- Saturday, 14 02 2009, 17:15
- Мақалалар
- 2,728 рет қаралған
- Пікір жазылмаған
Жемісті, жақсы иісті бұл бәйшешек,
Аралайық пайдасын көрем десек.
Ұғымды, милы жастың ойын қозғап,
Ұқтырар талай тәлім, талай есеп.
Ш. Құдайбердіұлы
Ғалам өмірдің негізі ретінде осы суды таңдапты. Осыдан миллиард жыл бұрын суық газ–тозаң бұлтынан Жер түзілді де, ал онда мұз-тозаң түрінде су болды. Бұл ғаламның сырын зерттеушілердің ізерлеп, мехнатпен тапқан нәтижесі. Академик В.И.Вернадский былай деп жазады: «Негізгі күшті геологиялық процестерге әсер етуі бойынша сумен салыстыруға келетін қосылыстар жоқ. Тірі ағзалар мен минералдар, тіпті жердегі барлық заттардың құрамында суы жоғы болмайды».
1956 жыл. Оңтүстік – Шығыс Азиядағы жаппай қырып жою қаруын жобалау мен жасау әскери институтының жабық зертханасы. Жаңа заманғы бактериялық қару туралы бірнеше сағаттық ғалымдар отырысы басталады. Кенеттен отырыс тоқтатылып, ғалымдар тамақтан улану белгісімен ауруханаға әкетіледі. Уланудың себебін анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіледі. Ал ғалымдардың ортақ ішкен асы отырыстағы үстел үстіндегі қарапайым ауыз су болды. Осылайша сараптама судың құрамын зерттеумен жүргізілді. Оның құрамы қарапайым Н2О. Бірақ судан басқа себебі анықталмаған қорытынды сараптамаға улану «ауыз судан» деп жазылды.
Дәл осы жағдайдан 20 жыл кейін ғалымдар ғажайып гипотеза ұсынды. Гипотеза бойынша «судың есте сақтау қабілеті бар» делінді. Судың жаңа ашылған осы қабілеті судың тұңғиық сырларына жетелей түсері анық. «Неліктен?» деген сауалға жауап іздеуші ғалымдар саны күннен күнге көбейіп келеді. Ресейдегі Мәскеу мемлекеттік университетінің биология факультетінің профессоры, ғылым докторы Владимир Воейков осыған қатысты былай дейді: «Міне, біз жаңа ғана ғылымда орасан батыл қадам жасадық. Біз шындығында суды білеміз деп жүріп, ол туралы түк білмейтіндігімізді түсіндік. Иә, осыны мойындаудың өзі үлкен ерлік, өйткені бұдан кейін адам бойында білуге деген құштарлық пайда болады».
Бүгінде өркениет деп аталатын, бірақ адам баласының ақыл-ойын тар шеңберге шырмап тастаған үрдіс негізінде дүниенің көзге көрінетін және көрінбейтін сырларын тану көкжиегіміз қандай деңгейде екенін бағамдай беріңіз.
Орыс ғалымы А.Одоевский «Европа рационализмі бізді ақиқаттың қақпасына ғана алып келді, бірақ ол қақпаны ашуға қауқары жоқ екенін көрсетті» деген тұщымды пікір айтады. Қазіргі таңда адам баласы әлемді танудың жаңа заңдылықтары табалдырығында тұр, бұл үрдіс жаңа әдістемелерге жол ашып отыр. Оған дәлел - жақында жарық көрген «Судың ұлы құпиялары» аталатын қайталанбас тележоба. Жобаның мақсаты жалпы физикалық заңдылықтардың шегіне сыймайтын су көрсетіп отырған құбылыстардың тылсым қасиеттеріне ену. Фильмге ғалымдармен бірге әртүрлі елдің теологтары да қатысқан. Фильмді дайындаушылар: «Фильм дәлелдемейді, ол нақты айғақтарды ұсынады. Сену немесе сенбеу – әркімнің ісі. Ең бастысы осы жайында ойлануға және ойды өрбітуге мүмкіндік туғызу ғана» деп мәлімдейді. Негізгі идея - суға бағдарлама беру мүмкіндігі арқылы ауыр сырқаттарды сумен емдеу, ауа-райын басқару, адамтанудың жаңа сатысын игеру.
