ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде Базар жырау Оңдасұлының (Өтемісов) әдебиетімізде, руханиятымызда өз орны бар. Оның жүрегінен шыққан толғау-жырлар Сыр бойынан бастап Еділ, Жайық, Үстірт, Қарақалпақ өңірлеріне белгілі болған. 
Өткен ғасырдың екінші жартысы мен үстіміздегі ғасырдың басында Сыр бойында жасаған Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Ешнияз, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сияқты ақын-жыраулар өлең өлкесінде Базарды өздеріне ұстаз тұтқан.
Базардың жырлары Сыр жеріндегі сүлейлер салып кеткен соқпақты жаңаша түрлендіреді, тыңдаушы жұрттың санасын сергітіп, сәуле құяды. Жаратқан Алланың бұйрығына мойынсұнып, соған тәуекел етсе ғана істің оңға басатынын жария етеді. Дүниені құдіретімен жаратып, барша жаратылысты өзінің жарылқаушы сипатының аясында көктетіп отырған Құдайға шүкірлік етеді.
Сопылық іліммен таныстығы оның әсіресе әулиелер туралы, Ғайып ерен, қырық шілтен жайлы жыр жолдарынан көрінеді. Сонымен қатар оның жүрек тазалығын бәрінен жоғары қоятындығын айта кеткен жөн. Алланың алдында шын ықыласпен еңіреп тұрып, дұға қылудың қадірі бар екендігін жырау:
Хақ дегенде еңіреніп.
Ғайып ерен, қырық шілтен
Шылауында екен олардың,
Жұмыла әулие күңіреніп, - деу арқылы білдіреді. Сонымен қатар дүниенің жалған екендігін айта отырып, Баба түкті шашты Әзиз, Сейтпенбет сияқты әулиелерді еске ала кетеді. Оның жырлары қазақ руханиятына қосылған үлкен қазына.
Базар жыраудың жыр-толғаулары қазіргі кезде жиі айтылып жүр. Мәселен, жыраудың алғашқы жыр жинағын құрастырып, баспадан шығарған термеші Шәрібек Алдашев оның толғауларын халық арасына кең насихаттауда.

Сөйле, тілім, жалпыдан

Ғаламға мәлім аттары
Ертеде өткен ерлер көп
Тақ шыққан талай талқыдан.
Ғали Сина, Фирдауси,
Орасан озық білгірлер,
Шыққан дейді тәжік, парсыдан.
Әбунасыр, Науайы,
Шығыпты айрықша ғалымдар
Өзбек пен қазақ халқынан.
Хафиз, Жәми, Мақтымқұл,
Деп айтад шыққан сөзге дүр.
Солардан шыққан соңғыға
Үлгілі өрнек, нұсқа бар.
Әр жұрттың сана-салтынан.
Ұстаған жолын олардың
Дәріпті дәлуар аз емес,
Жалғаса шыққан артынан.
Беттетпей жанды кезінде,
Қастасқан жауын күйзелтіп,
Жандырған өрттей шарпыған.
Жанға жайлы жақсы сөз
Татаусыз таза тыңдауға
Жауқазындай аршыған.
Ажарсыз сөздің әсері
Кеуліне көптің қонымсыз
Киіздей шала қарпыған.
Қолайлы кеңес айтылса,
Түсінген тыңдап нәр алар.
Сөйленген сөздің парқынан.
Білгірсіп жұртқа жөн сілтер
Дін бұзған кейбір дүмшелер.
Келгендей кеулі ғаршыдан.
Аңқау елге арамза,
Молда боп жүрген сұмдар көп
Бейхабар шама-шарқынан
Барлығын білем дейтұғын,
Аз емес әуре-сарсаңда,
Құр босқа кеулі талпынған.
Ғалымдар айтқан нұсқа бар,
Асылына тартар әр нәрсе,
Өзгермейді деген қалпынан [11, 31].

Дүниені қудым

Дүниені қудым екіленіп,
Ұстамаққа кезеніп.
Дүние қырын салмады,
Ешбір маған еміреніп,
«Құлпырған қара құндыз» деп,
Тұңғиыққа, тереңге –
Талай құлаш сермедік!
Жалғаншыға келген соң,
Шартарапқа толқыды,
Көңіл мұндар желденіп.
Дүние қызық көрінді
Алтайыдай алдымда
Соқпаққа көрдім серменіп,
Кейбір күндер ыңыранып,
Қайрат сыймай қанаға,
Нар бурадай көлбедік,
Опасы жоқ бұл дүние,
Түспеді қолға, қуғанмен,
Неше алуан түрленіп.
Өткіздік өмір қапылатпен
Атаңа нәлет дүниенің
Алдағанын шын көріп.
Дүниенің әлегі
Қалды көңіл кірленіп.
Талма тал түс болғанда,
Талықсығанға ұқсаймыз.
Дүние – киік, адам – ит,
Қуа-қуа ізденіп,
Жас толығып, күш қайтып,
Дүниенің біліп жеткізбесін.
Енді отырмын бірленіп.
Азаттыққа – қару жоқ.
Қарусыз жауға бару жоқ.
Осы күні біз тұрмыз,
Саңылау таппай кезденіп,
Бізден бұрын өтіпті,
Екі етегін түрініп,
Иманын тілеп жүгірген.
Хақ дегенде еңіреніп.
Ғайып ерен, қырық шілтен
Шылауында екен олардың,
Жұмыла әулие күңіреніп,
Бұл күндегі пенденің
Ниеті жолдас өзіне
Оны әулиеден көрмелік.
Шын тілесе әулие
Демес еді: «бермелік»
Бұрынғы өткен ерлердің
Еске түссе істері,
Іш толады шерленіп.
Көңіл жосып сайраса,
Көкірек қабы тарылып,
Ретімен шығарған
Сөз сыймайды кернеліп.

