- Saturday, 14 02 2009, 17:27
- Мақалалар
- 1,344 рет қаралған
- Пікірлер саны: 1
«1984 жыл. Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетінің (ол кезде «Политех» аталатын) 50 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатыр. Бүкіл жиын орысша. Ең соңында сөз институттың ақсақалы ретінде Ақжан Машанов атамызға берілді. «Ал, бағанадан орысша сөйлеп жатырсыңдар. Мен батамды қазақша берем» деді. Төралқада отырғандар бір-біріне жалтақтап, үрписіп қалды. Ақаң сөзін былай деп жалғастырды. «Жаңа осы жиынға келе жатсам, қасымдағы профессор досым жолда жатқан бір тасты теуіп жіберді. Мен оған «Неге тептің?» дедім. «Жай жатқан тас болған соң тебе салдым» – дейді досым. Мен айттым: «Бұл жай тас емес. Бұл таста сенің жейтін наның да бар, киетін киіміңде бар. Кристалдық тор ғып өрген оны қандай құдірет екенін білемісің? Егерде сен жаңа тепкенде бір атом шығып кететін болса, онда тастың быт-шыт боп бүтін құрылымы бұзылады. Бір атомның қуатымен дүниені астаң-кестең қылуға болады. Міне, біздің Политех – осы тас сырын зерттейтін ғылым ордасы» – деп, отырғандарға ой тастап, Ақжан Машанов: «Ал, енді мен сендерге бата берейін, қолдарыңды жайыңдар», – деді. Коммунизмнің қылышынан қан тамып тұрған кезі еді…» (ҚазҰТУ доценті Ә.Жолшараның естелігінен).
XXI ғасырда, ғылым мен техника өркендеген заманда шынайы мәдениет пен шынайы өркениеттің парқын ажырататын кез келгендей. Бүтін жаратылысты «тірі табиғат» пен «өлі табиғат» деп жіктеп, жіліктеп бөліп тастаған қазіргі заман ғылымы ежелгі заманнан бері бүтін бірлік ретінде қарастырылып келген болмыс бірлігін жоғалтып алғаны ақиқат. «Табиғат өлі және тірі болып, екіге бөлінеді. Өлілерге тау, тас, су т.б., тірілерге жан-жануар, өсімдіктер» – деген қағида санамызда бекіп қалғаны да рас. Әсем табиғатпен біте қайнасып, шерін тарқатқан қазақ үшін табиғатты өлі деп атау ешқашан ақылға сыйған емес.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер –
деп ақын Қасымды тебіренткен қара тастың тілсіз болса да, жанды екенін атам қазақ бұрыннан байқапты.
Тілсіз болғаны үшін әлі күнге дейін «өлілердің» қатарында келе жатқан тастың мән-жайын ашықтап, А.Машановтың жоғарыдағы ойларын тарқатып көрсек.
Қазіргі кезде 500-ге жуық сала-салаға жіктеліп кеткен жаратылыстану ғылымдарының жартысынан астамы тастармен жұмыс жасайды. «Өлімен» жұмыс жасап жүрген бұл не қылған «ақымақ» ғылымдар? Алдымен тастың өзі не екенін анықтап алсақ. Ғылымның тілімен айтсақ, тас – минерал, кен. Тас – құраушысы Менделеев кестесіндегі әртүрлі химиялық элементтерден тұратын күрделі, қатты зат. Химиялық элементтер минералда белгілі ретпен орналасып, өсіп, керек десеңіз, тіпті, жаңасын туып отырады. Минералдың құрамында ең көп кездесетін – оттегі, сутегі. Олар тасқа су арқылы немесе жеке дара ене алады. Сутегі жаңбыр, жер асты сулары арқылы енсе, оттегінің көп мөлшері ауадан алынып отырады. Қарапайым түрде тастар да дем алып, су ішеді деген сөз. Тастың ішіндегі байланыстар берік, әрі элементтердің арасы жақын болғандықтан, тас қатты болады [1].