Фильмнің басы судың төңірегіндегі толассыз жиналған сұрақтардан басталады. Одан әрі оған ғылымнан жауап іздейді. Таппаса да, бізге бағытын сілтейді. Осы ойларға ере отырып,
Таза ақыл ақты барлайды,
Дәлелсіз сөзді алмайды.
Танитын жанға кез болса,
Хақиқат жерде қалмайды,
Жалғанға сатпаc шыныңды [1, 118], -
деп Шәкәрім атамыз айтқандай, таза ақылдың тезіне салып көрсек.
Әлем бойынша «Судың жады» тақырыбындағы тұңғыш диссертацияны Ресейлік ғалым С.В.Зенин қорғады. Осы уақытқа дейін судың ұзақ уақыт бойы бір құрылымды түзуі мүмкін емес деген ұстаным үстем болып келді. Бірақ та есептеулер көрсеткендей, су дұрыс құрылымды көлемдік формаға ие, оның негізінде 57 молекуладан құралған кристалл тәрізді су кванты жататыны анықталды. Бұл құрылым энергетикалық тиімді және спирт пен сол тәрізді еріткіштердің жоғарғы концентрациясында бос молекулалар босауымен бұзылады.
«Судың кванты» өз-өзімен бос сутегі байланыстары есебінен әсерлесе алады, ол екінші ретті алтыбұрышты түрге ие құрылым түзеді. Олар 912 су молекулаларынан тұрады. Бұл молекулалар тәжірибе барысында сутегі байланысының түзілу есебінен әсер етуі мүмкін. Судың құрылымдық жағдайы оның әртүрлі өрістер туралы сезімталдық белгі беріп ажырататын қасиетін анықтайды, әсіресе оның электромагниттік вакуум жағдайының өзгерісіне әсері ерекше. Автордың айтуынша, 90% судан тұратын ми вакуум құрылымын өзгерте алады.
Ең алдымен, осы уақытқа дейін суды біртекті деп келсек, оның әртекті екені анықталды. Ол ромб тәрізді көпбұрыш түрдегі микроскопиялық кристалдардан құралған, яғни кубты қарама – қарсы екі төбесінен созудан туындайды. Көпбұрыштың өлшемі -20*20*30 ангстрем (бір ангстрем миллиметрдің он миллионнан бір бөлігіне тең) қарапайым сұйық жағдайда -0°С-ден 100°С-ге дейін су осындай құрылымдық элементтерден құралып, әрқайсысында 912 молекуладан орналасқан.
Судың бір ұяшығында 44 000 – «мәліметтік тақтасы» болады. Әрбір осындай тақталар өзінше тірі жасушадағы рецептор сияқты орналастырылған, сыртқы әсерлерді сезеді. Суға қандайда бір әсер беріп, «мәліметтік тақтаның» белгілі бөлігін ғана қозғаймыз. Басқа сыртқы әсерлер тіпті басқа тақталардың әсерін туғызады. Сонымен бірге әртүрлі тақталар өзара әсерлесуін бастайды да, судың жаңа күйіне әкеледі.
Зениннің зертханасында судың қасиетіне адамның ойларының немесе сезімдерінің әсер етуі анықталды. Бұл әсердің өте күштілігі сондай, сынақтық микроағзалар тек қозғалысын тоқтатып қоймай, тіпті өліп қалады немесе онда еріп кетеді. Сонымен бірге судың электрөткізгіштігі өзгереді, суға салынған қарапайым организмдер өліп қалып немесе активтілігі артып отырады.
Су кристалдарында үздіксіз қозғалыс болып жатады. Су толық қатпаған кезде жіңішке «құбырларда» өсімдік сабағы немесе тірі ағзалардағыдай циркуляция орнығады. Әрбір кристалдың өмірі ұзарған сайын, адамның «өмір шырыны» мен жақындығы артады. Адам ағзасына ең пайдалы су - осы. Зерттеулер көрсеткендей жас сәбилер мен жануарлар төлдерінің жасушаларындағы судың құрылымы тіпті ерекше. Егер де 20 мың есе ұлғайтатын микроскоппен қарасақ, қар ұлпасына ұқсас құрылымды көруге болады. Бұл су кластер деп аталады. Ол өте күшті емдік қасиетке ие; жасушалардан токсиндерді шығарады, қартаюды тежейді, т.б.
