Біздің күнделікті тіршілігімізде әбден үйреншікті көз танысымызға айналып кеткен есіктің мәніне көп жағдайда зер сала бермейміз. Оның соншалықты қарапайым болмысының астарында үлкен сыр жатқаны да аңғарыла бермейді. Есік - бір әлемнен екінші әлемге өту нүктесі. Оның әрбір деталы халықтық дүниетаным бойынша киелі саналады. Босағаға, табалдырыққа, тағы басқа есік бөліктеріне байланысты ырымдар мен тыйымдар бар. Ислам діні арқылы санамызда берік орныққан рухани әлемімізде де есік киелі ұғым болып саналады. Оны кие тұту пайғамбарымыз с.ғ.с-нің мына бір хадис шәріпіне деген құрметтен туындаса керек: «Мен ілімнің қаласы болсам, Әли ілімнің қаласының есігі,-дейді Пайғамбарымыз с.ғ.с.». Есікті арапша «баб» дейді. Қасиетті топырағымызға алғаш ислам дінін таратушылардың барлығының есімдеріне баб сөзінің қосылып айтылатынын аңғару қиын емес. Мысалы Лашын баб, Қарға баб, Ысқақ баб, Әбдіжәлел баб т. б. рухани тұлғалар -үлкен ілім иелері болған адамдар. Түркістандағы түмен баб, Сайрамдағы сансыз баб, отрардағы отыз бабтың негізінен баршасы Әлиден тарайды. Сол себепті де Пайғамбарымыз (с.ғ.с) төрт шариарының ішінен Әлиді «ілімнің қаласының есігі» деген дейді ұстаздарымыз. Үйлердің, сарайлардың, қала қамалдарының есік, қақпалары қашаннан киелі саналған. Әулиелер қабіріне орнатылған кесенелер есігі тіпті қасиетті екені еш күмәнсыз. Оны жасаған шеберлер осы жағдайға мән бере отырып оның берік және әсем болуымен бірге ғалым- даналардың таңдауы бойынша ол есікке терең мағыналы хадистер, нақылдар мен сырлардың жазылуына көңіл бөлген. Міне сондай есіктердің бірі он төртінші ғасырдан сақталып қалған Әзірет Сұлтан кесенесінің қәбірхана есігі «Қапсырма» мен мен қазандық бөлмесінің есігі «Қақпа».

Ендеше әуелі кесененің ішіндегі бабамыз жатқан қәбірхана бөлмесі есігінің бетіндегі картушқа жазылған мүбәрәк Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мына бір хадисін ашықтаудан бастасақ: «Алланың сыйы - Оның есігін іздеуші момындарға». «Алланың сыйы» хадисті ашықтау барысында белгілі болады. Әуелі «Оның есігі» деп нені айтып тұр соны біліп алсақ. Құдай мекенсіз болғандықтан есікті тура мағынасында түсінбеу керек. Жоғарыдағы алдыңғы хадисті негізге алатын болсақ, бұл жерде «есік» деп ілімді айтқанын аңғаруға болады. Солай етіп қабылдаған жағдайда ғана бұл хадистің мән-мағынасын толық аша аламыз. Ал ол қандай ілім екенін білу үшін әуелгі хадистің ары қарай қалай өрбитініне назар салайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «мен ілімнің қаласы болсам, Әли сол қаланың есігі» деген хадисті естігенде хауариждердің көңілінде қызғаныш пайда болады да, содан олардың үлкендерінен барлығы он бір адам жиналып, «Әлиге бәріміз бір сұрақты қайталап қояйық, ол бір ғана жауап беріп қайтара ма әлде әрқайсымызға көкейге қонымды түрлі жауап бере ма. Содан білейік оның Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай ғалым ба ғалым емес па екенін» дейді. Сұраған сұрақтары «Ілім артық па, әлде мал артық па және оның дәлелі қайсы» дейді. Сонда Әзірет Әлі қайталамай, он біріне он бір түрлі жауап беріп, дәлелін айтады. Соңында «Егер де тіршілік тоқтағанша осы сұрақты қоятын болса да, барлығына осылай жан-жақты дәлелін келтіріп жауап берген болар едім» дейді. Мұндай жауапты тек терең ойдың иесі ғана бере алмақ. Міне осы ой турасында хз. Шәкәрім р.ғ. атамыздың өте көп айтқанын оқи аласыз. «Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып, Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып. Елу бес жыл жинаған қазынамды Оңашада қорытам ойға салып», (143) «Таза ой ойлай алмас үйде басым, Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым. Ой жемісін теремін өлгенімше, Өсектесін, күндесін мейлі қасым». (146) Жоғарғы шумақтардағы «қорытылған ой», «таза ой», «ой жемісі» - ол Алла тарапынан келген сый яғни, Құдайдан келген ілім. Оның ілім екендігі мына шумақтан белгілі болды: «Бар ғылымның түп атасы таза ақыл мен ойлану».(163) Бақара –сүресінің 282-аятында «тақуалық қылып, көзіңді тыйып, аяғыңды байқап бастың ба Алла саған ұстаз болып, ілім үйретеді» дейді.. Ал Құдай ол ілімді сүйікті құлдарына қалай үйрететенін Шәкәрім атамыз бен Ұстазым Исматулла Мақсұм ағамыздың еңбектерінен көре аламыз. «2. Жүрек ұлық Аллаға және адам ұрпақтарына тілмен, қағазбен хабар беріп, хабар алатын “факс аппараты” тәрізді деп хз.Исматулла Мақсұм ағамыз бұл жауһар ойын Шәкәрім атамыздың мына сырымен үндестіреді.