Тастың түзілуін қарастырсақ. Алғашқы элемент өзінің жарты бөлігін іздестіреді, оған сырттан сыйыса алатын элемент келіп қосылады да, сонда бекіп, қалғандарын шақыра бастайды. Осылайша өзінің орнын іздеген элементтер көңілі қалағанымен емес, көңілі сыйысқанмен қосылады. Тастың құрамы болса түрленіп, түзілуін тоқтатпай, «таудай болсам, көкке жетсем» деп тырысады. Ескере кететін жайт, кез-келген элемент бос орынды иелене алмайды, тек алғашқы элементтермен мінезі (активтігі), құрылысы (валенттілігі) сай келетіндері қосылып, берік қорған соққандай, моншақтай тізіліп, рет-ретімен орналаса алады [2]. Кездейсоқ, жансыз жаралып, осылай мақсатсыз, ретсіз орналаспағаны турасында Шәкәрім атамыз былай деп сипаттайды:
Білімсіз, мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шығар бар ма жүйе?
Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ,
Тәртібі таң қаларлық зор мәшине.
Алыстан іздемей-ақ ойласаңыз,
Көру үшін жаралған көзіңіз де [3, 100].
Тас түзілгенде ішіне кем дегенде 2 элементтен бастап, бірнеше ондаған элементке дейін кіре алады. Әлі күнге дейін тастың түзілуі туралы нақты теория ашылмаған! Тек жеке қасиеттеріне ғана сүйенетін негізгі 5 теория бар. Олар да өздерінің мардымсыз дәлелінің нәтижесінде қолданылмай келеді [2].
Берік болып байланысқан тастың өзі өседі дедік. Біреу өсіре ме? Кім, қандай шебер, қандай құрылысшы? Қалайша десеңіз, тіпті оп-оңай. Оның құрамында ион түріндегі элементтер әр уақытта болады, солар өзіне сыңар іздейді. Ал ион түріндегі элементтер тастағы ақаулардан түзіледі. Ақаудан бос қалған элемент тыным таппай байланыс іздейді. Сөйтіп, мақсатпен түзіліп жатқан ақаулар минералды осылайша өсіріп отырады. Тастың құрамына бастапқыдан белсенді элемент түсетін болса, алғашқысы орнын босатып, кейінгісіне береді. Алғашқысы қайтадан сыйысатын элемент іздеумен айналысады. Егерде өздері жеке дара өмір сүре алатын болса, бөлініп шыға алады. Оған себепші – ғылыми түрде айтсақ, әртүрлі еріткіштер. Яғни құрамына енген еріткіштермен әсерлесіп, үздіксіз құрамын өзгертіп отыратынына еш шүбә жоқ. Бұл процестердің барлығы бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдардың еншісінде жүріп отырады. Егер оның ішінде үздіксіз процестер жүрмесе, тастар уақыт өте мүжіліп жоғалып кететіні анық. Мұнда бейне бір кілем тоқылып жатқандай орын басу, орын ауыстыру, жаңадан қосылу сияқты электрондардың қозғалысы үздіксіз жүріп жатады. Осылайша «өлі» саналатын тас белсенді электрондармен көзге көрінбейтін қозғалыста болады. Үздіксіз қозғалыстағы заттарды жансызға теңеу – «соқыр ғылымның» туындысы ғана. Азат ақыл, еркін ойға ерік берген Шәкәрім қажы осыны былай деп сипаттайды:
Қозғаған қуат – жан дейміз,
Жан өсті жаннан сан дейміз.
Сол жандар әсер берген соң,
Жаралды сансыз тән дейміз,
Жанына қарай тән солар [3, 114].
Тасты өлтірмей, электронға, протонға, нейтронға ыдыратпай ұстап тұрған не күш? Тастың құрылысын, кристалдық торын қарасақ, бейне бір тоқылған кілемдей, бірақ ондағы атомдар жіпсіз байланысып, ұсақ-ұсақ бірдей құрылымдар түзген. Бұларды бір ғып тұрған көзге көрінбейтін қандай жіп? Ғылым бұл процесті былай түсіндіреді: тастың ыдырамай тұрғаны тек атомдардың қозғалыста болуынан. Ал Шәкәрім атамызша айтқанда, оның қозғаушы қуаты – жан.
