- Thursday, 19 03 2009, 1:43
- Мақалалар
- 4,350 рет қаралған
- Пікір жазылмаған
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы әдеби, рухани дамуда, прогресшіл ой пікірлердің қалыптасуында, қазақ мәдениеті мен философиясының тарихында зор үлес қосқан ұлы ойшыл, философ – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Біздің бұлай әспеттеуімізге басты себеп – ақын шығармаларындағы терең философиялық ой толғаулары осыған куә. Оның ішінде біз қарастырғалы отырған адам мәселесі туралы философиялық пайымдаулары. Олар: «Үш анық», «Тіршілік жан туралы», «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы», «Ақыл – деген өлшеусіз бір жарық нұр», «Адам немене?», «Тәңірі мен жан», «Жан мен дене һәм көңіл», «Анық пен танық» деген еңбектері.
Адам мәселесі Шәкәрім философиясының орталық тақырыбы, яғни зерттеудің негізгі субъекті болып табылады. Адам феноменін ол табиғат пен тарих мүмкіндіктерінің өзіндік өлшемі, жаратылыс дүниенің сыры ретінде қарастырады. Сонымен қатар Шәкәрімнің дүниенің «адами сипатына» жасаған анализі оптимистік тұжырымдар мен соны да бірегей концепцияға әкелді.
Шәкәрім философиясының басты ерекшелігі – жалпы жаралыс, адам, қоғам туралы біртұтас көзқарас, яғни тұтас әлемдік сипатты (суретті) жасауында деп білеміз. Ойшыл дүниедегі адамның орны мен табиғатын сол әлемдік тұтастық тұрғысынан қарастырады. Қысқасы, адам туралы ілімнің негізіне Шәкәрім белгілі онтологияны қояды.
Ақын шығармашылығына ден қойсақ, оның дамудың көзі қозғалыста екендігін, яки материя құбылыстарына тән қарама – қарсылықтардың бірлігі мен күресінде екендігін түсінгендігіне көз жеткіземіз. Бірақ, Шәкәрім философиясының негізгі ерекшелігі бұл күресте антогонизм жоқ, жалпы үйлесім, гармония, келісім сипатында жүреді, сондықтан да Шәкәрімше: «Жаралыс жұмбағының ісі өлшеусіз, білдім деген білмедім дегенге есеп». Бұл ойын былайша жеткізеді:
…Әлемде жоғалатын ешбір зат жоқ,
Өзгеріп түрленеді ойла шырақ…
…Көктен жаңбыр жауады, жерде бұлақ,
Қанша ақса да, оларда бар таусылмау…[1]
одан әрі қарай:
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Дене жөндеп,
Жоғары өрлеп,
Жаның мен деп келе ме? [2, 7].
Табиғат құбылады, жаңбыр жауады, тау басын мұз шалады, көктемде еріп сай–сай, жылға-жылғадан бұлақтар сылдырлай ағады, бұлақтар жиналып, өзенге, өзендер жиналып, теңіз, мұхиттарға құяды. Ондағы су буланып, конденсация құбылысы негізінде қайтадан жауын-шашын, қар болып жерге, тауға түседі. Мұның бәрі – қозғалыс. Дүниедегі құбылыстардың қай-қайсысы да шексіз. Мәңгілік, тіпті бүкіл дамудың кілті болып табылатын қозғалыстың өзі уақыт пен кеңістік аясында болмақ. Бұл жерде Шәкәрім: «Барша әлем тапжылмай тұрып қалса, болама уақыт деген өлшеу салып», – дейді [1, 166]. Материяның немесе табиғаттың қозғалысы жоқ жерде уақыт, кеңістік ұғымы болмақ емес. Адамның өмірі де солай. Өмір бір орында тоқтап тұрмайды, өзгереді, дамиды, өледі. Уақыт алға жылжыған сайын жас келіп адам қартаяды, орнына жаңа ұрпақ дүниеге келеді [3]. Осыдан барып ғұлама, дүние құбылыстарының шексіздігі, қозғалыстың қайталанбайтындығы жайында философиялық тұжырымын негіздейді.