Мінсіз таза су табиғатта жоқ. Тіптен зертханалық жағдайдың өзінде ешкімге де оны бөліп алудың сәті түспеген. Ресей ғалымдары тек диаметрі 2,5 см болатын жоғары таза су бағанын алды. Нәтижелері таңдай қақтырды. Мұндағы молекулаларды ажырату үшін, осы бағанға 900 кг күш қажет екен. Міне, суы осындай көлдің бетімен емін-еркін жүруге болады. Иисус Христостың су бетінде жүре беретіндігі ойдан шығарылған аңыз емес, оның рухани күші судың қасиетін артырып, адам көтере алатын қабілетке жеткізген. Сондықтан болашақта Киелі кітаптардағы Мұса пайғамбардың теңіз суын екіге айырып, ортасынан жол ашуын ғылыми негіздеп беруіміз мүмкін дейді Ресей ғалымдары.
Осы салада ашылған таңқаларлық жаңалықтар жайында Ресей, Қазақстан, Израиль, АҚШ, Англия, Австрия, Жапон, Қытай, Тибет ғалымдары таныстырды. Жапон ғалымы Эмото Масару судың сезгіштік қабілетін суретке түсірді.
Барлық ғалымдардан алынған ортақ нәтижені келтірсек. Судың құрылымы - оның ұйымдасқан молекулалары. Су молекулаларының топтарға қалай бірігетінін көруге болады. Бұл топтар кластер деп аталады (Суретте көрсетілген). Ғалымдар кластерлер ғана өзіндік ерекшеліктері бар жады болып табылады деп ұйғарысты, бұл бойынша су магнитофон таспасы сияқты нені көрсе, көзден таса қылмай соның бәрін жазып алып отырады. Естиді, түйсінеді.
Бұл құрылым суға әртүрлі әдіспен химиялық, электромагниттік, механикалық мәліметтік түрде әсер еткенде өзгереді.Осындай әсерден кейін оның молекулалары қайта құрылуға қабілетті және кез-келген мәліметті сақтауға мүмкіндігі бар. Құрылымдық жады өзіне сақтау және қоршаған ортамен мәлімет алмастыруға қабілетті, онда жарық, ой, ән, дұға сақталуы мүмкін. Сол сияқты әрбір тірі клетка өзіне барлық тірі ағза туралы мәліметті сақтайды, әрбір ұяшықтары ғалам жүйесі туралы дерек бере алады.
Биология ғылымының докторы, Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі жанындағы проблемалық зертхана меңгерушісі Станислав Зениннің есептеулері бойынша, судың дифференцион-фазалық жағдай деп аталатын күйі таңғаларлықтай қалыпта. Судың дәл осы жағдайы судың ондағы мәліметтерді компьютер сияқты шапшаң өңдей алатындығын көрсетеді. Негізінен адам судан тұрады, сондықтан адам әрекеті суға бағдарланатын жүйені береді; кез-келген сыртқы факторлар, оның ішінде адамдардың бір-бірімен сөйлесуі, ағзадағы сұйық орта құрылымының биохимиялық және құрылымдық өзгеруіне әкеледі. Бұл өзгеріс жасуша деңгейінде жүреді, тіпті ДНК-ның молекулалары бұзылуы да осыған байланысты. Бұл дегеніміз, кез-келген ағзадағы судың молекулалық деңгейінде сақталған жеке бағдарламаның бұзылуы-болашақтағы барлық аурулардың көзі және шығуының нақты себебі. Біз сулы орта арқылы бір-бірімізге оймен, сөзбен, сезіммен әсер ете аламыз. Біз өзімізді және қоршаған ортаны бағдарлауға қабілеттіміз. Ғалымдар мұны дәлелдермен бекітіп те берген.
