- Saturday, 7 03 2009, 1:04
- Мақалалар
- 3,097 рет қаралған
- Пікір жазылмаған
«Адам болып тудым, адам атымды ақтайын, көп үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін еңбек етейін. Кейінгіге үлгі аларлық із-белгі қалдырайын, адам атым өшпесін, тарихқа аз да болса үлес қосайын деген ойда болдым… Келешектің ойын ашайын деп жаздым.
…Өз заманым үшін жазғам жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым.»
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Тарих – адамзаттың өткен тыныс-тіршілігіне баға беріп, тағдырын саралап, өткеннің көз жасы мен төккен маңдай терін ғибрат көзімен баяндайтын, өткен дәуір қойнауында көміліп қалған рухани қазынаны аршып алып, сақтауды көздейтін ғылым. Осындай сан ғасыр жалғасқан тарихи үрдістің қадіріне жетіп, ғибрат алған ғұламалардың ой толғамдары ұшқын атып даналық боп жарқырап жатады. «Артын оқып, алдына көз жіберген…» (Шәкәрім) ғұламалар халқымыздың тарихи танымын кеңейтіп, әр адамның санасында ерекше әсер тудыратыны анық.Осылайша өткен тарихымыздың ғибратты беттерін парақтасақ, XX ғасыр басындағы қазақты ұшпаққа шығару жолында еңбек еткен зиялыларының өздері кәсіпқой тарихшы болмаса да, Қазақстан тарих ғылымына тарихи ойлар мен қилы кезеңдерден сақталған деректерді жинап, одан өшпес ғылыми негізде құнды тарих, шежіре жазу арқылы үлес қосқанын айтпасқа болмайды. Бұл кезеңнің өткен дәуірлерден ерекшелігі қазақ халқының азаттығы, тәуелсіздігі жолында қан мен терін төккен қазақтың ғылыми және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдері М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытов, С.Аспендияров, Ә.Бөкейхановтардың тарих сахнасына шығуы. Шәкәрім Құдайбердіұлы осылардың ішінде шоқтығы биік ғұлама, философ, дінтанушы, тарихшы ретінде ерекшеленеді.Сондықтан да бүкіл ғаламдағы заңдылықтардың сырын ашып, оны аз сөз бен жинақы формулаға сиғызған данышпан әулие әр саладан сыр шертіп, қалам тартады. Шәкәрімнің ар ілімі барша ғылымға, пәндерге ортақ методологиялық негіз деуге де болады. Біз де Шәкәрім қажының еңбегінен тарихымызды байытатын тарихи еңбектері мен ойларын шамамызша саралайық. Сонымен Шәкәрім Құдайбердіұлы тарих ғылымына қандай үлес қосты? Оның осы ғылымда алатын орны қандай?
Жазбаша төл тарихы жоқ қазақ халқы үшін Шәкәрім Құдайбердіұлының 1911 жылы Орынбор қаласында шығарған «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабының құндылығы, онда баян етілген материалдар әлгі түсініктен әлдеқайда ауқымырақ. Шежіреде халықтың шығу тегі, даму тарихы емес, одан әлдеқайда кең мәліметтер сараланады. Өйткені, Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ һәм түркі халықтарының тарихын, олардың өткізген түрлі тарихи процестерін асқан ізденімпаздықпен жазғанын аңғарамыз. «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әлтүрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: «Тәбіри», «Тарих ғумуми», «Тарих антшар аласлам», Нажиб Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік» және қырылып, Нұх пайғамбар үш баласыменен, оның қатындары Алла тағаланың өміріменен кемеге кіріп, аман қалыпты. Осы күнгі барша адам балалары сол Нұхтың үш баласы-Сам, Хам, Яфастың нәсілі. «Тарих ғумуми» деген кітапта барша түрік, иран юнан, қытай һәм европадағылар Яфас нәсілінен. Барша хабаш, судан, зәңгибар, барша қара түсті жұрт – Хам нәсілінен дейді. Әр түрлі кітаптардан алынған сөздер, орысша кітаптан оқығыным – Радловтың ұйғыр туралы, Аристовтың түрік нәсілі туралы, дүниедегі әр түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірген сөздері, оның ішінде түріктің ең ескі замандағы шежіре кітаптары «Құдатғу білік», «Кошочидам» деген кітаптардың сөздері және қытайдың Юән-шау-Ми-ши деген жазушысының сөзі және араб-парсы, рум-европа жазушыларының сөзі және қазақтың жаңылыс айтқан өтірік аталары – бәрі сол кітапта бар» [1, 123-124].