Ұлық Алланың досының сыры:

Болып едім ой құлы,

Ойым кезді бір жылы,

Кезген ойым арқылы,

Жүрегіме жаздың хат».

(Шаһкарим)

Алла тағаладан нақ осылайша дәріс алу арқылы нендей нәтижеге қол жеткізуге болатыны Шәкәрім атамыздың жоғарыдағы сырының соңғы шумақтарында былайша өрбиді:

Баспасам да ізіңді,

Сезбесем де сырыңды,

Көрмесем де жүзіңді,

Тиді бізге аманат.

Жазған хаттың сырымен,

Жарқыраған нұрымен,

Тазарып жүрек кірінен

Қайғыдан басым болды азат.

«Тиді бізге аманат» деп әлмисақтағы кезді емес, осы дүниеде Алла тағалаға деген ышыққа қайта ие болғанын айтып тұр. Құдайдың бізге берген аманатының анық осы ышық екендігін Шәкәрім атамыздың мына сырларынан байқау қиын емес:

Жарға ғашық болғаныма

Таңданатын түк те жоқ.

Жер жаралмай тұрғанында

Менде Асықтың нұры бар

Жан денеме кіргенінде

Бірге кірген осы дерт.

Жан беретін дәрігерің де,

Ем таба алмай қор болар.

 

Менде бар да, тіпті сізде,

Жоқ емес бұл қасиет.

Оны өшіріп бәріңіз де,

Дедіңіздер жауды Жар.

 

 Исматулла Мақсұм ағамыз да мына аятты тәпсірлегенде «аманатты» ышық деп береді: «Ақиқатында мен ышығымды (аманатымды) бұйрығыма, тыйымыма және сынағыма капсуладай қылып орап, аспан, жер тау-тас, бүкіл жаратылысқа ұсындым. Бірақ олар үдесінен шыға алмаймыз деген қауіппен бас тартты. Тәкәппарлық немесе қарсылықпен емес. Ұлық Алланың бұл ұсынысын Адам (ғ.с.) және оның ұрпақтары ілімсіздіктің қараңғылығының астында тұрып, білместен ұлық Алланың фазылымен қабылдады. Содан ұлық Алла бұл ұсынысын қабылдағаны үшін адам ұрпағына өте риза болып, бүкіл жаратылыстың сырларын үйретті. Сондай-ақ періштелеріне мақтанды.(Ахзаб сүресі, 72-аят)