«Тұрақсыз шыр айналған дүние», «Дүние қу, бір ағын су», «Кетті-келді, толды, семді, өзгеленді бұл ғалам. Туды-өлді, жанды-сөнді, өршіп өнді қайтадан» - деген шумақтарында оның дүниедегі бүкіл жаратылыстың соңы бар, тұрақсыз, уақытша, оның ішінде адамның да бұл дүниеде туылып, өсіп, қартайып, соңында өлетінін аңғаруға болады.
Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,
Ортасы - өмір, жоқтық қой екі басы.
Сағымдай екі жоқтық арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.
Жоқтық, барлық, жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы [1, 267].
Мұндағы адамның тууы, өмір сүруі, өлуі еріксіз, адамның өзіне бағынбайтын құбылыстар. Оны реттеуші жоғарғы күштің, құдіреттің бар екендігін меңзейді. Адам бір жоқтықтан келіп, екінші жоқтыққа кететінін, осының ортасы өмір, яғни Құдайдың бізге берген сынақ әлемі, біз тіршілік етіп отырған «жалған дүниеде» мәңгі тұрақтамай, бақилық өмірге уақыт сағаты келгенде аттанатынымызды аңғаруға болады. Қазақ атам айтқандай, «Бұл дүние қарап тұрсаң, шолақ екен, адамдар бір біріне қонақ екен», одан әрі қарай өмірдің лезде, көз ашып-жұмғанша өтіп кететінін «өмірге есік ашсаң таң алдында, сол есік кеш батқанда жабылғандай» деп сипаттайды. Міне, осыдан барып дүниенің өтпелі, жалған екендігіне толығымен көз жеткіземіз.
Сол қамшының сабындай қысқа пәниде адамның өмірі мың құбылып, жүз түрленеді. Адам өзінің осы өмірге адам болып келгендігін және сол пәк қалпын өмірден өтер алдында сақтай алмай қалатын өкінішін Шәкәрім: «Адам болып туып ем, адам боп өту – арманым» деп ағынан жарылған.
Шәкәрімше жан – денедегі қозғаушы күш. Тән – жанның өмір сүрер орны. Жан материялды емес, бірақ тек денеде өмір сүреді. Тән бүлініп бұзылуы мүмкін, ал жан өлмейді. Ал, бұл денелер және жандар қайдан, неден таралып отыр?
«Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің бір мән де,
Сол қуатпен бол таныс,
Әлемді сол мән жаратқан.
Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді,
Қозғалыс түрлеп таратқан.
Қозғаған қуат – жан дейміз,
Жан өсті жаннан сан дейміз.
Сол жандар әсер берген соң,
Жаралды сансыз тән дейміз,
Жанына қарай тән солар» [1, 114].
Тіршіліктің пайда болуын бір қараған көзге материалистік атомистика және эволюционизм рухында бейнеленген болып көрінуі мүмкін. Бірақ, оның негізгі түп-төркіні тіршіліктің ғажайып жолмен пайда болуы туралы ойлармен тұжырымдайды. Табиғат болмысының негіздерін түсіндіре отырып, Шәкәрім өз заманының ғылыми жетістіктерін, XX ғасырдың басындағы кванттық механика, физика салаларындағы Галилей, Ньютон, Коперниктің сондай-ақ сол кездегі практикалық мәні бар атомистика, яғни әлемнің жаралуы кіші атомдардан деген ғылыми ойларына сүйене отырып, бүткіл тіршіліктің, оның ішінде адамның жаралысы да сол атомнан, «нұрдан», немесе «сансыз құрттардан», «қазақша аты жоқ болған соң оны атом, мадда деп атаймыз», – дей келе, оған терең тоқталмаса да алғашқы себеп – жаратушының бар екендігіне дәлел ретінде материя сипатын анықтай түседі.