Еңбектің өне бойында осынау деректерді, сонымен бірге шежірелік дерек төңірегіндегі әртүрлі тарихшылардың, зерттеушілердің пікірлерін салыстырып, одан ақылға қонымдысын ешкеп, неғұрлым дұрысырағын таңдап алуға тырысады.Мәселен, еңбектің «Шежіре басы» атты бөлімінде түрік нәсілінен шығу тегі жайында шежіре тарата отырып, Шәкәрім Әбулғазы Баһадүр ханның «Шежіре и түрік» деген еңбегіндегі Нұх пайғамбардың ұлы Яфастен тараған сегіз баланың бірі түрік болғаны жайындағы деректі, қытай шежіресіндегі түрік жұртын қасқыр мен адамның қосылуынан пайда болдымыс деген сөзін, Радловтың ұйғырлар туралы кіткбындағы түрікті ағаштан жаралды, деген болжамдарын салыстыра қарастырады да, оларға «қытай шежіресіндегі ертегі сықылды қисынсыз сөз» немесе «Радлов кітабындағы қытай сөзінен, ағаштан бала туды дегені еш сөзге қисынбайды» [1, 124-129], - деп, өзінің көзқарасын білдіреді. Осыншама еңбектерді, деректерді ақтарған, оларды саралаған, ғылыми сыннан өткізген Шәкәрім Құдайбердіұлын тарихшы, әрі деректанушы ғалым ретінде танимыз. Тарихи зерттеулерді, жазба, ауызша деректерді сыни көзбен тексеріп, талдай отырып, керектісін алады. «Ескіден қалған сөз етріп, өз ойынан өң береді». М.Мағауин Шәкәрімнің шежіреші, тарихшы ретінде жазған еңбектерін зор бағалайды [2]. Мұндай тапжылмай отырып, табандылықпен шежіре, яғни зерттеужазу өзге зерттеушілерге үлгі боларлықтай. Сол кездің мүмкіншілігі шектеулі деп есептесек, Шәкәрім сынды талантты тарихшы құлашын кең сермеген. Інісінің талантын байқаған Абай оған жастайынан-ақ халық тарихына қатысты деректерді жинап, шежіре жазуға ақыл береді. Сөйтіп Шәкәрім он тоғыз жасынан шежіре жазуға кірісіп, ол еңбегін 1911 жылы Орынбор қаласында «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген атпен кітап етіп шығарады.
Бұл еңбектің тарих ғылымы үшін маңызына, құндылығына тоқталсақ. Шәкәрім өз шежіресінің кіріспе бөлігінде: «…Ескіден қалған тиянақсыз ертегі сықылды ауыз сөз болмаса, мұнан бұрын біздің қазақ тіліменен шежіре жазылған жоқ» [1, 124], - деп жазса, Шәкәрім шежіресінде рецензия жазған Әлихан Бөкейханов: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шәкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі, Шәкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шәкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес» [3], - деп, зерттеушінің еңбегін жоғары бағалайды. Бұрын қазақ тілінде тек ертегі, ел аузындағы аңыз, ауызша тарих айту әдісімен шежіре шертілсе, бұл шежіре алғаш жазылып, сараланып қоймай, методологиялық негіздердің беріктігін де айрықша сақтайды.Автор мұнда адамзат баласының Адам ата мен Хауа анадан таратқаннан бері қарайғы шежірелі жолына барлау жасайды. Еңбекті жaзу барысында Шәкәрім жалпы мәселеден жекеге қарай сатылaп талдау әдісін шебер қолданған.Еңбектің құрылымы осыны аңғартады. Кітап «Шежіреден бұрын», «Шежіребасы», «Қазақтың қайдан шыққаны», «Хан шежіресі», «Шыңғысхан шежіресі», «Стамболдағы ғұсманлы түрік һәм сұлтандары», «Парсыдағы һәм Закавказдағы түрік нәсілі», «Сарт», «Өзбек», «Ноғай», «Башқұрт», «Қалмақ һәм телеуіт», «Түркмен», «Яқұт», «Оранхай», «Еңсейдегі түрік», «Күншығыс Түркістандағы түрік» деп аталатын ірілі-ұсақты бірнеше тараулардан тұрады.