Суға қатысты нақты ғылыми мәліметтер оның адамның жан сезіміне ықпал етуін көрсетеді. Сонымен күрт шаршау, себепсіз ашулану, бұзылған көңіл-күй, тіпті көптеген аурулар кері энергоинформациялық әсер береді. Бұл ғылыми тілде психология тәрбиелемекші болып жүрген жанның ауруы. Күні-түні тыным таппай ізденіп, су молекулаларының тылсым құпияларын ашқан ғалымдар қалтқысыз мойындаған шындық осы болды. Ал кез келген адамның көңіл-күйіндегі өзгерістерді тамыршыдай тап басып айтатын, рухани кемелдікке жеткен тұлғалар үшін бұл таңсық емес. Шәкәрім атамыз адам бойындағы рухани кеселдерді былайша санамалап көрсетеді:
Көрсеқызар, жалмауыз бәрі алдағыш,
Көп адамның қылығын барлағанда.
Өнерпаз, білімді елдің мінезі осы –
Аяу, жәрдем, махаббат қалмаған ба?
Немесе бұлар бұрын жоқ болса да,
Әншейін бар деп бізді алдаған ба? [1, 83]
Адам қоғамының әкелгені сол, жұқпалы аурулардың 80 пайызының туу себебі судан деп есептеледі. Өкініштісі, біз табиғаттың тегін тарту етіп жатқан байлығына немқұрайды қараймыз. Жалпы энергоинформациялық ортаның ластануы су құрылымын өзгертетіндіктен, біздің өмірімізге теріс әсер етеді. Бірде әлемде дүрліктірген мынадай оқиға болды, теңіздердегі киттер мен дельфиндер жағаға шығып қалады, су ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Ақыры барлық іс мынаған келіп тірелді: қандай да бір сыртқы факторлар әсерінен судың құрамы өзгермесе де, құрылымы өзгереді. Суды ластау үшін міндетті түрде химиялық қоспалардың төгілуі қажет емес. Судағы ағзалардың тіршілігін күрт өзгерту үшін оның құрылымына әсер ету жетіп жатыр. Адам өзінің бұзық ойлары, сөздері және іс-әрекеттерімен өзін ғана емес, өте аз суы бар қоршаған ортаны да улай алады. Бұлардың барлығы планеталар масштабында қандай өлшемге келеді?
Судың құрылымына биоөріс матрицасы арқылы әсер ету тіркелді және одан алынған нәтиже барынша дәл болды. Ой бағыты өзгерген сайын судың жағдайы да өзгеріп отырады. Ол ағзаға аз не көп мөлшерде жақсы әсер ету өзіңіздің ойыңызға тәуелді. Зорлық-зомбылық, қылмыстық іс-әрекеттер, әскери шиеленістер сияқты келеңсіз жайттар жалпы ортаның энергомәліметін улап отыр. Ал мұның бәрі судың жадысына сақталып жатыр. Тіпті кинодан көріп отырған көрініске дейін сулы ортаның энергомәліметі сақталып қалады. Бұл дегеніміз, олар бізде сақталып, өмірімізге, рухымызға әсерін беретін болады деген сөз. Мінекей, дәл осы мәліметтік ластану басқалармен салыстырғанда ең қорқыныштысы.
Дүние жүзінде соңғы 30 жылда алапат дауылдар саны 2 есе артқан. 1973-1982 жылдар арасында 1500 су тасқыны болса, 1983-1992 жылдарда 3500-ге жеткен. Ал 1993-2002 жылдардағы су тасқыны 6000-ге жетті. 2004 жылдың желтоқсан айында болған Оңтүстік – Шығыс Азиядағы су тасқынының салдарынан 220 мың адам із-түссіз жоғалды. 2005 жылдың қазан айындағы Европадағы су көтерілуінен 200 мың адам қаза болды. Соңғы 30 жылда табиғи су апатынан 4 млн адам өлсе, 4 млрд адам зардап шеккен. Осыған ғылыми түсініктеме жасаған ғалымдар ортаның энергомәліметтік ластануына судың жауап қайтаруы дейді. Ал Шәкәрім атамыз мұның себебін сыр сөзінде былай көрсетеді:
Бақ-дәулетті мол берді жаратылыс,
Пайдаланып, қылсаңшы жақсы жұмыс.