Жоғарыда «Жазған хаттың сырымен, Жарқыраған нұрымен, Тазарып жүрек кірінен Қайғыдан басым болды азат» деп аманат тигеннен кейінгі яғни, Алла тағалаға деген ышықты тапқаннан кейінгі Құдайдың берген ілімі жайында айтылып тұр. Ясауи бабамыз да «Амал қылған шын ғашықты дана қылды дейді». Аманатты қайта қалпына келтіріп, яғни шынайы ышықты тапқан құлға бүкіл жаратылыстың сырлары үйретіліп, ол адам сол ғайыптан келген іліммен ғана ең негізгі мақсат – жүрегін тазартып, хақиқатты табады. Ұлық Құдай Құранда «ертең махшар күнінде ешкімге малы, дүниесі, бала-шағасы пайда бермейді, тек таза жүрекпен келгенге ғана пайда бар» дейді. (Шұғара сүресі 89-аят) Таза жүрекке жеткендердің Хақтың дидарын ақыретте ғана емес, осы дүниеде де көретіндігін көптеген әулиелердің сырларынан байқауға болады. Мысалы, Шәкәрім «Жарқыраған кеседен Жар суретін көрдік біз», «Жасырып тұр Жар өзін Бас көзімен қарама Жүрегіңнің аш көзін Жардың сырын арала Көрем десең Жарымды Мас бол жүрек тазала» десе, Аралбай «Көресің Хақтың дидарын Кір жұқпаса діліңе», дейді. Тағы бір сыр сөзінде Шәкәрім «Жанның бәрі мендей Жар табар еді, Терең ой, сау ақылмен шамаласа» деген. Біз ашықтап отырған хадистің ең негізгі тоқ етер мағынасы қысқа да нұсқа, жұп-жұмыр етіліп, осы соңғы сырда жеткізілген: «Алланың сыйы» - Оның дидары – «Жанның бәрі мендей Жар табар еді», «Оның есігін іздеуші момындарға” – «ладуни ілім» - «Терең ой, сау ақылмен шамаласа».

Ясауия мектебінің қазіргі замандағы бірден бір өкілі, рухани ұстаз Исматулла Мақсұм «Біздің оқып жүрген кәсіби ғылымымыз адам болуға, адамгершіліктің негізіне жетуге жәрдемі тимейді, сол себептен Ұлық Алланың: «Ұлық Алла Адам атамызға (ғ.с.) екі дүниенің бүкіл ғылымын үйретті» деген сөзінің аясындағы ғылым ладуниға қол жеткізу әрбір адам ұрпағына тікелей міндет» дейді. Бұл ладуни ілімді Әзірет Сұлтан бабамыз «хәл ілімі» десе Шәкәрім «ар ілімі» дейді. «Адамгершіліктің негізіне жетуге» осы ілімнен басқа ілімнің жәрдемі тимейтіндігі турасында Шәкәрім «Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес, Ар түзейтін бір ғылым табылмаса» десе, Әзірет Сұлтан р.ғ. елге үйреткен «хәл ілімінен» кейін халықта «хәлін білмеген һәлек болар» (жойылады, құриды деген мағынаны береді) деген мақал пайда болды. «хәл ілімі» - өзін-өзі тану – яғни, «мағрифатты» айтады. «Өзін-өзі таныған ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты». «Бар ғылымның түп атасы Таза ақыл мен ойлану» болатын болса, атам қазақ елді осы ілімге шақыру үшін «ойланбағанның түбі – ойран», «ойсыз жүрген, мұңсыз жүрмейді, мұңсыз жүрген, жынсыз жүрмейді» деп айтып кетті. Құран Кәрімнің 6666 аятының 2,5 мыңға жуық аяты да адам баласын ойлануға шақырады. Мүбәрәк Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Құран мен хадистен басқа ілімнің барлығы адам ұрпақтарын бұзықтық пен қиындыққа соқтыратынын» айтқан. Алайда ол Құран мен Хадисті де оқып, жаттағаннан кейін ақылға салып, ойланбаса, көңілге тоқымаса, ондағы бұйрықтар мен үкімдерге амал етпесе меңгерген ілімін хақты тануға емес, кәсіп қылуға жұмсауы мүмкін. Аталарымыздың «молда болу оңай, адам болу қиын» дейтіні де сондықтан. Солай адаспас үшін де Құранда «Адамдарды жақсылық қылуға бұйырасыңдар, неге өздеріңді ұмытасыңдар, сендер Кітапты оқисыңдар да неге ақылға салмайсыңдар», дейді. (Бақара сүресі, -аят) Әзірет Сұлтан р.ғ. бабамыз менің хикметтерімді оқығаныменен оның мағынасына үңілмейді десе, хз. Шәкәрім р.ғ. атамыз «Ғылымға да керек жан, Ақылсыз болса ғылым тұл» деп оқығаныңды ақылға салып, ойланбасаң, жансыз ілім пайдасыз болатындығын ескертеді. Дегенмен ақылға салып, ойлана салу да оңай шаруа емес. Пенденің қысқа ойының Құранның сырларына үңіліп, оны ашықтап тарқатуға, сөйтіп өзіне жолбасшы Кітап етіп алуға шамасы жетпейді. Құдай Құранды кімдер түсініп, кімдер ұғынатыны жөнінде жеті аят фатихадан кейін келетін бақара сүресінің алғашқы аятында былай дейді: «Бұл Кітап күдік жоқ тақуалық қылған құлдар үшін жол көрсетеді». (Бақара сүресі, 2-аят) Бұл Кітаптың тақуалық қылған құлдар үшін жол көрсететін себебі, Мүбәрәк Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай тақуалық қылған құлдың жүрегіне ладуни ілімнің – даналықтың дәні түседі, былайша айтқанда ойында сәуле пайда болады.