Кітаптың соңында берілген «Мақсұд» атты өлеңінде Шәкәрім өзінің осы шежірені жазудағы ұстанған мақсатын баяндайды. «Құр шежіре демеңіз мұның өзін, Ойлаңыз ғибрат алып әрбір сөзін. Берекелі күн қандай, бұл күн андай, Соған салып қараңыз ақыл көзін» [1,198], – деп, шежіре, тарих жазудың үздік үлгісін көрсетеді. Тарих пен тағылымды қатар қойып, өзге зерттеушілер уысынан шығып кеткен тарихтың өзекті идеясын бұлжытпай ұсынады. Тарих фактология мен бірыңғай хронологиялық мағлұматқа сүйенетін емес, ғибрат алатын ғылым екенін көрсетеді. Ал Б.Әбілғазиев «белгілі-бір рудың шежіресін таратқанда Шәкәрім құрғақ деректерге танымдылық, көркемдік қалпын әрлендіре түсетінін» (мәселен, Ақжол би мен қара қыпшақ Қобыланды турасындағы аңыз) таратып айтады [4, 69]. Ғалым тарих ғылымының негізгі мақсатын айқындап берді.
Тағы бұл еңбектің бір ерекшелігі, қазақ тарихының өзекті мәселелерін зерттеуде жаңаша тарихнамалық дәуірдің ұстанымын қалыптастырды. Тарихшы, зерттеуші Б.Кәрібаев бұл еңбектің, әсіресе, Қазақ хандығының құрылуы мәселесі бойынша әртүрлі тұжырым, ұстанымдар қалыптастырғанына баса мән береді. «Хронологиялық тұрғыдан алып қарағанда, Қазақ хандығы құрылуның тарихнамасы бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңге XIX ғасырдың ортасынан сол ғасырдың соңына дейінгі тарихнамалық кезең, екінші кезеңге XX ғасырдың басындағы тарихнамалық кезең жатады. Одан кейінгі кезеңдерге кеңес дәуіріндегі және қазіргі кезеңдегі тарихнамалық зерттеулерді айтамыз» деп көрсетеді [5, 61]. Демек, сол кезеңдердің ішінде Шәкәрімнің шежіресі XX ғасыр басындағы тарихнамалық дәуірде қалыптасқан көзқарастарды байытқанын, жаңа ұстанымдардың бастауларын бастағанын атап кетуге болады. Сонымен қатар Б.Кәрібаев Шәкәрім шежіресінің тың деректерді ел аузынан жинап, оны ғылыми айналымға енгізгеніне (мәселен, Ақжол би мен қара қыпшақ Қобыланды турасындағы аңыз) баса назар аударады [5, 63].
Ш.Құдайбердіұлы еңбегінен қазақ тарихына, түркі халықтарына қатысты дерек көздері мол кездеседі. Халықтың этнографиясы мен көне мәдениетіне, қазақтың саяси әлеуметтік жағдайына, тіліне, топонимикалық, этимологиялық деректердің молынан ұшырасатындығын байқау қиын емес. Бір сөзбен айтқанда, сол арқылы Шәкәрім әрбір халықтың этногенезін, тарихи-эволюциялық өсу процесі жайында жан-жақты мағлұмат береді. Осыншама деректердің мол түрі қолданылған шежіренің шынайы, әрі объективті болуы – зерттеушінің теориялық, методологиялық білімінің терең болуында.