Әрі қарай тарқатсақ. Тасты өндіріп, өңдесек, кәдемізге жарайтын көптеген қолданылатын нәрселер, темір, қорғасын, қалайы т.с.с. алынады. Олай болса, біздің тасымыз қайтадан ішінде үздіксіз қозғалыс болып жатқан жаңа өнімдер беріп отыр емес пе? Қазіргі таңдағы қазақтың ғұламасы, рухани ұстаз Исматулла Мақсұм «Құран сырларының әліппесі» атты еңбегінде «Темірлер – таудың қатты тастарының арасынан тамырсыз өсетін дарақтар», – деген анықтама береді [4, 25]. Басында айтылғандай, ең негізгі бастапқы құраушысы басқаларын баурына басып, оны өсіріп, жаңа түрге айналдырып, бөлек шығарып отырады. Тіпті бір элемент уақыт өте келе, екі жаңа элементке айнала алады. Бұған себепші – бастапқы энергияның азаюы; ондағы әлсіз электрондар бөлініп, қалғандары жаңа элементке ауысып отырады. Сөйтіп, жаны жақындары бір-біріне барынша тартылып, өсудің қамын ойлайды. Негізінен тас құрамындағы элементтердің қорегі өзінің ішкі энергиясы болып табылады. Тамақ жемесе де, энергиясы бар, ақылы болмаса да, «дарақ» тәрізді өсетін тастың жанды екеніне енді қандай шүбә бар?
Шәкәрім қажының атасы Құнанбай бабамыз: «Құм жиылып тас болар, іліктірер лай болса, құл жиылып бас болар, біріктірер Құдай болса» – деп даналық сөз қалдырған. Сол тасты біріктіріп тұрған «лай» қайдан келді? «Лай» өздігінен құмдағы сәйкес элементтерді қандай ақылымен таңдап біріктіреді десеңізші! Құнанбай атамыз айтып отырған «біріктірер лайды» Шәкәрім атамыз былай деп көрсетеді:
Басында жоқты бар қылған,
Жоқтықты жойып көр қылған,
Есепсіз дене жаратып,
Еріксіз жиып нәр қылған
Жан емей енді немене? [3, 178]
Біздің ойымызға ілесіп, бұл пікірлерді сау ақылдың тезіне салып, қадағалап отырған жастар болса, «Е, тас жанды болса, өлуі керек еді ғой» деген заңды сұрақ қояр еді. Бұған Шәкәрім атамыздың сөзімен жауап берсек:
Тіпті кетпес шын жоғалып,
Байқасаңыз, барша жан.
Тағы дене тауып алып,
Тағы өседі қайтадан.
Түрлі жандар дене түрлеп,
Өзгеріп тұр бұл ғалам.
Жоғалатын нәрсе жоқ деп.
Айтты ғылым байқаған [3, 164].
Ендеше «тастың өлімі» дегеніміз – тасты басқа заттарға бөліп, жаңа заттарды алу. Нақтырақ айтсақ, бір минералдан бірнеше шикізат аламыз. Мысалға, шойын мен болатты өндіруге темір қажет, ал ол темір кендерден (магнетит, қызыл темір тас, қоңыр темір тас т.б) алынады. Осылайша тас-кеннің жаны өңделген соң, еріксіз шойын мен болатқа өтпек. Исматулла Мақсұм «Кендердің өлімі – кендерді тауып, іске асыру, яғни олардың мәңгі жойылуға бетпе-бет келуі»,– деп нақты айтады [4, 73]. Ал, барлық химия бастау алған, М.В.Ломоносовтың 1748 ж. ашқан «зат массасының сақталу заңы» бойынша химиялық реакцияға қанша масса зат түссе, сонша зат бөлініп шығады делінеді [2]. Кеннің (тастың) өлімі мәңгілікке жойылып кетуі болса, өзіміз көріп отырғандай, кендер жоғалмай, қорланып, жиналып, сосын минералдарға, металдарға, т.б. айналып отырғанын еркін оймен айқын аңғаруға болады.
Тастағы элементтер жоғалып кетпей, тек электрондардың энергиялары азайып, тас жанының әлсіреп, басқа элементтерге ауысып кететінін түсінуге болады. Сондықтан минерал (тас) құрамының өзгеруінің мағынасын Исматулла Мақсұм былай деп көрсетеді: «Дүние тәртібінің негізі: үздіксіз бір айналыс. Мысалмен айтқанда, бу жаңбыр мен қарға айналады. Олардың артықтары қайтадан теңізге барып құйылады. Дүниеде тіршілігімізге себеп болатын басқа да табиғи құбылыстар бар» [4, 11]. Осындай таңғажайып үздіксіз айналыс тәртібін үйлесіммен, әсем сұлулықпен орындап тұрған сол «ақылсыз» тастың әрекеті деп айтуға болады.
