- Thursday, 26 03 2009, 21:32
- Мақалалар
- 1,454 рет қаралған
- Пікір жазылмаған
Бүгінгі XXI ғасырдың биігінен қарап тұрып, дүние жүзі бойынша енді ғана ақыл қаруы ретінде қолға алына бастаған жүйелік концепцияның өткен ғасырдың басында тіршілік кешкен Шәкәрім Құдайбердіұлының танымында болғанына таң қалмасқа шараң жоқ. Бір анық нәрсе – бүгінгі жүйелік дүниетанымның планеталық масштабтағы биосфера мен социумның глобалдық мәселелерінен өсіп шыққаны. Ол өмірдің барлық салаларында қолданылуда. Мәселен, қарапайым ғана менеджмент пен денсаулық сақтау мекемелерінде дұрыс шешім қабылдап, нәтижелі диагностикаға қол жеткізу үшін ситуацияға тұтастай, жан-жақты қамтып қараудың қажеттілігі күннен күнге артып келеді. Үлкенді-кішілі осындай қаншама үрдіс өз кезегінде жүйелік танымға ауыр салмақ салады. Қазіргі кезде жүйе түсінігі бұрынғыға қарағанда терең зерттелуде.
Бірақ бұдан жүйе ұғымы бұрын назардан тыс қалып келген екен деген ой туындамауы керек. Жүйе ұғымы сәбиліктен әлдеқашан өтіп, өзіндік терминдері мен ережелері бар дербес, ересек бағытқа айналу үстінде. Қалай десек те, бүгінгі таңдағы озық ғылым әртүрлі обьектілер мен қилы құбылыстарға тұңғиығынан бойлай алу мақсатында өзіндік тиімді әдіс-тәсілдерін қалыптастырып үлгерді. Жүйе түсінігі де өз кезегінде сол эффектілі тәсілдің бірі [1]. Жалпы жүйелік әдістің мәнін қапысыз түсінем деген жан оны басқа да танымдық тәсілдірмен салыстырып қана тани алады. Біз Шәкәрім Құдайбердіұлының жүйелік түсінікке негізделген шығармашылығына сонда ғана алаңсыз аяқ басатын боламыз.
Сонымен, Гегельдің диалетикалық үштік концепциясына сүйенер болсақ, бүтіннің болмысы бірін-бірі алмастыра алатын үш білім деңгейі арқылы толықтай, егжей-тегжейлі қамтылады.
Біріншісі, тұрмыстық тәжірибе мен нысананы біртұтас түсінетін интуитивтік деңгей. Осы әдістің тарихының тамырлылығы сондай, оның негізінде эзотериялық дәстүр мен шығыстың мыңжылдық даналығы жатыр: «Мен мына ағаштың сыртқы формасына қарап-ақ, оның ішкі ахуалын сезіп тұрмын» немесе «Мен оның көзіне тік қарадым да, кім екенін бірден таныдым» деп келетін сөздер айтушының интуитивтік қырының мықты жетілгенін көрсетеді. Күнделікті тіршілікте мұндай сезімталдықтың кең таралғанын байқауға болады. Соның көмегімен халық емшілері, атақты хирургтар ем-дом жасайды. Дегенмен интуитивтік таным жекелеген адамдардың дарынына байлаулы.
Екіншісі, Қайта Өрлеу дәуірінің жемісі болып табылатын аналитикалық деңгей, бүтінді бөлшектеу стратегиясы арқылы интуитивтік тәсілге антитезис, яки оны жоққа шығарушы ретінде көрініс береді. Декарттың: «Мен шеше алмайтын мәселе жоқ. Егер әлдеқандай күрмеуі қиыны кезігіп жатқандай болса, онда мен оны қақ бөліп, әрқайсысын жеке-жеке шешуге тырысам. Ал, олардың өзі шешуге бой алдырмай жатса, мен тағы да оны бөліп тастаймын, осылайша қашан шешіліп біткенше, бөлшектеумен боламын» деген атақты сөзін тарих қанатты тіркеске айналдырды. Аналитикалық тәсіл бүтіннің құрылымын анықтау үшін оны құрайтын жекелеген бөлшектердің құрылыс ерекшеліктерін зерттеуге алады, әр қырынан қарастырады, сөйтеді де жалпы қорытынды жасайды. Бірақ бүгіннің заманауи ғалымдары аналитиканың өзінен кінәрат тауып отыр. Олар «аналитикалық әдіс әр бөлікті жеке-жеке қараймын деп, сол бөлшектердің арасындағы байланысты ұмыт қалдырады» деп жаңа заманның, яғни үшінші – жаңа сападағы ойлау жүйесіндегі деңгейге сілтемелер беруде.