Өз қаламынан шыққан туындыларға әрқашан сын көзімен қараған Ш.Құдайбердіұлы еңбектерінің ішінде анық көңілі толмағандары – «Мұсылмандық шарты» деген еңбегі және «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». «Өлеңмен түрік қауымында болған хандарды жаздым. Мұнда еліктегенім, жасымда шежіре жазбақ болып, бірнеше елдердің шежірелерін оқығанда «Отечественная история» деп патша, хандарды жазғандарды көріп, түрік қауымынан шыққан хандардың жақсысын да, жаманын да мақтап жібергенім бар. Осы да ғылыми көзқараспен айтылмаған. Бұлардың ішінде елге сіңіргендерін іріктеп алу керек еді», – деп қынжылады [6, 30].
Шәкәрім өмірінің ақырына дейін өзі,жазған шығармаларын қайта қарап, қатесін өзі тауып мойындап, кемшілігін толықтырып түзеумен болған. Өлер алдындағы жазған бір хатында: «…Шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғандарында қате һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан, көшіріп, түзеп жатырмын», – дейді [6, 30]. Шежірені сынаған Ә.Бөкейханов: «…Шежіресін қайта басқанда Шаһкәрім бұл кемшілікті толтырар» [4] деп жазады. Шежіренің «кемшілікті», қисық-бүкір жерлеріне қарамастан, бітіріп жазады. Шәкәрім «Ғылымсыз адам - айуан» атты сыр сөзінде:
Дұрыс деме, құры ойлап,
Ақылға сынат, сабыр қыл.
Жығылмайтын дәлел тап,
Бірезу болма өзімшіл.
Мініңді тапса, кім сынап,
Аяғына, бар жығыл,
«Қап, бәлем» деп, кекті ұнап,
Сақтай көрме ойға зіл» [7, 92-93], –
деп ғалым болмақтың басты шарттарын баса көрсетеді.
Зерттеулерді, төл деректерді тарихи «сыннан» өткізу арқылы халқымыздың шынайы тарихын жазуға мүмкін болатынын жақсы түсінген. Шәкәрімнің мәліметтерді сынау немесе сыналу туралы ойлары тарихтың теориялық – методологиялық негіздерін, нақты қолданбалық проблемаларын дамытады. Осы тұрғыдан алғанда деректерді сынау, сыннан өткізу, оларды талдау мәселесінде ғалымның ойлары тарих ғылымының бір саласы деректанудың методологиялық принциптерін байытады. Ал енді нақты ойларына тоқталайық.
Абай өлгеннен кейін, Толстойды ұстаз тұтып, одан ақыл сұрап хат жазған. Толстойға хат жазып, одан хатына жауап алғаны туралы Шәкәрім былай дейді: «Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?»-деп көлемді шығарма жазу жайында ақыл сұрадым. Толстой бұған: «Көп адамдар қатысқан шығарма болсын, не ұсақ әңгіме болсын, алдымен сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындалып, сезіліп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде, әңгіме дәл қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге пішкен тон бойға шақ келмейді», деген мақалды жазушы ойдан шығармауға керек. Ішіне араласпай, сырттай ой жотаменжазған шығарма шындыққа жанаспайды, қызықты болып шықпайды, – деп жауап жазады». Тарихи оқиғаларды, жайттарды жазғанда осы қағида негізінде көз жеткізу керектігін айтады [6, 32].
«Жазушы, оның ішінде мен, өз жазғанымның дұрыс, терісін сынай алмаймын. Өз шығармасының қатесін қандай әдіспен көріп, сынап, түзетуге болады?» деген Шәкәрімнің сұрағына Толстой былай жауап береді: «Жазушының артық қасиеті – өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» деген бар. Бәрінен де адам өз қатесін өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында толғауынан өткен қорытынды жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, біреудің мінін де көре алады.Сондықтан әділ сыншың-ақ жүрегің»,- деп жауап береді [6, 33].
