имамы Қазбек қажы Ахметов және Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері қатысты. Ауыл-селоларда дөңгелек үстел, кездесулер ұйымдастырылды. Теріс діни пікірді уағыздаушылар қатары Миялы селолық, Жанкелдин, Ойыл ауылдық округтері тұрғындары мен жасөспірімдер арасында белең алғаны байқалады. Жанкелдин селосында жат діннің құрығына түскен жасөспірімдердің ата-аналарымен кездесіп, арнайы түсінік жұмыстарын жүргізді. Осындай алынған шараға қарамастан, исламның діни нанымын бұрмалаушылар қатары азаймай отыр. Бұл Миялы селосының мешіт үйінде бой көрсетіп жүргеніне дәлелдер келтірді. Бас имам Мұрат Сұлтанов елді имандылық жолына үйретуге бетбұрыс жасамай отырғаны сыналды. Қайта мешіт үйі соңғы кездері кейбір діни көзқарасы теріс пиғылды адамдардың ордасына айналып бара жатқандығын атап көрсетті. Бұдан кейін пікір айтушыларға кезек берілді. Ашығын айтайық, сөйлеушілер ауданда соңғы кездері діни пікір қайшылықтардың мүлде шиеленісіп бара жатқандығын батыл айтты. Миялы селолық мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов қажының іс-әрекеті шектен шығып, халықтан қол үзіп жат діннің шырмауына түскен уахаббистердің сойылын соғып отырғаны айыпталды. Әрине, дін өте нәзік нәрсе. Оған баға беру қиын. Сондықтан, оның таңдауын халық талқысына беріп, сөйлеушілердің сөзін қысқаша түйіндеп жариялауды жөн деп таптық.
Жанкелді Рахметқалиев - аудан әкімі: - Аудан әкімі емес, Миялы селосының тұрғыны ретінде діни ахуал мені қатты толғандырады. Ел ішіндегі жалпы халықтың пікірі, көзқарасы ислам дініне дұрыс. Алайда бұлай екен деп жайбарақат отыра беруге болмайды. Мәселен, аудандық мекемелер шоғырланған Миялы селосында діни ахуал күннен-күнге нашарлап тұр. Біз оған рамазан айы, елдегі сайлау жұмыстары қатарлас келгесін араласа қойған жоқпыз. Бірақ осыны көріп отырған көпті көрген ағаларымыз, басқа да интелигенция өкілдері исламның діни нанымын бұрмалаушыларға тосқауыл қойып, ауызбірлік танытқан жоқ. Ал, олар біздің осы осал тұсымызды шебер пайдаланып, көз алдымызда ашықтан-ашық теріс әрекеттерін жүзеге асыруға жанталасып жүр.
Миялы селосында қайраткер ағамыз Н.Балғымбаев Қызылқоға халқын имандылыққа үйретсін, жақсылықтың ордасы болсын деп мешіт салып берді. Осы мешітке бас имам етіп Мұрат Сұлтановты Қоныстану селосынан алдыртқан мен. Мұраттың ата-анасын жақсы танимын, жұмыстас болдық. Бірақ, бас имамның жұмысы мүлде қожырап кетті. Қайтыс болған адамдардың жаназасын шығаруға болмайды. Садақаларға барып дұға етуден ат-тонын ала қашады. Халықпен байланысы мүлдем үзілді. Қайтқан адамдардың садақа рәсімдерін харам санайды. Ал, ел ішінде қайтыс болған адамдардың туыстары жаназасын шығаратын молда таба алмай, қиналып жүргені оның қаперіне кіріп шықпайды.
Мешіт үйінде қандай сорақылықтар болып жатқанын мен жақсы білемін. Жат ойлы тобырдың елді бүлдіріп, мешіт ішінде тайраңдатып қоюға жол бермеймін. Өйткені, тиісті заң шеңберінде бәрін тәртіпке келтіру міндетіміз. Өзге діннің шырмауына түсіп, алданған уахаббистердің баяғыдан атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрін жоққа шығаруға қақысы жоқ. Діни оқудың түбін түсіріп оқыған діндар бабаларымыз ақымақ болып, бар жоғы 4 ай оқып келген шала дүмшелер ақылды деу, тіпті көңілге қонымсыз нәрсе. «Аңқау елге арамза молда» деген осы. Сондықтан, бас имам М.Сұлтановтың ақылға сиымсыз, жат әрекеттері жөнінде мешіттің жоғары басшылығын шақырып, ауыстырамыз. Бас имам елді имандылыққа сүйрейтін тепловоз болуға тиіс.