Табиғаттың таусылмас қасиетін
Жұрттың жұмсап жүргені – ақылсыз іс.
Қайда кетті жаралыс берген байлық,
Ұстанғалы әскер мен қару сайлық?
Жаны ашымай әлсізді аңша қырып,
Мейірімсіз, озбырлығы осындайлық [1, 85].
Яғни, су өзінің жер бетіндегі адамнан көрген зорлық-зомбылығын қайтарып беріп жатыр дейді ғалымдар.
Жапон ғалымы Эмото Масару суларға классикалық музыка мен ауыр рокты қатар тыңдатып өзгеше тәжірибе жасаған. Содан кейін суды қатырып, кристалдарының суретке түсіреді. Нәтижесі таңдандырған үстіне таңдандыра түсті. Классикалық музыка «тыңдаған» судан алынған шытыралар керемет симметриялы, қайталанбас ғажап құрылымдар берді. Ауыр роктан алынған су шытырасы адам көргісіз «бұзық» формалар берді. Ресей медицина ғылымының докторы, профессор В. Звонников : « Осы уақытқа дейін классикалық музыка концертінен кейін бұзақылық фактілері тіркелмеген, ал керісінше, ауыр рок концертінің қырғын төбелессіз аяқталғанын көрмедім. Адамның жамандық жасауы еш кедергісіз жүреді. Бұл оның табиғи нәзіктігі мен жағымсызға тез берілуінен деп ойлаймын» - дейді. Ғалымдар мұндай агрессия туғызатын бұзақылықтың атасы болған ауыр рок пен мағынасыз, бос сөзден құралған әндер адамға зиян екенін дәлелдеп отыр. Ғылымның көзі енді жеткен әннің маңызын қазақтың ғұламасы Шәкәрім Құдайбердіұлы осыдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен болатын:
Әсем әннен ғажап
Ләззатты үн шығар,
Ойы сергек оны жан ұғар.
Бар сезіміңді билер
Ән-күйге
Жастар,
Тілімді ал,
Бол құмар.
Үн сырын сезер адам аз,
Айғайға құры болар мәз.
Ұқпайды тас құлақ
Ән мен күй мәнін.
Сезер ме еді
Оларға салып берсе Сиреннің әнін? [1, 278]
Рухани әлем материалды әлемде өзін анық көрсетеді: ол одан бөлінбейді, оған әр уақытта әсер беріп тұрады, бұл және дерексіз нәрсе емес. Судың бізге көмектесіп жатқанын байқауға болады. Адам ой тазалығы мен өзінің денсаулығын жақсартып, қоршаған ортаны тазарта алады. Осылайша өткендердің нақылы қазірде ғылыми түсінік алып жатыр. Бізге белгілі, киелі су бұзылмайды және емдік қасиеттерге ие. Тек қана рухани энергия дәреже суды тазартуға қабілетті деген шешім айтады. Бұл бізге «киелі су» феноменін шешуге мүмкіндік береді. Шыныда тұрған судың қасиетін шын ниетімен сенетін адамның ішінен немесе дауыстап оқыған күшті энергетикалық қуатқа ие дұғасының әсері неге өзгертпеске?
Алтай политехникалық институтының профессоры Павл Госков зертханасында «киелі судың» физикалық және биологиялық сараптамасын жасады. Содан кейін бұл су қарапайым құбырдағы суға аса «сұйытылған» қатынаста -10 миллиметр «киелі» 60 «құбыр» суына қосылды.Жаңа сараптамалар керемет нәтижелерді көрсетті; уақыт өте қарапайым су құрылымы биологиялық қасиеттері бойынша «киелі суға» айналып кетті. Бұл жердегі қарапайым суды киелі суға айналдырып отырған қазақша айтсақ, адамның пейілі. Мұны Шәкәрім атамыз сыр сөзінде былай көрсетеді:
Адамның ең асылы –
Қиянатсыз ақ бейіл.