Тақуалық дегеніміз тек құлшылық қылу ғана болып табылмайды, бүкіл жаманшылықтан өзіңді тыйып, тежеп, аяғыңды байқап басып, ойыңа ие болуды айтады. Бұларға адам баласының мойны жар бере бермегендіктен Мүбәрәк Пайғамбарымыз с.ғ.с. мен оның ізін басқан әулиелер қылуеттер, шілханалар қалыптастырды. «Қылует» арабша оңашалану, оқшаулану дегенді білдірсе, «шілхана» парсыша қырық күндік үй, яғни қырық күн бойына сол үйден шықпай, жаныңа жат нәрселерді көруден, естуден, жасаудан тиылып, тақуалықтың нәтижесін күтетін жер. Оның нәтижесі болатындығы жөнінде Мүбәрәк Пайғамбарымыз с.ғ.с. Хз. Аббастың баласынан («Әзһар ал-заққ» кітабының 31-бетінен алынған) рауаят болған тағы бір хадисінде хз. Пайғамбарымыз (ғ.с.): Бір адам Ұлық Аллаға шын ықылас қылып, қырық күн ғибадат қылса жүрегінің көзі ашылып, даналық жүрегінен тіліне бұлақша ағады, - дейді. (2.71-бет) Ладуни ғылымға қол жеткізудің бір жолы осы.

Ал енді осы қымбат ілімге қол жеткізудің келесі бір жолын хәкім Абай атамыздың мына бір сырынан бастасақ: «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек. Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек». Жүрек - «шыбын жанның» (немесе рухтың) мекені болғандықтан көп жағдайда рухтың орнына жұмсалып айтыла береді. «Жүректе қайрат болмаса» деп рухтың қажығандығын, әлсірегендігін оған да қайрат алу үшін «ас – адамның арқауы» дегендей тамақтану керектігін айтады. Әзірет Сұлтан р.ғ. бабамыз қайда, қәйтіп жүрегіміздің нәр алу керектігін былай баяндаған: «Һу алқасы құрылды, Әй, дәруіштер, келіңдер! Хақ сыпырасы жайылды, Қалыбқа нәр беріңдер». Мүбәрәк Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қашан жәннәттың бақшасынан өтіп бара жатсаңдар, сусынданып, тамақтанып, мейірлеріңді қандырыңдар дейді, сонда сахабалары жәннәттың бақшасы не деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол – «алқа зікір» деген». Бұл неткен ұқсастық, неткен сабақтастық! Сөйтіп қуат алған рух ұйықтаған ойды түртіп, оята алатын жағдайға жетеді. Зікірдің көптеген үлкен қасиеттерінің бірі ұйықтаған ой, қайратсыз жүрек былай тұрсын өлген жүрек пен сөнген ойдың өзіне жан береді. Мүбәрәк Пайғамбарымыз с.ғ.с. «зікір жүректі тірілтіп, нәпсіні тазартады» дейтұғын болса, хз. Шәкәрім р.ғ. «Сөнген ойды жандыруға Жан берерлік сөз керек» деп осы зікірді айтқан.