Бұл – әрине, жүйелік әдіс. Жүйелік әдістің мәні интуитивтік һәм аналитикалық тәсілдердің синтезі болуынан көрінеді, бір сөзбен айтқанда, гибрид әдіс. Жүйелік әдістің басты ерекшелігі сол, ол аналитикалық әдіс секілді бөлшектердің қасиетін бүтіннің қасиеті ретінде беруден қашады, бірақ аналитиканың «ішкі құрылымға құмар, бөлшектеп қарағыш» жақсы жағын алудан да тартынбайды [1].
Бұл тұрғыдан алғанда, Шәкәрім Құдайбердіұлы сонау ғылым-білім әлсіз дамыған уақыттың өзінде аталмыш үш призмалық көзқарасты пайдаланғанын көреміз. Дәлірегі, дүниенің бірлігін жүйе арқылы танытуға талпынғанын байқаймыз. Ал, жүйе дегеніміздің өзі – жүйе бөлшектерінің өзара әсерлесіп әрекеттесуі нәтижесінде пайда болып, біртұтас бүтін бірлік ретінде тіршілік жасап функкциялар атқаратын құрылым. Олай болса, Шәкәрім Құдайбердіұлының сау ақылына құрал болған жүйелік ойлау ең алдымен бүтін мен оның бөліктеріне, ол бөліктердің өзара байланысына қатысты пайдаланылған. Бұл сөзімізге дәлел ретінде қолмен қойғандай, көзбен көргендей жүйе туралы әңгімелейтін әулие ғұламаның «Ей жастар! Қалай дейсің бұл дүние?!» атты сыр сөзін келтіруге болады:
Ей жастар! Қалай дейсің бұл дүние,
Мұны бүйтіп жаратқан қандай кие?
Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шығар бар ма жүйе?
Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ,
Тәртібі таң қаларлық зор мәшине.
Алыстан іздемей ақ ойласаңыз,
Көру үшін жаралған көзіңіз де [2, 100].
Міне, тап осы жолдардан жүйені ашықтайтын ұғымдарды көреміз. Жүйе:
Өзара байланысты бөліктері бір бүтін ретінде қызмет атқарады. Ішіндегі әлдебір бөлшегін алса, яки қосса өзгеріске түседі. Жүйені екіге қақ бөлсеңіз сіз екі кішкентай жүйе емес, бұзылған, нақтырақ айтсақ, қызмет етпейтін жүйелерге ие боласыз. Кешендік құрылысы мен бөлшектердің орналасу тәртібі үлкен маңызға ие. Бөлшектері өзара байланысты және де бірлесіп жұмыс істейді. Олардың мінез-құлқы құрылысқа байланысты. Құрылысы өзгерген жағдайда оның мінез-құлқы да өзгереді.
Жүйесіздік:
Бөлім-бөлім болып жатқан бөлшектердің жай жиынтығы. Негізгі қасиеттері бір нәрсесін алып, яки бірнәрсе қосса да еш өзгермейді. Екіге бөлсеңіз екі үлкен құр жиынтықтарға ие боласыздар. Бөлшектердің орналасу тәртібінің маңызы жоқ. Бөлшектер өзара байланыспаған. Сондықтан да жеке жеке қызмет ете алады.
Олардың мінез-құлқы (егер болса..) жиынтықты құраушы заттың көлемі мен санына байланысты.
Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлының айтып тұрғаны осынау жүйелік дүниенің тектен-текке, өз-өзінен пайда болмағаны, қайсыбір пәншілдер дәлелдеп жазғандай білімсіз, мақсұтсыздан шықпағаны. Олардың жалған тәліміне еріп, солай дер болсақ, атақты түрік ғалымы Харун Яхья айтпақшы, әлдебір мультфилм кейіпкері тәрізді «Мені құрастырған сызықтар қалам ұшы қағазға кездейсоқ тиіп, ал бояулар қағазға төгілгеннен пайда болды» [3] дегенге есеп болады. Яғни, бұл Леонарда да Винчидің даңққа бөленген шедевр туындысы «Мона Лизаны» кенеп қапқа бояулардың төгілуінен кездейсоқ салынып шықты дегенмен бірдей. Біз оны тудырған ұлы суретші екенін білеміз ғой. Ендеше осынау кенеуісіз де кең, шетсіз шексіз әлемді еш құдіретсіз өз-өзінен пайда болды деу еш ақылға сыймайды. Керісінше, әлі айғайы басылмаған кей ғалымдардың айтатынындай мынау көз алдымыздағы жайнаған қызылды жасыл, тау тас, су, адам, жануар, ай күн, бір сөзбен айтқанда, он сегіз мың ғалам білімсіз бен мақсұтсыздан пайда болған болса, онда білім мақсұт шығатын қандай жүйе бар? Яғни, оны құрастырушы білімді де мақсұтты бір ұлық бар деген сөз. Барлығын да есті бір күш иесі яки, философия тіліне салсақ, «абсалют» бақылап, басқарып тұр. Ғажайып ғаламның әрбір бөлшек тармағына міндет жүктеп, ондағы әрбір құбылысты есеп-қисапқа салып, аса дәлдікпен біртұтас, біздің әлсіз санамыз «әлем» деп қабылдайтын машинаны қозғалысқа келтіріп тұр.
Мұның өзі жүйелік ғылымда «эмердженттік» деп айдарланатын құбылысты көзімізге алып келеді. Осының өзінен қорытынды жасайтын болсақ, біріншіден жүйенің біртұтастық ретінде функцияланатынын, екіншіден, оның оны құраушы дербес бөлшектерінің қасиеттерінен бөлекше, жалпыға бірдей ортақ қасиетке ие екендігін көреміз.
Міне, осыдан келіп пайда болушы қасиеттер, яғни эмердженттік бой көтереді. Ең қызығы сол, осынау ортақ қасиет жүйе жұмыс істеп тұрғанда ғана пайда болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін көзіңізге Микки Маустың бір-бірінен айырмашылығы бар бейнелі бөлек-бөлек суреттерін көзіңізге елестетіп көріңізші. Түк те қызық емес емес пе? Ал енді осыларды пленкіге салып тез-тез ауыстырып тұрсақ не болады? Әрине, мултфильм болады. Егер суреттердің айырмасы аз-аздап қана болса, онда біз қозғалыс жасап жатқан Миккиді көреміз. Эмердженттік немесе пайда болушы қасиет дегеніміз осы.
Біз өзіміз күнделікті өмірде осынау қасиеттерді өте жиі кездестіретіндіктен, оларды қалыпты нәрсе санап кеткенбіз. Оларға болжау жасап, тәртіпке келтіру мүмкін емес. Олардың бағынатын өз тәңірі иесі бар. Болмаса айтыңызшы, сіз өз ағзаңыздағы бүкіл физиологиялық құбылыстарды басқарып отырасыз ба? Ас қорыту, қан айналымы т.б Немесе тағы бір мысалдар: өзен арнасындағы су ағысын бақылаңыз. Сізге суды құраушы молекуларлық құрылысты ашықтайтын ешқандай да білім мен білік ондағы иірімдердің пайда болу себебіне орнықты түсінік тауып бере алмайды. Мәселен, су неге ылғал? Осыны түсіндіріп бере аласыз ба? Сіз өмір бойы акустика мен дыбыс толқындарын зерттеп өтуіңіз мүмкін, бірақ сіз музыканың сұлулығы мен эмоциональдық құдіретіне тәпсір жасай алмайсыз. Басымызда екі көзіміздің болуының арқасында айналаны көреміз. Екі құлағымыздың арқасында жақсы естиміз. Акусттика тілімен айтқанда, дыбыстар топтамасын естиміз. Біз спектр бояуларының басын қосып түсініксіз бірдеңелерді емес, керісінше әп-әдемі жарықты танимыз. Осының бәрін біз ғажайып ретінде емес, жай қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Егер олардың таза ғылыми түсініктемелерін білмесек, біз олардың дүниеде бар екендігін сезе алар ма едік?!
