Ерімбет Көлдейбекұлы Сыр өңірінде дүниеге келген танымал шайырлардың бірі. Оның өз жанынан жыр-толғаулар шығарып, халықтың жадында қалуына сол кездегі Сырдағы шайырлар шоғыры ықпал етсе, екінші жағынан, жастайынан өзі ынтық болған рухани ілім. Ерімбет ауыл молдасынан хат таныған, бірақ әрі қарай оқып, алысқа шығуына кедейлігі кедергі келтіреді. Сонда да үйінен шығып кетіп, Қызылқұм арқылы Хиуа қаласына жетіп, сонда медресенің қызметінде жүріп, арабша толық хат таниды. Құран оқи алатын дәрежеге жетеді. Ынтасымен күні-түні жатып оқып жатқан басқа шәкірттерден кем түспей, барынша талаптанып, олардан зейіні артық екендігін көрсетеді. Шығыс шайырларының жыр-ғазалдарымен танысып, соларды жаттап айтатын дәрежеге жетеді. Кейіннен шығарған өз жырларында елге насихат, уағыз айтып, пайғамбарлар мен әулиелер өмірін ғибрат етеді. Ерімбет жырлары мұрағаттарда сақталып, сол арқылы біздерге жетіп отыр.

Жалғанның түбін ойлап, күтініңдер

Сөзіме құлағың сал, ей, жарандар!
Бұл шөлмек қырық күн сынбас, бір күн сынар.
Алланың аманатын берген күні,
Таңдайым тарса кеуіп, тілім тынар!
Осындай қиялменен сөз толғасам,
Кеуілден кетіп қайғы, тарқар құмар.
Әй, кеулім, әр қиялға қаша берме,
Деген сөз: «Шала жазған бітпей қалар».
Асығып, албырама, кеуіл шәһім,
Аузыңа жақсы сөзді Құдай салар.
Айтушы – тыңдаушының қызметкері,
Қандай сөз толғап айтқан халыққа жарар?
Өлген соң ерден – нышан, бектен – белгі,
Жақсыдан халық көретін нұсқа қалар.
Өлімді бес уақыт жад етіңіз,
Қай жақта отыз үш мың сахабалар?
«Кәрі өіп, жас қалады» дей көрмеңіз,
Жер, Көкте жанды мақұлық бәрін де алар.
Сафиге Хауа-ананы етіп жұпты,
Бір еркек, бір ұрғашы жаралдыңдар.
Деген бір жарлық болды құдіреттен:
«Жай беріп, тәрбияпен тербетіңдер!»
Ғибрат ал, ақылың болса, көз жіберіп,
Жалғанның түбін ойлап күтініңдер!

Бір тоқтың, халыққа мирас, зарын тартпақ!

Төрт адам пайда тапқан жоқ толықтықтан,
Бірі - Әзәзіл «Ғалыммын!» деп жолдан шыққан.
Екінші – Харун, малдан пайда еткен жоқ,
Тауратқа Мұсадағы қарсылықтан.
Үшінші – Пірғауын өткен «Тәңірмін!» деп,
Ол да пайда қылған жоқ мықтылықтан.
Төртінші – Аплатон ақылы кәмбіл,
Көп ақыл, пайда бермейді, ойдан шыққан!
Ойласаң, «Ғалым мен!» дер Әзәзіл бар,
Харуннан кімнің малы артық шыққан?!
Пірғауын мықтылықтан болды қандай,
Аплатонды ақыл бұзды құлшылықтан?!
Ей, Алла, құл тілегін еткін қабыл,
Олардай күпір қылмағайсың жолдан шыққан?!
Төрт адам: бірі - Әзәзіл, бірі – Харун,
Парқ етпей, мағұрып болған, әмір барын.
Пірғауын, Аплатон және екеуі,
Білмеді мағұрыплықтан не қыларын.
Ақырында төртеуіне аят келді,
«Алды, - деп, - Аллатағала қаһарларын».
Көп болса қаді-қибат, қатсы-нағымат,
Бір тоқтың, халыққа мирас, тартпақ зарын!

Халық болды барша адам осы төрттен

Сөйлейін тағырипыңды, ей, Меһрибан,
Разы бұл пәниде барша саған!
Ғаламның он сегіз мың алт мыңы,
Деген бар: «Бар есімге ортақ күллі хайуан».
Алты мың хайуанат деп айтылған соң,
Ғаламға кеттік тарап неше майдан.
Шақырса «Күллі хайуан!» деп қосыламыз,
«Болдың, - деп, қосты хайуанға, - жалқақтан жан».
Әр мақұлықтың суреті, парқы басқа,
Асылымыз бір болса да хатира судан.
«Алты мың хайуанат» деп айтылған соң,
Атандық бір парасы «күллі инсан».
Адам деп ат қойылды барша инсанға,
Тағы бір есімі мирас туса анадан.
«Адамның төрт негізі төртеу: - деп сөйлейді, -
Жел, топырақ және, - дейді, - от пен судан».
Халық болды барша адам осы төрттен,
Бөлінді төрт есімімен мақұлық аттан.
Жаралды Кеп пен Нұннан мұнша ғалам,
Байлаусыз, я тіреусіз Жер мен Аспан.
Бұл дүния алты күнде болды тамам,
Жаһанға шамен қамар етті раушан.
Адамды топырақтан сурет етіп,
Төбеден сол заматта жүгіртті жан.
Атасыз туды Иса, анасыз Шыш,
Айлады Мұстафаны өз нұрынан.
Кәпірден Намұрат пен Шүддәт өтті,
Асилық дәрежелі, кеуілі наһан.
Оликүн болмады һул, Нухы аяғы,
Мүшкіл ғып тау мен тасты тұтты топан.