Шәкәрім – Толстой айтқандай, «өзі істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білген» тарихшы. Жарияланған еңбегін қайта қарап, қатесін мойындап, кемшілігін түзетуге ниеттенген. 1924 жылы «Қазақ тілі» газетіне «Сын һәм сынауды сынау» мақаласы жариаланды. Сонда «…сын деген – жаратылыс ағымының әділ таразысы, таза елегі» дейді. Сынау жөнінде: «…сын кекеу-мысқыл, күндеу өзімшілдік, айла қиянаттан аулақ болса екен деймін. Мұндай іс-әрекетке кіріскен сыннан сын иесі түгіл, халыққа көп зиян шығады. Себебі кекеліп мазақтаушының неше мыңнан бірі болмаса, кек қумай, ыза болмай қалмайды.Сондықтан сыншылар аталған жаман мінездерден аулақ отырып таза жүрекпен сынау жөн. «Менің ойымша, кемшілігі – мынау, оған дәлелім – мынау!» деген жөн».
Ал, сыналушыларға: «…өз ісіне сын салынғанды көргенде ыза, өзімшіл, мақтанды әбден жоғалтып, салқын қан, таза көңілмен сын айнасына бүзылмай қарау керек. Егерде сын дұрыс болса, бас иіп, мойындау керек. Міне, адамның толығы – осындайлар. Олар ондай жерде кек, өзімшілдік деген антұрғанға құл болмақ түгілі, мінін тапқандарға мың рақмет айтады» [1, 307].
«…менің ойымша, атақ алу үшін қылған іс, айтылған сөзде нағыз тазалық болмайтынын» нықтап көрсетеді. Бізге белгілі қаншама зерттеушілер тарихымызды зерттегенде атақ алу үшін (кандидаттық, докторлық) немесе тарихты бұрмалап, одан «сенсация» іздегендер де болды. Әрине, бұл тарихшыларды тарихқа деген адалдық, тазалық болмағаны анық. Мақала түйінін былай аяқтайды: «Сынаушы кім болу керек» деген сөзге айтатыным: айтуға әркім ерікті болғаны сияқты, сынауға да әркім ерікті. Бірақ нағыз таза сыншы, жоғарыда айтылғандай, жаман мінез, теріс қылықтар науқасынан таза, сау ақыл! Ондай ақылдың сынын бүгінгілер алмаса да, кейінгі әбден ақыл көзі ашылғандар алатынына дау жоқ.
Сөз қорытындысы: сыншы да, сыналушы да, жақтаушы да тапса да, таппаса да таза жүрекпен істеу жөн» [1, 308]. Өзінің зерттеулерінде қолданған бұл әдіс-тәсілдерді пайдаланып, ғылыми талдау жасап, сыни көзқарас танытқан. Деректерді сұрыптап, оларға сыни көзқараспен қараған тарихшының тағы бір қырын, яғни деректанушы ретінде танып қаламыз.
Шәкәрім шынайы еңбек жазу үшін ақжүрек, сау ақылды болу шарт. Олай болмай шынайы, объективті дүние жазу мүмкін емес. Ұлтымыздың тарихын саралау, зерттеу үшін алдымен Шәкәрімше ақжүрек, сау ақыл негізінде келу керек. Ақжүрек тарихшы ешқашан тарихты бұрмаламайды, объективті. Бұлай болмай ешқашан тарихымыз шынайы жазылмақ емес. Ал, бүгінгі кәсіпқой тарихшылар бойынан бұл негізгі қасиеттің табыла бермейтіні өкінішті-ақ.