Жалпы эмердженттік қасиеттердің пайда болуын кемпірқосақпен салыстыруға болады. Кемпірқосақ қалай пайда болады? Кемпірқосақ күн сәулесінің құлау бұрышы үлкен дәлдікпен жаңбыр тамшысы һәм ауамен дұрыс қосылғанда пайда болады екен. Осыдан-ақ біздің миымыздың эмердженттік құбылыстарды қорек ететінін білуге болады. Ол ол ма, біздің өзіміз де жүйе ретінде аталмыш эмердженттің жемісіміз деуге болады. Мәселен, сананың өзі жүйе, эмерджент. Кім, қандай ғұлама қалайша милиардтаған нейрондардың өзара байланысы сана-сезімімізді мүмкін еткенін анықтап бере алады?! Ал біздің бес сезім мүшеміз, ішкі «меніміз» де соның жемісі. Шәкәрім Құдайбердіұлы «көру үшін жаралған көзіңіз де» дейді. Рас, біздің қос жанарымыз көру үшін жаралған. Бірақ бір нәрсені басын ашып алу керек. Көретін көз емес, – сіз. Яғни, жанымыз. Сенбесеңіз қане көздеріңізді ойып алып үстел үстіне қойыңызшы. Ол ештеңені де көре алмайды. Денеміздің еш жерінен көру қабілетін, естуді, сипап сезуді, дәм сезуді, иіс сезуді іздеп таба алмайсыз. Дәрігерлердің «тірі» деп атайтыны да сіздің сол тәніңіздегі бүкіл механизмдердің бірлесіп жұмыс істеп тұрғанынан.
Дененің кез-келген бөлігін ажыратып алыңыз, ол дереу тіршілігін тоқтатады. Мәйітті сойғанда да тәніңізден өмірді емес, өлімнің белгісін табады. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлының айтып тұрғаны «себебі толымдының ісі» емес пе? Мінсіз иенің күш, білім шеберлікті іс арқылы білгізуі.
Біздің әлем – біртұтас ұлы машина. Ал «мәшине» дегеннің екінші аты «жүйе». Ондағы әрбір бөлшектің өз атқарар қызметі мен мақсаты бар. Жүйе де сондай. Жанды да жансыз да бірдей мәшине бола береді. Дін ғұламасы Исматулла Мақсұмның сөзімен келтірер болсақ: «Біз бұл өсімдіктердің, кендердің және басқа да заттардың құрылысын қиыстырып айтуға басқа лайықты сөз тібегі болмаған соң, түсінуге жеңіл болсын деген мақсатпен «мәшине» деп атадық» [4, 14]. Яғни, ашықтай түссек, өзіміз күнделікті мініп жүрген темір тұлпарларымыз – көліктердің қозғалысы да эмердженттік қасиетке жатады. Автокөлік қозғалысқа келу үшін оған карбюратор керек, бензобак керек. Ал енді сол карбюратор мен бензобакты жолдың қақ ортасына апарып қойыңызшы, жүріп кетер ме екен, алысқа зырлар ма екен? Механик барады да оны құрастырады, моторға салады. Резеңке дөңгелектер бітіріп, бір-бірімен тығыз байланысқан жүйе жасайды. Сосын барып оталдыр да кете бер. Сол секілді біздің әлем де іске қосылған, дырылдап жұмыс істеу үстіндегі «Есті, мінсіз шебердің ісі емей не?» [2, 100].
Сонымен бірге, біздің жоғарыдағы жүйелілік пен жүйесіздікті салыстыру барысында атап-атап көрсеткеніміздей жүйенің әр бөлшегі бір-бірімен тығыз байланысты. Олардың қасиеті, құрылымы сол жүйенің іс әрекетіне әсер етеді. Және де құдайдың жаратқан осы жүйе-фәниінде басы артық бір бөлшек жоқ. «Керексіз жаралған бір тозаңы» [2, 100] , молекула-атомы жоқ. Бәрі жүйе деп аталатын алып, адами ақыл жетпейтін құрылымның бір қажетіне жарап жатыр.
