- Friday, 20 02 2009, 1:40
- Мақалалар
- 2,424 рет қаралған
- Пікірлер саны: 1
«Педагогика» латын тілінен аударғанда «баланы жетектеу» деген мағына береді екен. Оңы-солын, алды-артын танып білмеген жеткіншек қана жетектеуге мұқтаж. Әу бастан беталысы қатты боп туатын азаматтың бағыты қисық болса, оңбасы белгілі. Анадан пәк боп түсетін сәбидің есейе келе жаманшылыққа бас қоятыны неліктен? Ата-ана мен бала, ұстаз бен шәкірт арасында міндетті түрде болуы тиіс тал шыбықтай нәзік тәрбие деп аталатын мораль заңы көмескіленді десе де болады. Бұл келеңсіздіктер ғылым теория жағынан дұрыс боп, практикасы оған сәйкес келмегеннен туындаса, қоғам аузымен орақ оратындарға емес, адамгершілікті нәзіктікпен шебер түрде тарататындарға зәру, ал теория қате болса «ар түзейтін бір ғылымның» шығуымен ол жоғалады, мағынасының іліп аларлығы болса ол жаңарады.
Бала тәрбиесін үш кезеңге бөлуге болады: құрсақтағы тоғыз ай, тоғыз күн, дүние есігін ашқаннан басталатын бесікке бөлену кезеңі және тәй-тәй басқаннан ат жалын тартып мінгенге дейінгі уақыт. Абай айтпақшы ең қиын мамандыққа – адам болуға баулитын ошақтың үш бұтындай болған осы шешуші мерзімдердің маңыздылығына жеке-жеке тоқталып өтейік.
Дарвин ілімінің пайымдауынша адамның әуелгі қалпынан, яғни неандарталь, питенкантроп, епті адамнан қазіргі пішінімізге қалыптасқанға дейін 150 млн. Жылдай ғұмыр жұмсалған. Анасының жатырына енген эмбрион осы 150 млн. жылдық процесті тоғыз ай, тоғыз-ақ күнде басынан өткереді екен. Мұнан ана құрсағында нәрестенің өте тез жетіліп, тоқтаусыз дамитынын аңғарамыз. Қазақтың «қызға қырық үйден тиым», «келінім саған айтам, қызым сен тыңда» дейтіні тұтас – ұрпақтың болашағымен астасып жатқан көрнекті құбылыс.
Атымтай жомарт өлген соң інісі де Атымтайдай боламын деп, малын шаша бастапты. Шешесі неше қабат айтады екен: «Шырағым, малды орынсыз шаша берме», – деп. Бір күні бұл сөздер баланың көңіліне келіп, шешесінен сұрайды: «Сіз маған мал шашпа дейсіз, мархұм Атымтай ағама бір сөз де айтпайтын едіңіз. Атымтай туған ата-анадан мен де туғаным жоқ па? Атымтайға біткен мал маған да біткен жоқ па? Сіз қалайша менің жомарт болғанымды жаратпайсыз»,– деп.
Шешесі жауап береді: «Атымтай туған соң үш күнге дейін жылап емшек ембеді. Емшегім сыздап, сүт аққан соң, көршіміздегі бір жетім баланы емізіп едім, құшағымда отырған Атымтай жылағанын қойып, екінші емшекті еме бастады. Осылайша, әрқашан бір емшекті әлгі жетім балаға емізбесем, Атымтай да ембеуші еді. Ал сен балам, туғаннан былай қарай, бір емшегімді еміп жатқаныңда, екіншісін екі қолыңмен мықтап ұстап жатушы едің, міне соның үшін сен Атымтайдай жомарт бола алмайсың. Малыңды орынсыз шашпа, дейтінім сол», – депті.
Біздің халықта әйел босанарда бүкіл жан-жануар, ит құсты үйдің маңынан аулаққа қуатын болған. Ондағы себеп, сәби шыр етіп жерге түскенде, ненің дауысын естісе, сол тіршілік иесінің мінез-құлқы баланың бойына судай сіңеді. Сондықтан үй иесі кіндік шешені көнені көрген көреген, текті ортадан таңдайды.
Анасының уызынан қуат алған қызыл шақа кіндігі қиылған соң, жаялығына оралған күйі ағаш бесікке жайғасып, әлди-әлдидің әуенімен тәтті ұйқының құшағына енеді.