 Жоғарыда айтылып келе жатқан «хәл ілімі» мен «ар ілімін» меңгеріп, даналыққа ие болудың ендігі негізгі бірден-бір жолы - әулие арқылы. Оған әуелі мына екі бірдей аятты мысалға келтірсек болады: « Қандай десең Біз сендердің араларыңа өз орталарыңнан Елшілер жібердік; ол сендерге біздің аяттарымызды оқиды, сендерді тазартады, сендерге Құран оқуды, даналықты және сендердің бұрын білмегендеріңді үйретеді». (2 – сүре, 150,151 -аят) « Алла момындарға өз араларынан Елшілер шығарса, ерекше мейірім шапағат қылды; ол, оларға Алланың аяттарының сырларын ашықтап, оларды тазартып, Құран оқу мен даналыққа үйретеді, олар бұрын ашық адасуда болса да» (3- сүре, 164-аят.). Тағы бір аятта ол елшілер даналықты, рухани ілімді өз қауымының тілінде баяндайтынын айтқан. Әлбетте соңғы Пайғамбар, соңғы Елші мүбәрәк Мұхаммед (с.ғ.с.) Алайда Пайғамбарымыз с.ғ.с. «Менің үмметімнің жүрек көзі ашылған рухани Ғалымдары (шайх) өз қауымының ішінде бұрынғы өткен бәни исраилдың пайғамбарлары секілді»,-деген [2.77-бет]. Әзірет Сұлтан бабамыз болса тек түркі жұртының емес «шайхуль ислам», «шайхуль машайх» - исламның, машайхтардың шейхы болған. Жүрек көзі ашылған рухани Ғалымдардың аяттарда айтылған шарапаттарын Мүбәрәк Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде тағы да айқындай түсіп былай дейді: «Әулиенің есігі - бақыттың қазынасы, Әулиенің махаббаты - бақыттың кіліті». Бұл хадисті қазандық бөлмесі есігінің бетінен оқи аламыз. Әулиенің есігінің, яғни ладуни ілімінің оларға Құдайдан келетіндігі мына келесі сырда тағы да айқындала түседі. Әрі тыңдаушысының бойына осы ілімді сіңдіре алу арқылы оны бақытты ететін кереметі барын көруге болады:

 

Шошыма, достым, сөзімнен,

Сөз – Құдайдан шыққан бу.

Ұқпасаң көр өзіңнен,

Жұтқызайын нұрлы су.

 

Ішіп алып мас болып,

Мал, мақтанға қас болып,

Нәрестедей жас болып,

Қайта жарал, қайта ту.

 

Арақ ішіп құтырсаң,

Бар киімді сыпырсаң,

Дүниеден мұтылсаң -

Жолға түстің түп-түзу.

 

Өлсең, сөзбен тұрғызам,

Еріксіз мойын бұрғызам.

Айтқанымды қылғызам,

Жүрегіңе төгіп у.

 

«Өлсең сөзбен тірілтем» деген қатар ауыспалы мағынада айтылып тұрғаны белгілі. Бұл жердегі «өлсең» дегені - жүректің өлуі мен ойдың сөнуі. Пайғамбарымыздың ізінен ерген әулиелердің сөздерінің бани исраилдің пайғамбарларында болмаған өлген жүрек пен сөнген ойды жандандыратын құдіреті бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жөнінде былай дейді:«Сендерге ғалымдар мен даналардың үгіт –насихатын ұйып тыңдау уәжіп. Өйткені олардың мағнауи құнарлы сөздері сендердің дүниеге байланып, өлген жүректеріңді кеуіп қурап жатқан жерді тірілткен жауындай тірілтеді».

 

Сиқырыммен жүгіртем,

Жар бетіне үңілтем.

Дүниеден түңілтем,

 Кереметті мен жаду.