«Өлі» анорганикалық дүниеден «тірі» органиканың қалай пайда болатынын әзірге ғылым теория жүзінде бұлдыр болжаммен айтса да, нақты тәжірибе жүзінде көрсете алған жоқ. Дәл осы «Үш анықта» Шәкәрім атамыз осы күнгі ғылым сан-саққа жүгіртіп шеше алмай отырған қынаның тасқа бітуі туралы былай дейді: «Тас пен құм сүйектерге біткен қынаны алып қарасаңыз, қынаның астында тас пен сүйектің бетінде топырақ сияқты бір нәрсемен жабыстырылған болады. Сол топырақ сияқты нәрсені табиғат қайдан әкеліп отыр? Мен ойлаймын, су мен топырақ жылылықтан өсімдік шығарғандай, тасқа ауа, су жылылығы сияқты себептер қосылып, қына шығарып отыр» [5, 100].
Азат ойдың құдіретін жоққа шығарып, көзге көрінетін дүниенің шырмауында жүрген материалистер үшін алынбайтын белес тәрізді көрінген бұл мәселе Шәкәрім атамыздың еңбегінде үш-ақ сөйлеммен түсіндіріледі. Қазіргі ғылымда күрмеуі толық шешілмеген қынаның тасқа біту процесі, шынында, таңқаларлық.
Ашып айтсақ, қынаның тасқа бітуі ерекше жолмен жүреді. Қынаның кез-келген тасқа шыға бермейтіні де белгілі, ол тасты таңдайды. Қалайша десеңіз, ең алдымен, түсіндіруді тастан бастайық. Басында айтылғандай, тас өзіне суды сіңіреді. Тастың құрамындағы элементтер куб тәрізді байланыс құрды делік. Кубтың іші бос, оны толтыру керек. Сол кезде оған жаңбыр мен жер асты суларынан көзге көрінбейтін бірнеше су молекуласы бос ұяшықтарға орналасады. Осылай тастың бос орындары сумен толады. Ендеше қынаға қажетті судың бір бөлігі тастың өзінен алынатыны белгілі болды. Шәкәрім атамыз айтып отырған тас пен қына арасындағы топырақ сияқты жабыстырғыш заттың түзілуін және оның түзілуіне ауа мен судың қатысын түсіндіре кетейік.
«Топырақ сияқты» деп отырған затымыз ауадағы тотықтырғыш оттегімен түзілген тастың беткі бөлігіне жақын орналасқан сілтілік металдардың (Na, Mg, K, Ca) оксидтері болып табылады [6]. Ал, осы сілтілік металл оксидтерінен алынатын металл иондар қына үшін көбейіп, тұқым шашуына мүмкіндік береді. Осылайша биологияның қына түзілуі туралы бүтін бір іргелі саласын тудырып, бас қатырып отырған күллі әлем ғалымдарының сұрағына Шәкәрім атамыздың азат ақыл, еркін оймен үш ауыз сөзбен жауап қайырып отырғаны таңдай қақтырады!
«Өлі» тастың соңында сабылғандардың бірі – археологтар екен. Олар да тасты аударып, асты-үстіне түсіп, өткеннен мәлімет алғысы келеді. Тастың көрген, естігенін сақтап қалатынын пайдаланып, археологтар тарихқа тіл бітіреді. Ақылсыз тастың магнитофон таспасы сияқты жандының әрекетін істегеніне таңқаласың! Археологтар үшін тас мәліметтердің қоймасы сияқты. Мысалы, табылып жатқан бұйымдар тас дәуірінікі екен, осыдан қаншама мың жылдар бұрын жасапты, мұнымен аң аулапты деп археологтарды сайратып жүрген де – осы тастар. Тіпті, радиоизотоптық әдіспен сол тас өмір сүрген кезеңнің температурасын, қысымын, климаттық жағдайын анықтай алады. Мұндай зерттеулер ұзақ уақытты қамтиды, себебі қара тас ішіндегі сырын айтқысы келмей, ақыры бір әмірмен ғана ашып, гендік инженерлерге құпиясын ақтарып береді. Археологтар мен гендік инженерлер табылған тастардың бәрін сайратуға мүмкіндіктері жоқ, бұған өздері де мардымды жауап қайтара алар емес. Осылайша тылсым күштен рұқсаты бар тастар ішіндегі жиналған мәліметтерін ашып, ағынан жарылатыны анық болды.