Дүниеге сыймайтын қайран адам баласы бесікке сыйсын ба? Талпаңдаған қалпы домалаңдап, тал бесік пен тыныш ұйқыны лайық көрмей кең даланы бетке алады ғой. Қадамы қарышты, жолы түзу болсын деп тұсауын кеседі. Бұл – адамның адам болашағына себепші үшінші кезеңнің басы. Баланың тұсауын үш нәрсемен кеседі: біреудің ала жібін аттамасын деп ала жіппен, тоқшылық болсын деп тоқ ішекпен, көк шөптей көкке ұмтылсын деп шөппен кеседі. Бесікке салу, шілдехана, тұсау кесу, сүндеттеу сияқты дәстүрлер тіршілік деп аталатын ортаға тап болған «қонақты» күтіп алу рәсімдері еді. Халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құрдасыңдай көр, он бес жастан кейін құлдай жұмса» дейтіні осыдан шықса керек.
Жоғарыда педагогиканы қазақшалап «баланы жетектеу» деген мағына беретұғынын айттық. Алайда компасын жоғалтқан кемедей баланы қайда, қалай жетектеп баратындығы бұлыңғыр. Шәкәрім атам бұл жайлы:
Қазақтың көзсіз баласын,
Қаңғытып қайда барасың.
Адалды сатып арамға
Адалдап қайтіп аласың? [1,138] –
деп қайғырады.
Педагогиканы бала тәрбиесіне жауап беруші ғылым деп есептеу қате. Ол бала тәрбиелемейді, адам тәрбиелейді. Лев Толстой айтады: «Өмірімді жүз қадам деп есептейтін болсам, туғаннан бес жасыма дейін тоқсан тоғыз қадам, бес жастан қазіргі маған дейін бір қадам», – деп. Әл-Фараби бұл аса жауапты кезеңді он бес жасқа дейін ұзартады. Демек, адам ғұмырының тоқсан тоғыз пайызы балалық шақ пен жасөспірім кезеңге тікелей қатысты болса, онда педагогиканы неге адамды толықтай қалыптастыратын ғылым демейміз.
Қоғамның басты байлығы адам және оның өмірі болғандықтан, адам баласының бірлікте, тыныштықта, ымырада өмір сүруі – заманның мамыражай болмағына кепіл. Дана қазақ әу бастан баланы осы принциптерге бейімдеп тәрбиелеп келді.
Өзімшіл болма көпті ардақта,
Адамның бәрі өз халқың–
деп [1, 34] Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы, адам баласына риясыз қызмет баланың азамат боп өсуіне ғана емес, елдің бас боп бірігуіне және ұлттың ұйысуына жетекші фактор болды.
Бүгінгі тұтынушы қоғам тек қана жекешілдік, индивидуалистік шарттармен ғана өлшенді. Тек заттай айғақтар ғана байлық ретінде қарастырылды. Шәкәрім ата тілімен айтсақ:
Затшылдық көзін байлады,
Адастырып айдады
Жан билемей, тән билеп
Ақылдың соры қайнады.
Ғылым деп уды жегізді
Тәнсіз зат жоқ дегізді.
Дәлелсіз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды негізді.[1, 234]
Затқа табынып, материалдық игіліктерді көбейткен үстіне көбейтіп, тұтынған үстіне тұтына беруді мақсат қып қойған қоғамда жоғарғы моральдық принциптерді алдыға қоятын азаматтар қажет. Экономикалық проблемаларды шешсек те, саяси институттарды жетілдірсек те барлық арман-мақсаттардың орындалмайтынына анық көзі жеткен біздер елім деп еміренетін ерлердің тапшылығын анық сезіндік.
Бұрынғы көшпелі дала мәдениетінде адам екіге бөліп қарастырылатын жақсы жағы және жаман жағы. Сол дәуірдегі тәрбие беруші – әулие ұстаздар баланың теріс мінез-құлқымен, қылығымен, қасаң әдеттерімен күресе отырып рухын кемелдендіруші еді. Осындай ілімнің нәтижесінде қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қалыптасқан. Кешегі 37-38 жылдардың зұлматында репрессияға ұшыраған интелегенциялардың 4-5 жылдық семинариялар мен 2 кластық орыс-қазақ мектептерін оқығаны болмаса, барлығы дерлік ауыл ақсақалдарының алдын көргендер еді. Зиялы қауымның өз қолдарымен жазған өмірбаяндарына көз жүгіртсек, мынадай естеліктерге куә боламыз: «Баяғыда бала күнімізде ауылымыздың жанында дөң болушы еді. Күн жылынғанда, әсіресе, жазғұтырым мезгілінде ауылдың үлкендері төңіректегі қара домалақ балалардың бәрін жинап әлгі жасыл желекке оранған төмпешіктің үстінде отырып, жыр-дастан, ертегі және қызықты әңгімелер айтып беруші еді. Біз оны қоршалай отырып аузынан шыққан әрбір сөзді ұйып тыңдайтынбыз», – дейді. XX ғасырдың басына дейін қазақ баласы рухани қорегін осылай тапты.