Мұнан соң Нұх пайғамбар болған бінә,
Неше ерлер дүниеге келген және.
Өмірі һақтың еткен осылай деп,
Мағұрып пен Мәшүріпке еткен сада.
Елу жыл Нух пайғамбар дінге тартты,
Жауыздар берді қорлық, тәні жара.
Халилды Намұрат отқа көндіргенде,
Күймеді, түрлі қылық етті, қара!

Ер міндеті

Парыз бен уәжип, сүннет – ер міндеті,
Иманның, боржа келсе, көп құрметі.
Мағынасы төрт кітаптың, мәшһүр болып,
Құранның келді бізге сүре, аяты.
Айлады Халил үшін отты гүлзар,
Сақтады, етпеді кәр, қалың өрті.
Он жеті жыл құрт жесе де, тимеді қаш,
Аюптың тапты сабыр жамал еті.
Еш пенде біліп болмайды пәни халды,
Тең болған күллі ғаламға құдіреті!

Жадыңа, ислам халқы, неге алмайсың?!

Бұл дүния сені алмаса, сен алмайсың,
Ол жайға кетсең, қайтып келе алмайсың.
«Құдай бір, құран шын!» деп илансаңыз,
Шыққанша жан кеудеден шек алмайсың.
Қиын іс Құдайыңа құл атанбақ,
Мың таяқ ұрса біреу кек алмайсың.
Жасыңнан дінге мейлі болмақты ойла,
Қартайсаң һаққа құлдық ете алмайсың.
Әскерің – ақыл, айлаң көп болса да,
Әрдайым ақыл жеңер, сен жеңе алмайсың.
Көңліңнен һақ жадына ашсаң ұя,
Қапылатта ғапыл ұйықтап жата алмайсың.
Болғанда өлім – орақ, пенде – егін,
Бір егіп орса, қайтып еге алмайсың.
Қырманды қызылдаған үлескендей,
Жайың бар бір-ақ нәубет, екі алмайсың.
Өзіңнен өзге жанның құлындай бол,
Абыройдан екі жайда да құр қалмайсың!
Көңіліңді көтере алмай жүрме жасып,
Белдер бар асу-асу, дем алмайсың.
Адамға ажал оңай, көшірер бір күн,
Мұны жадыңа, ислам халқы, неге алмайсың?!
Көп айттым «азығы» жоқ ақымақтарға,
«Жол ұзақ, азығың жоқ, - деп, - жете алмайсың!»

Болады пәни дүния кімге жолдас?!