Тарихи білімі терең тарихшы Шәкәрімді 1929 жылы Алматыдан О.Исаев, Т.Рысқүлов тағы басқа азаматтар атынан хат келіп, «Алматыға келіп, тарих бөліміне қызмет істеуге» шақырады [1, 497]. Тарих зерттеу мекемесіне қызметке шақыруға, онда тарих жазуға Шәкәрімнің ғылыми потенциалы жететінін жоғарыдағы басшылар біледі. Бұл турасында Шәкәрім қажының ұлы Ахаттың естелігінде баяндалған, әрі онда оның танымымызды кеңейтетін тарихи ойлары айтылған. Шәкәрім: «Бұл уақыт – әлі орнығып болмаған уақыт. Келешек алда. Ал, мен тарихты зерттеп отырармын. Білген анық тарихты жазсам, ол осы уақытқа қайшы келер. Сонда олар маған не айтпақ? «Мынауыңыз бұл кезге сай келмейді, былай жазыңыз!» - демей ме? Егер мен білген нақты тарихты бұрмалап, тек осы кезеңге сәйкестіре жазсам, мен кім болам, кейін хақиқатты зерттеушілер болмайды деп, айта аласың ба? Сөзсіз болады. Тарихтың шындығы өшпейді» [1, 498] деп баласы Ахатқа мұңын шағып, ұсынысты қабыл алмайды. Ол кезде Қазан төңкерісінің жеңісін, оның объективті тарихи процесс екендігін қызыл империя халықтары санасына сіңіруге күш салған түрлі ресми органдардың бірі – Истпарт қазақ тарихын бұрмалаудың «көкесін» көрсетті. Бұл орган маркстік-лениндік теория, коммунистік партия идеологиясы тұрғысынан тарих жазуды негіздеді. Сондықтан ұлтына керек шынайы тарих жазу мүмкін еместігін әріден түсінген. Шәкәрім барынша тарих алдында, ұрпақ алдында арының адалдығын сақтауға тырысты. Тарих тарихи процестерді бүкпесіз баяндауды талап етеді. Оны бұрмалау – тарихқа, ұлтқа жасалған қиянат. Шәкәрім бұл Кеңестік тоталитарлық билікті өтпелі кезең деп түсінеді. «Бұл толқында тұрған уақыт. …Бұл уақытша ғана. Ең қажетті іс – осы толқынның өтуі. Содан бұзылмай, бұрылмай, адалдық қалыпта өту керек. Бұл – уақытша болған ағым. Артқа басудың жаңылыс, қателік шегінісі. …» деп бұл кезеңнің ерекшелігін айтады [1, 550]. «Басына ауыр қайғы түскен адам енді маған өмір жоқ деп, тіршіліктен безеді. Бұл – қайратсыздық, өмір заңын көре алмағандық, өз қасиетін жоғалту. Өмір – дәуір әмән өсуде, жетілуде болады. Қоғам да солай. Басқа түсіп түрған ауыртпалықты көтермей, қайғыру, қажу адамды шатастырады. Соған шатасса, адам алдағы күтіп тұрған атар таңынан, алар үлес бақытынан құр қалады. Адам тәжірибені өткен дәуірінен алады. Сол дәуірге көз жіберіп тексерсе, салыстырса, алдағы өмірінің сәулесін айқын сезеді» [1, 552] деп өткенді барлап, болашаққа көз жібереді. Тарихшының бір міндеті сол халықтың өткенін зерттеп, елдің алдағы даму перспективалары мен тынысын анықтау. Осы міндетті дұрыс атқарады.
«…Адам болашаққа ой жібермей, сезбей, айла-тәсіл, арамдық, қиянатшылдық, ар сату жолына түсіп, нақаққа жала жауып жексұрын болады. Олай болудан сақтан!» [1, 551] деп баласы Ахатқа тэуелсіздік таңы ататын, замананың гүлденетін, жарқырайтын күнін көреді. Шәкәрім тарих ардың ісі екенін нықтайды.
«Сен барлық бойдағы асыл қасиеттеріңді арамға сатып, жоғалтсаң, ертеңгі заманға, оның адамдарына қандай боп көрінесің? Сонда сенің өмірге не керегің бар? Арамдалған арыңды қалай ақтап аласың? Заман, уақыт сүйткізді деп, өзіңнен көрмей, заманға, уақытқа жапқаның адамшылыққа жата ма?» [1, 551] деген асыл сөздерді тұтастай кеңес дәуіріндегі көптеген зерттеушілер естімегені, ескермегені белгілі. Адам әрқашан тарих алдында жауапкершілікті, жауапты деп есептейді.