Біздің халқымыз қара бастың қамынан аса алмайтын тоғышар, мешеу наданды тәрбиелеп шығаруды мақсат етіп қойған емес. Дала қара домалағының ұстанымы біреу ғана болған: «Ауылыңда болса аузыңа тиеді, еліңде болса ерніңе тиеді». Бабаларымыздан қалған ертегі, дастан, жыр һәм хиссалардағы батырлар мен жомарттар баланың «Ержеткенде менде осылардай болам» дейтін арманына айналды. Дүние есігін түріп ашқан жаңа заман иесі өмірге келгенде жаңа ақпараттарға аса зәру болып туады.
Шәкәрім ата тілімен сипаттасақ:
Баяғыда жас бала едің сен,
Ойың бұзылмаған, көңіл!
Періштеден таза едің сен,
Қиянат қылмаған, көңіл!
Ата-Анаңа мархабатың -
Бояусыз нұр, кәрәматың.
Жоғары ғарыштан затың,
Анық шын бұл маған көңіл. [1, 55]
Дала педагогикасы – осы таза дәптерді ізгі ниетпен, адамгершілікпен, ар-ұятпен толтыру, міне, осы ұлы мақсат. Сондықтан қазақ салиқалы азаматты көкірегі ояу, терең ойлы жан деп есептеген.
Шәкәрім атамыз адам болу мен бала тәрбиесін біртұтастандыра қарастырады. «Бұлақ басынан тұнады» демекші данышпан тар құрсақ пен тал бесік тәрбиесін кемелдікке жетудің кілті деп біледі. Өз сөзімен айтсақ:
Пайдасыз құмарлық та мақтан-дағы,
Ерте бойға жуытпа сақтан-дағы.
Үйір қылып алған соң құтылу жоқ,
Бейне түлкі боласың қақпандағы.[1, 53]
«Ертерек кедейліктің алдынан шық, төбесі көрінген соң қиын болар» деген Шал ақынның мұңымен үндес әулие атамыз сыр сөздерінде ерте қимылдағанның есебі толық болатынын ескертеді. Олардың кейбіріне сөзімді растау үшін тоқталып өтейін.
Тәңірі жолы ақ жүрек,
Сайтан деген – қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы қыл әдет…[1, 130]
немесе:
«Араққа ақыл, мастыққа ой билетпек,
Оңай емес ертерек ойланбаса.
Тәкаппар, өзімшілді құдай ұрар
Ақылына бас имей шалқақтаса», –
дейді. [1, 26]
Қазіргі таңда адам бұрынғысынша дараланып, бөлшектеніп емес тұтас ағза ретінде ұғындырылады. Оның кертартпа қуаты ескерілмей, ол қоғамның басты қозғаушы күші саналды. Сөйтіп, бітеу жараға айналдырылды. Бұл адам денесінен бөртіп шыққан жараға ешқандай ем-дом жасамай дәкемен орап, сыртынан сипалағанмен бірдей еді. Бүгінгі біздің қызметіміз сол жараны сырттай сипалау болып қалды. Асқынған кеселге шипа бермек түгілі, диагноз қоя алмаған мұғалімдер іштен шыққан жаумен күресе алмай дәрменсіздің күйін кешуде. Білімді жұрт – Европа осы кеселге бірінші болып шалдыққан. Неміс философы Фихте өзінің зарын бізге былай деп жеткізеді: «Жас адамның бойында даналық немесе залым болуының мүмкіндіктері болады. Бірақ–дейді Ұлы философ – Менің ізгі данагөй немесе залым болып шығуым менсіз шартты түрде алдын-ала анықталып қойылған секілді. Ондай анықтауға өз тарапымнан өзгеріс енгізуге дәрменсіздігім, сондықтан да алғашқыда (дана болуға ұмтылуда) менің ешқандай табысымның жоқтығы, ал екіншісінде (залым болып шығардай) ешбір кінәмнің жоқтығы, мені жиреніш пен үрейге булықтырады…».
Шәкәрім атамыз бұл психологиялық проблемалардың өте тереңде жатқандығын былай деп айғақтайды:
Осынша өнер тауып асқан адам,
Әлемнің қиын сырын ашқан адам.
Ол түгіл өмірге де айла табар,
Өлмей жетер бірталай жасқа да адам.
Бірақ адам өз жанын танымайды,
Біледі бір өзінен басқаны адам.[1, 210]
Соңғы ғасырда екі аяқты пенде баласы ғылымға аса ден қойды. Бір философ айтпақшы, «Бәрін таптық, бірақ адамды жоғалтып алыппыз». Ғылыми жаңалықтар мен инновациялардың шапшаң игерілуі адам жанына тоят бермеді. Осы орайда ойымызға ел аузынан қалған мына хикая оралады.