* * *

Жасаған өзі жарылқап,
Жер жарылып көктейді.
Берейін десе жігітке,
Талабын Құдай ептейді.
Азамат ерден қол үзбе,
Күндердің күні болғанда,
Басыңа қиын іс түссе,
Қайырылмай саған кетпейді.
Арғымақтың баласы –
Мойны жалсыз болса да,
Қараны көрсе өктейді [11, 41].

Қимылдап қал, қызыл тіл!

Он сегіз мың ғаламнан,
Біз бір пенде Адамнан.
Неше дүркін ел өтті
Содан бергі заманнан.
Жетсе тағдыр аумайды –
Өлшеулі өмір қадамнан.
Сайраған тілім сап болар,
Санаулы күнім таусылса.
Аузымдағы жаланған.
Сол барында сөйлейін
Жан-жағыма назар сап,
Жұмылмай көзім қаранған.
Қарындастар, қашыңдар
Нәпсіңді тыйып арамнан.
Тағдырыңнан тілеңіз:
«Несіп бер, - деп, - адалдан».
Атамыз Адам пайғамбар
Он сегіз мың әлемнің -
Абзалы боп жаралған.
Ұлықтығы мұншама –
Құдайым әмір еткен соң,
Періште күллі қамалған.
Әзәзіл қалған айрылып,
«Нәсілім - от» деп о жолдан.
Құдіреті күшті құданың
Тағдырына шара не?
Дос болған соң әзелден?
Әмірді тәрік еттің деп,
Құдірет мұны шам алған.
Нұсқасыз сөзім жоқ еді,
Қарасаң молда, тәліптер,
Осы сөзім ғазалдан.
Сөйлеріне келгенде,
Судағы қара сүліктей,
Қызыл тілім қадалған.
Шабарына келгенде,
Қашаған қуған жүйріктей,
Оңды-теріс оралған.
Озарына келгенде,
Түрікпен соққан мылтықтың –
Толқыған шойын оғындай,
Қарадан шығып жоғалған [11, 58].

Сұм дүние

Мына шолақ дүниеден
Әулие өлмес дер едім:
Отқа салса күймеген;
Залымдықтың өмірі –
Бір шарпуы тимеген,
Арамды көңіл сүймеген;
Дін мұсылман баласын –
Кереметпен билеген;
Саһар тұрып жылаған,
Хақтан медет сұраған,
Ол ерлердің тағаты –
Құдайына ұнаған;
Бабай түкті шашты Әзиз,
Ер Сейтпенбет, Мағзамнан,
Марал ишан, софы Әзиз –
Солардан да өткен сұм дүние!

* * *

Нар көтерер жүк болды
Бұлтқа кіріп тұрғандай,
Төбеден ауып күн мен ай.
Ысқақ мырза аттанды
Он сегізде жасында-ай…
Аюбтың көзі көр болды,
Күйініп ашу дертіне.
Жүсіптің көңілі шат болды,
Сұлулық шырай көркіне.
Ақыры құл боп сатылды,
Ол Мысырдың кентіне.
Басы жұмыр пендесін
Жібермес тағдыр еркіне.
Лұқпан да айла тапқан жоқ –
Ажалды құлдың дертіне.

Хан мақтанар жұрты бар,
Пір мақтанар мүрті бар.
Дүние қашқан алтайы
Көрсе көздің құрты бар.
Ғалымдардың қолында –
Арабы, парсы, түркі бар.
Ер есейсе ел сүйер –
Ел тілеуін ер тілер.
Атамыз қазақ ғұрпы бар.
Туысыңның кемі жоқ,
Берік қақпалы шаһардай
Дарбазалы құлпы бар.
Бір адамның сұлыбынан
Өзіндей-ақ ұл туар.
Елді аузына қаратқан,
Алдынан топты таратқан,
Қарадос пенен Сансызбай,
Атаңыз да өткен Күнтуар.
Хақ нұрынан жаралған,
Сақтап өзін арамнан.
Ағайын, туған, халқына,
Жол көрсеткен адалдан.
Ақтық досы Мұстапа
Олар да көшкен дүниеден .

Пікір жазу

© 2010 “Ясауи” вокалды тобы .
E-mail: yassaui@mail.ru   . Web-cайт жасау, техникалық қолдау: "Қаламгер ТЕН" ЖШС .