Өз халқының келешегін ойлаған ойшыл ретінде ол тарихқа қатысты өзінің ойларын білдіреді. «Адамның арты бүгінгілер ғана емес, кейін де келешектер бар. Дәуір артқа тартпайды, алға тартады. Өмір жаңара бермек, өмір жаңасы адам тазара бермек. Еш нәрсе біржола жоғалмақ емес, өзгеріп қайта келмек. Тарих мәңгілік. Ол өткеннің тазасын, жарамдысын алмақ. Жаңа заман тарихтың тазасына, асылына арналмақ. Тарихтың алтындай тазасы, алмастай асылы жаңа дәуірдің іргетасы болмақ. Сол іргетастың бір керегіне жарарлық тас сынығын таппақпын, соны жазбақпын» [1, 499-500] дейді келер күнін, ұрпақты ойлаған ғұлама тағы бір сөзінде. Қарап отырсаңыз, шындық іздеу, ақиқат табу жолында тарихшы ар іліміне жүгініп, болашақты айна-қатесіз болжап білген. Жаңа дәуірдің тәуелсіздік таңы ататынын болжаған. Тарихтың тағылым алу, келешекті көру сияқты негізгі функциясын терең ұғынған. Аталмыш ойлары белгілі бір табиғи заңдылықтарға негізделгені, оның жалпы адамзаттық құндылықты, гуманизмді басшылыққа алған методологиялық бағдар ұстанғаны көрінеді.
Бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының қалыптасу кезеңінде кезінде Ш.Құдайбердіұлының тарихи ойлары, әсіресе, тарих ғылымы туралы айтқан ойлары, білдірген пікірлері өзінің дәлелділігімен, ғылыми құндылығымен ерекшеленетіндігін байқауға болады. Қазіргі кезде туындап отырған тарихымызды қандай көзқараспен, қандай ұстаныммен зерттеу керек деген өзекжарды сауалдарға Шәкәрім ҚҰдайбердіұлының қосар пікірлері, ойлары зор. Негізгі басты көзқарас, концепция – Ақжүректілік. Осы қасиетке ие болу керек. Тарихшы қауым осы концепцияны меңгерсе немесе осы қасиетке ие болса ғана шынайы тарих ғылымын жазады. Өйткені, ол зерттеуші тарих ғылымының негізгі атқаратын функциясын, мақсатын түсінеді. Шәкәрімнің ар ілімінің жаңа Қазақстан тарихы ғылымы үшін баға жетпес мәні осыдан шығады. Бұған екінің бірінің қолы жете бермейді. Баласы Ахат өз естелігінде: «Ол біз оп-оңай тани қоятын адам емес. Әкейді танитын адам бізден гөрі ойшыл, сезімі сергек, таза ақылды, білімді, әділ, арлы жандар болуы керек!» [1, 501] деп айтқанындай шынайы ғылымды меңгерудің кілті – Шәкәрімдей ақжүрек болу. Бұл мүмкіндік тәуелсіздігіміздің баяндылығымен іске асырылады. Шәкәрім атамыз айтқандай, бүгінгі заман «тарихтың тазасына, асылына арналады» деп ойлаймыз.
Әдебиеттер:
1. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. 2-том. – А.: Жібек жолы, 2007. -624 б.
2. Мағауин М. Ақын, тарихшы, философ: /Шәкәрім туралы/ // Бес арыс: естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. – А., 1992. -85-127 бб.
3. Бөкейханов Ә. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі. (Рецензия) // «Қазақ» газеті, 1913, №12.
4. Әбдіғазиев Б. «Артыңды оқып, алдыңа көз жіберсең» // Өмір. 1992. №2. 66-76 бб.
5. Кәрібаев Б. Шәкәрім Құдайбердіұлы және Қазақ хандығы құрылуының мәселелері.// Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасы: респ. ғыл.-практ. конф. мат. – А.: «Казпринт» баспасы, 2008. -146 б.
6. Мұхаметханов Қ. Шәкәрім: /Өмірі мен творчествосы жайында/ // Бес арыс: естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. – А., 1992. 10-39 бб.
7. Шәкәрім. Иманым. – А.: Арыс, 2000. -321 б.
тарихшы
ОМАРОВ Д.