Өз кезегінде бұл идея, тіптен, 1920 жылы дүниеге келген кванттық физиканың «параллель ғаламдар концепциясына» дәлме-дәл келеді. Физиктер электрон секілді атомдық бөлшектерді нақты жай-күйін анықтамақ болғанда алдарынан шыққан жұмбақты шеше алмай әбден бастары қатады. Осынау бөлшектердің белгілі бір анық мекені жоғы мәлім болған. Жүргізілген эксперименттер ондай бір бөлшектің бір мезгілде бірнеше жерде болатынын дәлелдеп шығады. Яғни, бұл бөлшектер біздің ғаламда бар да, жоқ та. Бір сөзбен айтқанда біздің көріп тұрғанымыз олардың көлеңкесі, елесі десе де болады. Бұл не деген сөз? Бұл – олар бір мезгілде бірнеше ғаламдарға қызмет етіп, әртүрлі өлшемдердегі ғаламдардағы жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деген сөз. Тіпті, кейбір ғалымдар оларды құрамына кіретін ғаламдарының санын біліп болмайды дегенді де айтады. Әрине, ғылымның басты мақсаты құпияны ашу, аңыз бен ақиқаттың арасын, яғни шындықты иллюзиядан айырып алу, шашыраңқылықтан нақтылыққа көшіру. Қазіргі таңда мыңдаған ғаламдар әлемнің түкпір түкпірінде кешендік ғаламды басқаратын себеп пен тәртіптің түпкі түрткісін іздеп, шақша бастары шарадай болып жатыр. Атомдық физикада секірістер пайда болысымен физиктердің басым бөлігі осы мәселемен айналыса бастады. Ғылым оған дейін де айналадағы заттың бәрінің атомдардан тұратынын білетін, ал атомдық физика болса ол атомдардың өзінің үш компоненттен: ядрода орналасқан протон мен нейтроннан һәм ол өзекті айналып жүретін электроннан тұратынын анықтады. Кейіннен технологиялар дамып, сол атомдардың өзін соғыстыра бастағанда беймәлім тағы да бір бөлшектерге тап болды. Ғалымдардың есін алғаны сол, соққы қаншалық күшті болған сайын сондай беймәлім бөлшектердің көбейе түсетініне көз жеткізе түсті. Тіпті, бөлшектердің жаңа да жаңа әулеттері шықты. Мұның түбі шатасушылыққа алып келетінін бірден түсінген ғалымдар оларды да бір жүйеге түсірмек болып, «суперструна» теориясын қалыптастырды.
Бұл теория бойынша, ғалам струналардан, яғни біздіңше шұбатылған ішектерден тұратын болып шықты. Олар домбыраның немесе скрипканың ішектері тәрізді әрқилы перне басуларда шығатын түрлі ноталар тәрізді сантүрлі болып өзгере беретін еді. Бірақ негізі біреу ғана. Демек, аталмыш бөлшектер сондай суперструналардағы затында бір ғана әрқилы ноталар болуы мүмкін. Осыдан соң-ақ тағы да Исматулла Мақсұмның «Ұлы Алланың өз құдіретін көрсететін белгілерін жаратылыстың бір түрден екінші түрге өзгеріп тұрған құбылыстарынан әр жерде, қарапайым түрде оңай көре аламыз» [4, 14] деуімен әбден келісеміз. Затында бір ғана нәрсені түрлендіріп, сырлап бояп, қызылды жасылды қылып қойғанын ұғынып, перде артында сыр барын, біздің көзіміздің байланғанын сезесің. Бәрінің табиғатында бір тектен болуы, шынында да, қызық. Осыдан соң атамыз айтпақшы: «Құдай жоқ, қиямет жоқ десең-дағы, Арың жолдас емес пе мақұлменен?» [2, 100]
Немесе:
Кім жасаса зор мәшине,
Онда одан не қалар?
Құдіретінен қалды әрине,
Сайраған із шамшырақ [2, 271].