 

   Байлаймын да көзіңді,

Патса қылам өзіңді.

Ұғып отыр сөзімді,

 Ел билетем жеті ру:

 

Мейірім, Ынсап, Әділет,

Шыдам, Шыншыл, Харакет,

Түп қазығы – Ақ ниет,

Бұл жетеуін ел қылу.

 

 Әулиенің ладуни ілімінің себебінен осындай хәл менен қасиеттерге ие болған адам міндетті түрде бақытты бола алады. Тапқан хәлін одан әрі дамытып, жоғарыдағы қасиеттерден ажырамаған адам нәтижесінде Хақты таниды. Сөйтіп оның да жүрегі ілім мен нұрға толған бақыттың қазынасына айналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әр нәрсенің қазынасы болады, тақуалықтың қазынасы Тәңірісін танығандардың жүрегі» дейді. Терең ойларымен Жаратушысын танығандарды «ариф» деп атайды. Ариф, Әулие сөздері мағынасы жақын болғандықтан бірінің орнына бірі жұмсала береді. Ариф сөзі сирек те болса, тілімізде қолданылған. Мысалы, бабаларымыз ырымдап Ғалымжан, Әкімжан,Уәлихан сияқты есімдермен бірге Әріпжан, Әріпбай дейтін аттарды да қоятын. Соңғы екі есім «Ариф» сөзінен шыққан. Осы жерде айта кетейік Ясауи бабамызды «Султанул арифин» яғни Құдайды танығандардың сұлтаны деп атаған. «Хақты тану үшін әуелі адам өзін-өзі тану керек» - дейді мүбарак пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Өзім» деп хәкім Абай ақыл мен жанды айтады. Сонда бізге сол екеуін тану керек болады. Оның жолын тағы да хз. Шәкәрім р.ғ. іздеп көрейік: «Айласын тап та, таза арақ іш, Жоғалар сонда бұл уайым. Таза ақылды айтар таза арақ деп, Мастық деп айтса – терең ой. Осыған ұмтыл шын ентелеп, Қиянат, алдау – бәрін қой.(33) Хақты табу үшін де «терең ой», «сау ақыл керек болса, адам өзін тану үшін де осы екеуіне мұқтаж. «Терең ой», «еркін ой», «таза ой» дегендеріміз рухтың үні немесе рухтың өзі десек те болады. Рух - Құдайдың өзінен үрлеп салған бір бөлшегі. Бұл – Құранда бірнеше жерде айтылған ақиқат . Сондықтан да осы қуат қана иесін іздеп, танып, таба алады. Бұған Шәкәрім атамыздың сырлары айқын дәлел: «Асыл іздеп Асылды аласұрар», «Жарға ғашық болғаныма Таңданатын түк те жоқ.. Жер жаралмай тұрғанында Менде асықтың нұры бар. Жан денеме кіргенінде Бірге кірген осы дерт», «Шынды білмек ойласаң сен Алдыменен жанды біл» десе, Осындай терең сырлардың біздерге кілтін ұсынған Ясауи жолының қазіргі ең көрнекті өкілі, маңдай алды ғалымы, Маймақ ишан немересі Исматулла Мақсұм «Құран сырларының әліппесі» атты кітабында былай дейді: «Рух – ұлық Алланың пенделері, өзіне жету үшін мүмкіндік беретін бүкіл нығметтерінің ішіндегі ең негізгісі және ұлысы», «Рух - ұлық, мейірімді, құл сүйгіш Алланың дидарын бетпе-бет, жақын көру үшін бұл дүниеде күш-қуат табатын бірінші жаратылыс» дейді. Алайда миллиондаған адам ұрпақтары өзінің бойында Ұлық Иесінің сыйлаған шексіз қымбат сыйынан бейхабар. Білсе де оған қол жеткізуге құлықсыз, бәлки оны іздерлік күш қуаты да сарқылған дейді ислам ғұламалары. Керісінше Құдай тағаланың басқа ниғматтарын уысымызға түсіру үшін алдымызға жан салмаймыз. Шәкәрім атамыз осы турасында өзінің сыр сөзінде

Мен адамның таппаймын өнерлісін,

Ерінбей еңбек қылған көп жұмысын.