«Баяғыда елін зарлатқан залым патша өмір сүріпті. Әлгінің дандайсығаны сонша, ұсталарды жинап үлкен сандық соқтырады да халқына сандықты алтынға толтыру жөнінде әмір береді. Алайда елдің бүкіл алтыны зор сандықтың жартысына да жете қоймайды. Қатігез патша қару күшімен жұртты жәбірлеуге көшеді. Мұны естіген сол патшалықтағы бір әулие қолын жайып Құдайдан былай деп дұға тілеп: «Я, мейірімді Алла, дүниеге көзі тоймаған мына пендеңнің саусағының ұшы, денесінің түгі тигеннің бәрін алтынға айналдыра бер», - деген екен. Тап сол күні бүкіл ел таңқаларлық ғажайыпқа куә болады. Алтынға құныққан билеушінің арманы орындалып, ол ұстаған зат алтынға айналып, босатса баяғы қалпына қайта енеді екен. Ол қабырғасына арқа сүйеген зәулім сарай сап-сары саф алтындай болса, арқасын тартқанда әдеттегі кейпін киіпті. Қандай етік кисе де сары сақтиян боп, шешкенде қайыс қалпын тауыпты. Есі шыға қуанған патша біраз уақыт сайран салыпты. Бірталай мезгіл өткенде қарны ашады. Бірақ сорлының саусағы тиген тағамдар сары тасқа айналып кете береді. Аштықтан бұратылған байғұс патша өңешінен қорегі өтпей «Арпа бидай ас екен, алтын-күміс тас екен», – деп о дүниеге жөнеліпті».
Адам баласы жаратылысқа қарап өзін-өзі тануы тиіс. Өнер-білім – ақылдың азығы. Ал ақыл – рухты кемелдендіруші. Өзен ағысынан, өскен ағаштан, толған ойдан, домалаған тастан ғибрат алмаса даму кенжелейді. Бұл дегенің жаңғақты шағып жемей, бітеудей жұтып, арт жағынан бітеудей тастағанмен бірдей.
Пән менен дін деп қор болар,
Ойында өзі зор болар.
Ноқтадан басын ала алмас,
Жетекшіл айуан сол болар,.
Ақылға анық жүгінбес, [1, 117] –
деп.
Шәкәрім атамыз осындай «еңбегі еш, тұзы сор» болғандарды айтады. Педагогика адам дайындаушы емес, маман дайындаушы болып өзгерді және соңғыларының саны көбейді. Оны методологиялық көзқараспен пән деп атады. Көз алдыңызға хош иісті табиғи гүл мен пластмассадан жасалған гүлді қатар қойып елестетіңізші. Табиғи гүлге су керек, күннің жарығы керек, жылу керек, қорек тыңайтқыш керек, түбін қопсыту керек және осы нәзік те ауыр жұмысты атқаратын гүл өсіруші міндетті түрде керек. Сол сияқты адам болу үшін саған таза ақыл керек, кемел тақуалық керек, рухани дертіңе ем керек және шипаны бойыңа егетін Ұстаз керек. Ал пластмасса гүлге бояу мен пластмасса жеткілікті болса, сол сияқты маманға студент деген атақ пен аттестат, диплом ғана қанағат береді. Керек пен керексізді ажырата алмай жоғарыда айтқан патшаның аузына тістеген асы алтын тасқа айналатыны секілді педагогикадағы категориялар мағынасынан адастырып догмаланды.
«Балалықты қуып жеткен, тазалыққа қайта жеткен» бабамыз Шәкәрім Құдайбердиев:
Шала дін мен қате пәннің,
Соңына ерме, шынға ер.
Міні – жаның, міні – тәңірің,
Міні –дінің, міні – иман, [1, 165] –
деп, кейінгі жастар үшін анық та қанық мол рухани қазынасын қалдырды. Қара сөз түрінде, сыр сөз түрінде талып жеткен мұраның бастауы атамыздың «Оятқан мені ерте Шығыс жыры» деп өзі айтпақшы құмда ізі, көкіректе әуені қалған Ұлы Дала ойшылдарының кітапханасы болса керек. Адамзаттың негізгі жолы Тәңірден келген асқақ рух екенін түсінбейінше және елді сол рухты тәрбиелеу үшін Шәкәрімдей Ұлы данышпан Ұстаздың қажеттілігін түсінбейінше біз педагогика мәселесінде түбегейлі бетбұрыс жасай алмаймыз.
Әдебиеттер:
- Шәкәрім. «Иманым» А., «Арыс» 2000 ж.
Нәлібаев Б.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
магистрант



Мне кажется очень полезная штука.