Материяның бірінші қасиеті ретінде Шәкәрім оның заттармен құбылыстардың субстанциясы болуы қасиетін алады. «Әр дененің көзге ілінбейтін кішкентай бөлшектерден қосылып жаралғанын тауып, ол кішкентайды қанша ұсақтаса да ақырында, тіпті, бөлуге келмейтін болады. Сол бөлінуге келмейтін түп негіздердің атын еуропа атом деп атап, арабша мадда немесе өсер деп атады» [2, 8].
Барлық материалистік теориялардағыдай, Шәкәрімде материяның өмір сүру әдісі – қозғалыс. Негізгі айырмашылығы – бұл қасиеттің қозғалысқа қозғау беретін «Иені» анықтау, дәлелдеу мақсатында айтатындығы.
«Материя қозғалысының немесе жүрісінің өлшеуі бар» [2, 8]. Бұл өте мәнді сипаттама, яғни материяның өлшемі кеңістік пен уақыт деп қарауға болатын сияқты ал жаратушыны өлшеуге, сипаттауға келмейді деп нұсқайды Шәкәрім. Мұны Абай Құнанбайұлы 38-ші қара сөзінде: «Алла тағала - өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі, өлшеулімен өлшеусізді өлшеп болмайды» - деп ақылмен құдайды танып болмайтынын айтады [4, 127]. Дәл осы Абайдың сарынында Шәкәрім философиялық тілде шектілік пен шексіздік жайлы, материяның әмбебап сипаттарының бірі – шексіздігі болғанмен, уақыт пен кеңістік те шектелетінін айтады. Яғни шексіз – тек мінсіз, танып болмайтын Құдай ғана, ал шекті, ол бүкіл жаратылыс материялар екенін тұжырымдайды.
«Атом сияқты түпнегізде ерлі-қатындылық сипат бар» [2, 26]. Яғни материалды объектілер ішкі реттілікпен құрылымдық жүйеге ие. Реттілік пен тәртіптілік материяның заңды көзқарасымен барлық элементтерінің өзара әрекеттесуінен көрінеді. Осының арқасында олар жүйеге бірігеді.
Шәкәрім неміс ғалымы Кеплердің физика мен механикадағы тартылыс және серпіліс заңын тиянақтады. Табиғаттағы әрбір қозғалыс екі күш: тартылыс және серпілістің өзара әрекеттесуінен туады деп есептеді. Ал, әрбір дене бөлшек атом табиғатынан инертті болғандықтан қандай да болмасын қозғалыс жоғарыдан берілетін жаратушының бар екендігін дәлелдейтін құбылысқа айналған. Осының негізінде Шәкәрім рухтың қозғалыс көзін іздеді. Бейнесіз рухани субстанция қалайша тартылыс пен серпілістің қозғаушы күші болады? Оған жауап ретінде адамды «қозғаған қуат – жан дейміз» деп келтіреді.
Шәкәрім жаратылыс, адам, жан мәселесіне орай негізгі екі шешімді мысалға келтіре отырып, (діншіл, пәншіл), оларды екі тұрғыдан, екі жақты қарастырды. Адамда екі түрлі мақсат бар, - деп жазды, оның бірі – тән мақсаты, бірі – жан мақсаты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік мақсат көздейтін – тән мақсаты, адамшылық, ар мен адал еңбек іздейтін – жан мақсаты. Бастапқысын көксеген адам зұлымдық, қияметпен болса да мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғысын көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті, ұнатпайды.
Абай 43-ші қара сөзінде «Адам ұғымы екі нәрсе бірі – тән, бірі – жан» деп бөліп қарастырғанындай, Шәкәрім еңбектерінің барлығында да жан мен тәнді бөліп қарастыра отырып, жанды мәңгілік өлмейді ол құдайдан берілген аманат, ал тән осы дүниелік. Ал, ақыл осы екеуін бір-біріне үйлестіруші, адамда болатын жақсылық пен жамандықты ажыратушы құрал, яғни Құдайға жету жолындағы танымы деп қарастырылады.