Іш жарып, ішек жалғап, сүйек қиып,

Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін.

Аэроплан, телефон, грамафон,

Электр, радий мен магнит ісін.

Терең оймен тексермес надандарды

Дегізген: «Сайтанбысың, Тәңірімбісің?»

Осынша өнер тауып асқан адам ,

Әлемнің қиын сырын ашқан адам.

Ол түгіл өмірге де айла табар,

Өлмей жетер бірталай жасқа да адам.

Бірақ адам өз жанын танымайды,

Біледі бір өзінен басқаны адам.

Осы сыр сөздерден шығатын түйінді. Шәкәрім атамызды Әулие деуімізбен бірге Ариф десек те болады. «Рух – ұлық, мейірімді, құл сүйгіш Алланың дидарын бетпе-бет, жақын көру үшін бұл дүниеде күш-қуат табатын бірінші жаратылыс», «Рух — ұлық Алланың пенделеріне, өзіне жету үшін мүмкіндік беретін бүкіл нығметтерінің ең негізгісі және ұлысы». Ясауи бабамыз да рухты ғашық гаухары, мағрифат гауһары деп дәл бейнелеп, соған қол жеткізу арқылы ғана Хақты тануға және жанан, яғни, Құдайдың сүйікті құлына айналуға болатынын айтқан:

Ғашық болмай танымаспын Мәулім Сені,

Не қылсаң дағашық қылшы Пәруәрдигәр.

немесе

Ғашық гауһары дария түбінде жатар болар

Жаннан кешіп гауһарды алған жанан болар.

немесе

Махаббаттың дариясында сүңгуір болып

Мағрифаттың гауһарын алғым келер.

Дария түбі, махаббат дариясы деп отырғаны жүрек екені хакім Абайдан анық көрінеді. Мысалы «Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде, Содан тапқан шын асыл тастай көрме», «Жүрек теңіз қызықтың бәрі асыл тас», «Жүректе қазына бар бәрі жақсы, Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы».

Ей, достар, ғашық құштарлығы болмайынша,

Құдай жолы дариясына сүңгіп болмас.

Ол дарияның гауһары дүр Алла менен Мұхаммед,

Жаннан кешіп жүзбейінше, көріп болмас.

Адам баласының екі дүниеде бақытқа ие болуы осы әулиелерден табылатын қазына кендердің шарапатынан. Өйткені ол кендер адам баласының рухының қуаттанып, руханиятының көркейуіне бірден- бір себепші. Сөйтіп біз де бойымыздағы ең асыл қазына рухқа қол жеткізер болсақ, ешкімді алаламай, жек көрмей, дауласпай, жанжалдаспай тыныш, бейбіт, тату-тәті тіршілік кешуге болар еді. «Өзін білгені – Хақты білгені, Құдайдан қорқып, ынсапқа келгені», дейді Ясауи бабамыз. «Өзі» деп рухты айтатынын жоғарыда айттық. Ғұлама ғалым Исматулла Мақсұмның міне осы рух туралы берген ендігі бір ғажап анықтамасына назар салсақ, «Рух – адам ұрпағы мен Исламның нағыз тыныштығы, бұл рухани күш-қуат нәпсі әммараға, яғни жаманддыққа бұйыратын нәпсіге және нәпсі ләууәмә, яғни айыптаушы нәпсіге үстем болған уақыытта қоғамға орнайды…»,– дейді. Ал керісінше адам бойындағы нәпсі қуаты үстем болып, соған ерген жағдайда неше түрлі бақытсыздықтарға ұшырап, зардап шегетінімізді кез келген әулиелердің еңбектерінен кездестіруге болады. «Көп адамдар дау шығарар, нәпсі бағып, Ішіп-жеп хайуандардай, түнде жатып» (48-хикмет, Қ. А. Ясауи) «Адамның болмайды аласы, оларды бұзатын нәпсінің таласы» (Шәкәрім).

Есіктегі ендігі бір жазу шығыстың оның ішінде парсы жұртының ұлы шайырларының бірі Сағдидің ( р.ғ.) «Гүлстанынан» төрт-төрт жолдан екі шумақ үзінді берілген. Ол шейір қоладан құйылған есік қағарға әспеттеліп жазылған.