Соңғы жылдардағы кристаллограф (тастанушы) ғалымдар барлық тастар мен минералдардың бір-бірін қайталамайтынын анықтады. Мұны қарапайым түрде былайша түсіндіреді: екі бірдей элементтерден құралған, құрылымдары да бірдей кубтық, екеуінің де жасы қарайлас болсын. Енді ерекшелігі, олардың сол кубтардағы рет-ретімен құралғанда, екі тастың әртүрлі кубтарындағы бірдей элементтері түсіп, орнына екеуі екі түрлі элементті қосып алады. Осылайша тастар бір-біріне түрі ұқсаса да, ішкі дүниелері өзгеше, яғни жандары бөлек денелерді береді. Адамның ұқсамауы сияқты қайталанбас құрылымға ие болып, әрқайсысы әр бөлек нәрселердің бәрін есіне жазып, жаттап алуының мақсұты не, себебін қайдан іздейміз? Өкінетін ештеңе жоқ. Мұның жайын, барлық жаралыстың мақсұты мен себебін Шәкәрім атамыз «Үш анығында» былайша баяндайды: «Мен жанды былай түсінемін: біз дененің негізін тексергендей жанның да түбін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Дене негізін тексерушілердің сила вещества (қуатты дене) дегендегі қуат – осы жан. Сол жанды денеден өсіп – өршиді. Жан да өршиді. Ғылым жолында әлденеше түрленіп өзгерсе де, дененің еш жоғалмағаны сияқты, жанның да еш нәрсесі жоғалмайды. Бірақ дененің толықтығы, нашарлығының кезегіне қарай жанның да толық, нашар уақыты болады» [5, 99]. Ал, бұл сөзді таза ақылдан хабары жоқ кейбір адамдар «Шәкәрім – материалист, эволюционист» болған деген тезиске дәлел ретінде қолданып жүр…
Қазірде қиянаттан азат ой, таза ақылдың не екенін ұмытқан ғылымның тапқан жауабынан жаңа сұрақтары көбейген үстіне көбеюде. Ғылымды меңгерудің жолын тапқан әл-Фараби бабамыз: «Қандай ғылым болсын, оның теориясына жетік болу үшін үш түрлі шарт керек. Ғылымның барлық түпкі негіздерін, принциптерін білу керек. Сол принциптерден осы ғылымға жататын қажетті қорытындыларды, салдарды шығара білу керек. Осы ғылым жайлы бұрын-соңды айтылған пікірлерді талдап, түзете білу керек» – деп анық жолға сілтеу көрсетеді. Үшіншіде бұрын айтылған пікірлерді талдап, ақылға сыйымсызын еркін оймен түзету керектігін ескертеді. Мұндай шырмалған ғылымның шым-шытырық шиесін Шәкәрім атамыз былай тарқатыпты:
Ойлансын ұлан болса, сөз ұғарлық,
Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық.
Таза талап талпынып ойды айдаса,
Байқалар көрнеу, таса, жоқ пен барлық.
Азат ақыл ойланбай мида жатса,
Шіріп, тозып тартқызар ол бір зорлық.
Сырын сынар талапты ер табылғанда,
Бұл бақшада мысал көп ой қозғарлық.
Өкініштің үлкені – ойы тарлық,
Ондайда ақыл болмас жұбанарлық [3, 218].
Адамды адам қылатын – осы ойқұмарлықпен қоршаған дүниеге ой жүгірту, кіршіксіз тап-таза азат ақылды табу! Пайда-мақтанның жетегінде кеткен, «көрінетіннің ғана құлы болған, технократтық ойлау жүйесін туғызған ғылым қоғамға пайда емес, кесел әкеледі деп ескертеді. Бұл технократтық өркениеттің тығырығынан шығар жолды да Шәкәрім атамыз былай көрсетіпті:
Көзге сеніп, ойға сенбей,
Жанды жоқ деп қаңғырып.
Адасып жүр ақты көрмей,
Көңілі соқыр көп надан.
«Ана сансыз кереметті,
Кім жаратса, Ие сол», –
Десе нетті, қойса бетті
Хақиқатқа жайнаған [3, 165].
Әдебиеттер:
- Жалпы және қолданбалы химия бойынша ХVІІІ Менделеев съезі. Баяндамалар тезисі. - М, 2007.
- Шилов В. П. Координациялық химия. - М, 1981.
- Шәкәрім. Иманым, А.: Арыс, 2000.
- Исматулла Мақсұм. Құран сырларының әліппесі. – А.: Алаш, 2004.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармалары. ІІ том. – А.: «Ел-шежіре», 2008.
- Глинка Н. Л. Жалпы химия. – М, 1978.
КЕНЖЕБАЕВА Ә. Алматы қаласы



Спасибо за Ваш труд!!