Алланың жаратылысы көз алдымызда табиғаттағы құпия жазулар болып бедерленген. Бірақ біз сауатсыздығымыздан оларды оқи алмай адасқан үстіне адасудамыз. Ал, Шәкәрім атамыздың сол киелі жазуларды көзіне оттай басылдырып, табиғаттан қапысыз оқып қана қоймай, сайрап жатқан тәңірі ізін танып, мағынасына терең бойлағанын, бойлағанда да бүгінгі ғылым енді қару етіп қолдана бастаған ақыл әдістерін тұтынғанын көріп, біліп, ғұламалығының алдында бас иеміз. Дүниетанымы «Үшінші», қырандық биік деңгейден шолатын, аналитикалық һәм интуитивтік танымның адамы, бір сөзбен айтқанда, батыстық та шығыстық та ойлау тәсілдерін меңгерген терең ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлы, шын мәнінде де, жүйе түсінігін дүниетанымына өзек еткен деп батыл айта аламыз.
Жүйе туралы ғылым ұшы қиырсыз. Оның күрделі және де қарапайым болып бөлінетіні де – бөлек әңгіме. Тұрақты да динамикалық түрлері де бұл зерттеудің жүгі емес. Әзірге Шәкәрім Құдайбердіұлының бір-екі өлеңінің өзі жүйе түсінігіне алтын қазық болып өзі үшін өзі сөйлеп тұр. Шәкәрімнің дүниетанымы масштабы жағынан ғаламдық, мұраты жағынан құдайлық, тәсілі жағынан жүйелік. Тіптен, американдық жүйетанушы ғалымдар Джозеф О, Коннор мен Иан Макдермоттың форматына салып: «Шәкәрім Құдайбердіұлы – жүйелік ойлаудың бірегей де қайталанбас шебер өкілі» деп айтуға болады. Мұны қайдан байқаймыз? Жалпы, кез-келген адам жүйе терминалогисын қолына алып Шәкәрім шығармашылығын қадағалар болса, талай да талай сөзімізге дәлел мен негіздер табар еді. Жүрек көзі ашылған жан үшін мүмкін жүйелік түсінік қалыпты да жайт болар, бірақ ғылым үшін, әсіресе, жаратылыстану ғылымы үшін бұл «феномен» болып есептеледі.
Шәкәрімнің қай туындысын алсаңыз да, мейлі поэзиялық, мейлі прозалық болсын алдыңыздан мәселені ауқымды қарау, макродеңгей мен микродеңгейдің ара жігін білу, детальдық та жалпыламалық та ойсарап пен ойқорытулар да жасау тізбегі шығады. Бәрінен де ең таңқаларлығы шеңберлік ұғымы болып отыр. Жүйенің басты ерекшелігі шеңберлік, дөңгелек циклділігінде. Шәкәрім дүниетанымы қай шығармасында болмасын зұлымдықтың өз бастапқы шығу көзіне оралатынын айтып сақтандырумен болады [5]. Және де тиімді күш салу нүктесіне «рычагтық принципті» қолдандыруға итермелейді. Жүйелік ғылым «жүйенің дұрыс жұмыс жасауын әлдебір аса маңызды нүктесіне әсер ету арқылы ем-дом жасауға болады» дейді. Ал, Шәкірім болса, қандай да бір проблеманың шешімді тұсын дөп басып, қандай шиеленген шие болса да шешіп кете беруге бағдар береді. Бүгінгі азып-тоза бастаған өркениеттің күш салу нүктесі, рычаг басар аймағы, сау ақылға салар болсақ, онда Шәкәрім атамыз айта беретін «ар ілімі», яки қоғамдық моральдің болмағы да сондықтан.
Әдебиеттер:
1. Искусство системного мышления. – М, 2006.
2. Шәкәрім. Иманым. – А.: 2000.
3. Харун Яхья. Дінімізді іңкәрлікпен үйренейік. – А, 2006.
4. Исматулла Мақсұм. Құран сырларының әліппесі. –А.: Алаш, 2004.
5. 50 версий гибели человечества. - Минск, 2006.
МАМЫРАЙХАН А.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
магистрант