Мағынасы: Соңыңда із қалмаса,

Мәні жоқ бұл жалғанның,

Қылмаса дұға біреуі

Таза жүрек жандардың.

Бұл есіктің жаны адалға

Жақсылығы анық көп,

Тұрсын дәйім досқа ашық,

Ал дұшпанға жабық боп.

Зияратқа келген адам қай ұлттың, діннің өкілінен болса да оған кесене есігі ашық тұрады. Жоғарыдағы досқа ашық, дұшпанға жабық болсын деген сырлардың астарлы мағынасы бар. Есіктің досқа ашық болсын денгені – мұндай терең ілімді таза жүрек, талапты адамның түсіне алатындығын, құлақ салып тыңдайтынын айтқаны. Шәкәрім атамызша айтсақ былай болады:

Ұғымды, милы жастың ойын қозғап ,

Ұқтырар талай тәлім, талай есеп.

Ал есіктің дұшпанға жабық болсын дегенін Шәкәрім оны жоғарыдағы сыр сөздің жалғасында былай бейнелейді:

Тәтті жеміс, нұрлы гүл керек қылмас

Боққа төккен саламға тойған есек.

Адам ұрпақтары жоғарыдағы ашықталынған Пайғамбарлардан, Әулиелерден мирас болған ілімге қол жеткізсе ғана халыққа адал, риясыз, қарымтасыз қызмет етеді. Ол мүмкін емес нәрсе емес. «Мен жомартпын Жар нұрына, Алса екен деп барша жан». (Шәкәрім). «Адам ұрпағы жүректегі рухтың өсу мөлшері қаншалықты жоғары және жоғарырақ болса, соншалықты бұл дәулетті, яғни рухани өсуді басқа адам ұрпағына және өз ұрпақтарына жаппай жеткізуге бар күш- қуатымен тырысады. Ұлық Алланың берген шарапатынан және сыйлықтарынан басқалар да үлес алсын, пайдалансын деп ұмтылып, әрекеттерін жомарттықпен орындайды». (Исматулла Мақсұм). Пайғамбарымыз да хадис шарифінде, «жомарттың жомарты әуелі Алла тағала, онан кейін мен, менен кейін «қал», «хәл», «ар» ілімін меңгеріп, адамгершілікке қол жеткізіп, басқаларға да осы ілімді үйретіп, жоғарыдағы хәлді табуға үлгі болғандар»,-дейді. Олай болатын болса неге бізге де ұстаздарымыздың жетекшілігімен біздер үшін тегіннен-тегін қалдырған бабаларымыздың рухани қазына мұраларынан пайдаланып мағыналы да мәнді, бақытты өмір сүрмеске болмас.

Әдебиеттер:

1.әл-Құран әл-Кәрим, Дар ал-Фурқан, Димашқ, 1403/1983-1984

2.Мұхаммед ибн Абдулла әл-Хатиб әл-Тебризи, Мишкат ал-Масабих.

3.Қожа Ахмет Йасауи, Хикмет жинақ, А., «Жалын», 1998.

4.Маулана Жалалиддин, Руми Маснауи Мағнауи

5..Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы, А., «Жазушы»,1995.

6. «Жыр-дария», Ақтау, 1995

7. Шәкәрім Шығармалары, А., «Жазушы», 1998.

8. Шәкәрім «Иманым», А., «Арыс»,2000.

9. Исматулла Мақсұм «Құран сырларының әліппесі». А., «Алаш», 2004.

ЖҮНІСБЕКОВ Ұ.

Түркістан қаласы

 

 

Пікірлер саны: 1 к “Әзірет Сұлтан кесенесінің есіктеріндегі хадис пен нақылдардың мәнінің Шәкәрім сырларымен үндестігі”

  • Пузанов | 5 03, 2009, 8:24

    Отличная статья.Респект автору.

Пікір жазу

© 2010 “Ясауи” вокалды тобы .
E-mail: yassaui@mail.ru   . Web-cайт жасау, техникалық қолдау: "Қаламгер ТЕН" ЖШС .