Екіншіден, мешіт үйіне мектеп оқушыларының баруына болмайды. Ол үшін ата-анасының заң шеңберінде куәландырып, рұқсат берген қолхаты болуға тиіс. Жақында бір жас мұғалім тәрбие сағатын өткізем деп оқушыларды мешітке апарып, имамның алдына тізерлетіп отырғызып қойыпты. Сұмдық емес пе? Егерде ата-аналар балаларын рұқсатсыз мешітке апарғаны үшін заң орнына шағымданса, мұғалім үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Рамазан айында Сағыз селосында мешіт ашылды. Осы мешітке пітір-садақадан 715 мың теңге түскен. Сол қаржыны мешіт имамы жоқ-жұтаң адамдарға қайырымдылық көмек ретінде ұйымдастырды. Миялы мешітінде мұның бірі жоқ. Түскен қаржы қайда кетіп жатқаны белгісіз. Әрине, мен мемлекет қызметкерлерінің намаз оқуына қарсы емеспін. Бірақ, бәрі ақылға сиымды дұрыс болуын қалаймын. Ешкімге кесел келтіруге, қоғамды бүлдіруге жол жоқ. Аз ғана теріс ағымға түсіп жүрген тобыр халыққа топырақ шаша алмайды. Мұны олар да түсінуі, білуі тиіс. Сондықтан, бұл бағытта біз нақты шаралар аламыз.
Оңдасын Ағырапов – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің заңгері: - Жиналыс қоғамға өте қажет мәселені қарап отыр. Мұны қолдаймын. Қазақстандағы жүрген теріс пиғылдағы адамдардың зияны, оның қайдан келгенін, басқа елден қалай қуылғанын бізде халық көп біле бермейді. Осыны уахаббистер пайдаланып, елді теріс әрекетке итеріп жүр. Сондықтан, имам өзі таңдаған жолдан таймайтын, ислам дінін жетік білетін адам болғанын қалаймыз.
Сайпол Мұқанов – еңбек ардагері, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, «ҚР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қазметкер»: - Біз Кеңес тұсында оқып, тәрбие алдық. Дін жөнінде біліміміз таяз. Артық айтсақ, ол да күнә. Бірақ, Миялы селосында теріс пиғылдағы ағымдар жетегіне ерген аз ғана адамдар неге үстемдігін жүргізеді деген сұрақ туады. Бұған өзіміз кінәліміз. Ауданда 32 мың халық тұрады. Оның жартысын балалар құрайды. Ел ішінде 1000-ның үстінде ұстаздар қауымы, 6-7 мың мекеме қызметкерлері бар. Бұл үлкен күш емес пе? Мәселен, садақаларда, тағы басқа жерлерде әртүрлі теріс пиғылды әңгімелер айтылады. Жоғарыда аталған топ өкілдері теріс пікірдегілерге ұстанымы қисық екенін неге айтып түсіндірмейді? Аудан әкімі Жанкелді сияқты тойтарыс беруге шықпайды. Сондықтан, бұған бәріміз атсалысуымыз қажет. Соңғы кезде қайтыс болған адамды жөнелту қиындап барады. Бәрі табылғанмен, молда жоқ. Жақында селоның бір адамы қайтыс болды. Молданы ат шаптырып алыстан тапты. Барып, кілең шалдар жаназаға тұрдық. Келген молда: «өлген адамды жаназа оқығанда көтеріп тұрыңдар» деп қарап тұр. Мұны естіп жағамды ұстадым. Имам Мұрат туралы әңгіме болып жатыр. Бірде Мұраттан садақаға неге бармайсың деп сұрадым. Садақаға мал сойылады, қан шашырайды. Бізде ондай жерге бармайсың деген тәртіп бар деген жауап алдым. Имамның бұл әрекетін дұрыс деп бағаламаймын.
Мәлік Сүлейменов – аудандық мәслихат депутаты: - Имам жан-жақты, ғылымнан хабары мол, парасатты адам болуы керек. Ол дін жолында кейбір теріс ағымға ілесуші қияли топқа тоқтам айтып, жөн сілтейтін ауызы дуалы салиқалы пікір иесі болғаны жөн. Миялыдағы жағдай жанымызды ауыртады. Сондықтан, бұған тоқтам салатын кез жетті. Имам мәселесі орынды көтеріліп отыр.