Сөз толға, қызыл тілім, хикаяттан,
Тіліме жәрдем болғай жаппар һақтан.
Екінші Һән хазірет болса медет,
Шаһарияр төртеуі һәм Шаһимардан.
Яссауи Қожа Ахмет ер түркістанда,
Бұхара зүриятынан ер Палуан!
Ашылған Хиуада дін Хорезм,
Халилдің міндетінде дін мұсылман.
Жер үстін кәпір алып кетсе-дағы,
Дін аумай келе жатыр бұлжымастан.
Бұрынғы өткендерді еттім бір сөз,
Бұл сөзді нағыз мүртет тыңдамаған.
Бастығы һән хазірет – аты Мұрсал,
Меккені бөлген екен Мәдинадан.
Ең соңы болса-дағы пайғамбардың,
Жан бұрын үшеуінен жаралмаған.
Абзал сөз: «Пайғамбардың қауымы дара»,
Кітапта, азғырылыпты көңілі жаман.
Ақтығын ислам дінінің білгеннен соң,
Барыпты құрт-құмырсқа, бақа-шаян.
Құдіретпен бір қауызға сыйғызып тұр,
Пенденің не мінезі Аллаға аян!
Арасат майданында тергелерміз,
Өткен соң бұл опасыз жалғаншыдан.
Ысырат жаһаннамды көріп қатты,
Зар жылап, тартар пенде аһінағын.
Үстінен қылыштың тез жүргізеді,
Айтады: «Асты от, - деп, - алаулаған!»
Құдайға қылған ісі жаққан пенде,
Жалт етіп жылдам өтеді найзағайдан.
Өтеді қапы пенде тая-тая,
Өте алмай көпшілігі зар жылаған.
Жаралған мақұлықаттың бәрін жиып,
Күзерге періштелер қамалаған.
Пайғамбар жүз жиырма төрт мың жаралса да,
Пайдасы артылмаған өз басынан.
Әркім-ақ бір басының қамын ойлап,
Айрылар күн болады жолдасынан.
Қызығын жалғаншының көріп-көріп,
Шырқырап тартар күйік бір шыбын жан.
Деп айтар Ібраһим халиолла:
«Құдірет, өткізе гөр өзімді аман?!
Оңаша ал өз деміңмен пәруардігер,
Пайда жоқ жалғыз ұлым Смағұлдан.
Жамандық үмметіңе қылма, Жаппар?!»
Деп жылар, сауал қойсаң Мұстафадан.
Аржаққа ақ пайғамбар туын тігіп,
Айқайлар: «Үмметім, - деп, - дін мұсылман!»
Пейіштің миуасынан татар едік,
Күзерден аман өтсек бұл қысылған.
Фазылыңмен «иррахман рахим» ойлап,
Жіберсең қиын емес өзің, сұлтан!
Анадан тумақ рас, өлмек рас,
Бұл өлім бұрынғыдан қалған мирас.
Көңілді әр тарапқа қашыртсаң да,
Ажалдан құтыларға айла болмас.
Ат берген бұл жалғанда дарыл пана,
Пананы ойлап тұрсаң асылы уажас.
Асиян неше жылғы еткен күнәң,
Өлген соң ақіретте пайда қылмас.
Мысалы, адам – егін, өлім – орақ,
Орады қуы-жасын бірге аралас.
Дүнияға келген адам көшіп жатыр,
Керуендей кіре салған жалғас-жалғас.
Кесуін қайсы күні біле алмаймыз,
Әкім тұр шабайын деп қолында алмас.
Өлімге айла етіп қала алмайсың,
Санаулы дағдырдағы бітсе напас.
Қыстаудан көшкен елдей жөнелерміз,
От жағып екі жаққа «Алас! Алас!»
Тура жол, қисық жолға салмақ үшін,
Пейіште шайтан менен бізге талас.
Қылады осуасы адамзатты,
Азғырып тура жолдан лаһин ханнас.
Қорқамыз қияметтің азабынан,
«Құтылар күн бар ма, - деп, - болып қалас?!»
Жүрсең де өлмеймін деп бұл дүнияден,
Өтерсің нәубетпенен, ая, қандас!
Абзалы пайғамбардың ақ Мұстафа,
Атамыз бәріміздің сақаба Әнес.
Тұтасы, сол әзиздің бәрі кетті,
Болады дүния пәни, кімге жолдас?!
Жыларсың мұқыл болсаң ақіретте,
Мақшарда зауқы әшірет айтып болмас.
Мысалы, жалғаншының ойлағанға,
Саудаға өтпей қалған бір прос тас!

Қусаң да бұл дүнияның опасы жоқ

Дәме – арам, жайма қолыңды ешбір жанға,
Әдет қыл бес намаз деп шақырғанға.
Қырда қой, суда сазан мысалдас бұл,
Салқылық бір жарасқан мұсылманға.
«Көш!» десе керуен сағат қарайламайды,
Қадірлі, бас қоссаң да би мен ханға.
Қусаң да бұл дүнияның опасы жоқ,
Көңлім-ай, ақылың болса нанба, нанба!

Танымайсың ба асылыңды?!

Әуелі адам жаралды,
Топырақтың күшінен.
Екінші Хауа жаралды,
Адамның ішкі күшінен.
Ей, жамиғы халайық,
Танымайсың ба асылыңды.
Әр мақұлықтың түсінен?!
Кіргізіп пейіш шығарды,
Соған менің ақылым қайран,
Түрлі дал – құдіреттің ісінен!

Бел байлап, тәуекелге, қойдым қалам!

Халық болған әуелі Алам, соң Хауа ана.
Топырақтан сурет әйлап, қылған бінә.
Ғайыптың Меккеменен ортасында.
Уәһнада көп тұрғызды Һақтағала.
Тебіреніп суретіне жан кірген соң,
Жебірейіл тағылым берді «Айт, деп, - сәна!»
Алһамды оқып һаққа, орныңнан тұр.
Пейішке пәрман қылды «Кір!» деп жәна.
Хауаны сол тараптан жаратқан соң.
Жебірейіл некесін қиды жұптың, әна!
Ей, Алла, құлыңа сенен ағузыбилла,
Есепте қырық мың жылдық бір биисмилла!
Бел байлап тәуекелге, қойдым қалам,
Жаралған бұл ісімен Кәламулла!
Жаратқан, есімің жария қылып тұрмын.
Мың тоғыз жүз онға толды рухулла.

Пікір жазу

© 2010 “Ясауи” вокалды тобы .
E-mail: yassaui@mail.ru   . Web-cайт жасау, техникалық қолдау: "Қаламгер ТЕН" ЖШС .