Басында жан мен дене екі басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа…
…Фәни дене бояуға-ақ мақтанады,
Жан төзбейді, сол үшін сақтанады.
Өлмес жанға өзгермес орын керек,
…Жан талпынар талайды көрмек үшін,
Әр сырын дүниенің білмек үшін.
Дене байғұс салмақ боп баса берер,
Жаралған ғой түбінде өлмек үшін [1, 51].
Тағы былайша жалғастырады:
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын сырлы сиқырымен,
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Жан тыныштық таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық, аштықтан сақтау үшін
Зұлымдық пен айланы қылады сеп [1, 23].
Аңғарсақ, әрбір тіршілік иесінің өз тәніне лайық жанынан басқа бәріне ортақ, бәрін жаратушы, қадағалаушы және бәріне қозғау беруші «құдіретті субстанция» – жан жатыр. Шәкәрім түсінігіндегі жан субстанциясының негізгі қасиеттерін айтатын болсақ:
1. «Жан жаратушы өзгеріп жататыны да рас».
2. «Жан – қозғау беруші, тіршілік себепкері».
Шәкәрім тіршіліктің «төменгі құрылымының» жоғары форма түріне өсіп, күрделеніп, дамып отыратындығын, «адам құрамының» сол тіршіліктің дамуы барысындағы өзара тығыз бірлестіктегі бөлшегі екендігін жазады.
Жанға көнсем, жан иесі–
Тәңіріге де көнгенім… [1, 274] –
деп, Шәкәрім атамыз адамның негізгі қозғаушы күші де, оған қуат беруші де – жан екендігін, ал жанды жаратушы оған қозғау салушы жоғары күш яғни Құдайдың бар екендігін бекіте түседі.
Таза ақылдың арқасында адам абстрактылықты меңгереді, пайдалыны зияндыдан ажырата біледі. Жанның тірегі бар. Ол – ұждан. «Жанның екі өмірде де азығы – ұждан». Ұждан деген – ынсап, әділет, мейірім, «жан – тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе», – дейді Шәкәрім өз толғанымында.
Сонымен, Шәкәрім адамның ішкі әлемін аша талдауға қуаныш-реніш, тіршілік мәнін тұрмыс машақаты, әділет пен зұлымдық туралы ой түйеді.
Адам өзінің жаратылысы жағынан қайырымсыз да ақылсыз, жасық та қызба, еріншек те болып келеді.
Ал, жалпы адамгершілік, имандылық мұраттардың терең орнығып, адамдар рухани және жан әлемі жағынан байи түсуі үшін ерік жігер, талант пен ақыл-ой, тапқырлық пен батырлық өте қажет. Адамға мейірім ар-ождан, сабырлылық пен байқампаздық керек-ақ. Дегенмен, осының бәрінен де адамда ынсап болмаса бәрі де бекершілік [5, 260].
Адам өмірге тойған емес.
Сондай-ақ, «Адам құрылымының», жан тәннің, нәпсі мен рухтың арақатынасын аша отырып, адамның басқа тіршілік иегерінен айырмашылығын, рухани сатыға көтерілгенде адам болмысының биологиялық және әлеуметтік формалары арасында туатын қарама-қайшылықтарды қоғамдық-этникалық тұрғыдағы жай ғана білім мәліметі көлемінде ғана емес, тарихи философиялық дәрежедегі зерттеу жұмысы түрінде тұжырымдауымен құнды.
Әдебиеттер:
1. Шәкәрім. Иманым. - А.: Арыс, 2000.
2. Құдайбердіұлы Ш. Үш анық. А., 1991.
3. Айтбаева А. Жаралыс басы қозғалыс. // Ақиқат, 1995.
4. Құнанбайұлы А. Шығармалары. ІІ том. - А.: Жазушы, 2005.
5. Лотман Ю.М. Культура и взрыв. М., 1992.
ТӨЛЕН Ж.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
философия және саясаттану факультеті магистранты