Тасболат Таласбаев – еңбек ардагері, зейнеткер: - Біздің қазіргі өлікті жөнелтудегі әдет-ғұрып бала күннен көріп келе жатқан дәстүр. Сол дәстүрді бұзып,бәрін жоққа шығару дұрыс емес. Ақырғы сапарға құрмет көрсетіп шығарып салғанды теріске балау қазақ қағидасына жат нәрсе. Оны ел болып шектеу баршамыздың борышымыз. Теріс әрекетке тоқтам салғанды ардагерлер де қолдайды.
Толқын Бейсқали – аудандық мәслихат хатшысы: - Миялы селосындағы жағдай ушығып бара жатқасын ардагерлер бас қосып отыр. Осы жиналыстың алдында 4 ауданның имамы, әкімдермен сөйлестім. Жылыойлықтар қызылқоғалықтар мешіт үйіндегі оғаш қылықтарға неге алаңдамай жүр екен деп ойлайды екен. Біздегі діни теріс әрекетті олар да естіп, біліп отыр. Басқа аудандардың имамы жаназасын шығарып, қажет жағдайда митинг жасауға да қарсылық білдірмейді екен. Имамдары халықпен бірге жүреді. Ал, біздің имамның іс-әрекеті бұған мүлде қайшы. Олардың оқығаны басқа, біздің имамды басқа деп ойлайсың. Ардагерлердің бұған тиым салу жөніндегі алаңдаушылық білдіруі дұрыс. Қалай болғанда да елге дұрыс бағыт-бағдар беретін имам қажет.
Құмар Хасан – Х. Досмұхамедов атындағы орта мектебінің директоры: - Дін мен мектеп екі ұғым. Ешкім дін жолын ұстауға қарсы емес. Бірақ, әуелі оқушы тек мектептен білім алуға тиіс. Жасы 18-ге толғасын таңдау өзінікі. Сондықтан, оқушылардың дұрыс жүруіне зерттеу жүргізіп, бақылап отырмыз. Жат дін жетегіне еріп, мәлініп киім киіп жүрген оқушылармен де түсінік жүргіздік. Осыны естіген имам Хасановқа бірдеңе көрінер депті. Осы дұрыс па? Имамды ауыстырған дұрыс. Халықтың төзімімен ойнауға болмайды.
Альберт Аққайнанов – аудан әкімі аппаратының басшысы: - Миялы селосы мешіт үйінде жат әрекетке уағыздайтын уахаббистердің бой көрсетіп, жиналатын орынына айналғаны жасырын емес. Олардан аулақ жүру жөнінде имамға Қазбек қажының өзі айтты. Кезінде М.Сұлтанов Қазбек қажының көзінше исламның ақ жолынан таймайтынын айтып сендірді. Нәтиже жоқ. Қайтадан қалыбына барды. Жаназа оқуға денсаулығы көтермесе, ізбасар дайындап жіберіп отыруға ел қарсы емес. Мұның бірі орындалған жоқ. Мешіт үйіне белгілі бір адамдар ғана баратыны белгілі болып отыр. Ол адамдар арасында бұрын Атырау қаласындағы Жұмыскер поселкесіндегі мешітте «Дарус-Салам» діни бірлестігінің мүшесі болғандар бар. Құқық қорғау органдарының араласуымен мешіт ғимараты мұсылмандар қауымдастығына берілді. Ондағы «уахаббизм» ағымын ұстаушылар белгілі бір жағдайда адамды өлтіруге рұқсат етілген уағыздар жүргізгені белгілі болып, талқандалды. Олар өздерін діндермен бүркемелеп, адамдарды теріс ағымдарға жетелейді. Қоғамға өте қауіпті. Сондықтан, ислам шариғатының әділ жолымен жүретін, елдің ауыртпалығын көтеретін имам болғанын қалаймыз.
Жиналыста шығып сөйлеушілер ел ішіне іріткі салып жүргендердің әрекетін батыл айыптады. Соған байланысты мешіт үйіндегі келеңсіз, қоғамға қауіпті діни ағымнан сақтану шараларын жүргізу және мешіттің жоғарғы басшылығын шақырып, имамды ауыстыру жөнінде қаулы алды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Дерек көзі: Атырау облысы, Қызылқоға ауданының «Қызылқоға» қоғамдық-саяси газеті,
№ 42(393), 16 қазан, 2008 жыл, 6-7 беттер.



Мынау деген сұмдық қой? Дін істері Комитеті қайда қарап отыр? Қызық. Уаххабистер неге батысқа құмар. Жоспарлары бар-ау! Қызылқоғадан айрылып қала жаздаптық қой, жерлестер!
Макала оте озекти маселени талкылаган.Бул казыргы казак когамындагы оте курдели такырып болып отыр. Ең өкініштісі, дер кезінде колга алмай асыкындырып алатынымызда.