Ең зиянкес жасығы –
Тайғақ мінез, екі тіл [1, 93].
Жапон ғалымы доктор Эмото Масару судың тамшыларын қатырып, фотокамералы өте күшті микроскоппен қарап, зерттеді. Оның жұмысы қоршаған ортамен әсерлескенде, су құрылымының өзгеретінін көрсетті. Бұл адамның энергетикалық вибрациясы ой, сөз және ән оның молекулалық құрылымына әсер ету мүмкіндігін байқатты. Ғалым әлемдегі айтылатын жағымды және жағымсыз сөздердің суға әсерін зерттеп, ең керемет сөздерді анықтады. Эмото Масару сиқырлы сөздер «МАХАББАТ пен АЛҒЫС» екенін дәлелдеді. Қазақ атамыз мұның сырын ерте заманда-ақ түсінсек керек, «жақсы сөз жарым ырыс», «жаманның атын атама» -деп бала тәрбиесінің негізін берік қалаған еді. Ғалымдар осындай судың қайталанбас керемет қасиеттерін көргеннен кейін оны жансыз деуден қашықпыз дейді. Енді әлем ғалымдары мойындаған судың сырын Шәкәрім атамыз бір ғасыр бұрын айтып кеткен болатын.
Бұл сөзге біреу мәңгүр, біреу нанды
Ақылмен білген адам әбден қанды.
Жел мен су, тас, топырақ, шөп пен ағаш…
Ғаламда не бар болса, бәрі жанды [1, 251].
Эмото Масару жердің әртүрлі қайнарларынан алынған су кристалдарының құрылымы таңқаларлық өзгешеліктерге ие екенін анықтады. Ластанған су бұзылған және кездейсоқ құралған құрылым берді. Таулар ағыны мен бұлақтардан алынған сулар геометриялық керемет құрылған. Одан әрі ғалым судың құрылымына қалай әсер ететінін тексерді. Бұл айғақ атам қазақтың ұстанған салт – дәстүрінен байқалып отыратын, қарапайым күнделікті тіршілік болатын. Даланың өмірін кешегі күнге дейін қалаға ауыстырмаған қазақ үшін табиғат пен махаббат бір тұтас жүйе болды. «Обалы бар» - деп көк шөбін жұлдырмай, суын былғамай келген аталарымызда табиғатқа деген затшылдықты ауызымен айтса да, жүрегіне бекітпей кеткен еді. Мәселен, қазақта киіз үйдің іргесіне шыққан көк майсаны «жаңа туған төлдің несібесі» деп мәпелеп өсірген. Қой-ешкіні бейсауат жолатпай, бала-шағасына бастырмаған. «Бір қозы туса, бір жусан артық өседі» деген халық даналығының түбінде осындай дәстүр жатқанын қалай аңғармассың.
«Нақты белгілі нәрсе - су орта таза немесе лас болсын, тұнық, бейбіт су мен «ашулы», күшті су оны ерекше құбылыстар қатарына қосады. Су ойлай алатын, барлық ғаламмен мәлімет алмасушы субстанция ретінде көрінеді және оның адамзат үшін маңызды жақтары көп. Су бәрімізді өз-өзімізге терең үңіліміз керектігін ескертеді. Біз өзімізді су айнасы арқылық қарасақ, мәлімет өзі-ақ анықталып, барлық нәрсе бойынша қайта ойлансақ рухани қайта туу болады» - деген қазіргі ғалымдар пікірі. Бұл болса, қазақ данышпандары қазақ ұлт болып қалыптасқалы ұстанған, кешегі патшалы Ресейдің толығымен жоя алмай кеткен, тамыры Қожа Ахмет Ясауиден бастау алған ілім болатын. Қоғамымыз бөлек болса да, кеселіміз бір болып отырған Шәкәрім атамыздай рухани қайта туудың жолын көрсеткендер қазақ даласында артып жетерлік. Шәкәрім атамыздың сыр сөзіндегі кеселдің еміне көңіл бөлсек:
Жойып, зорлық пен қару жолдауды,
Қойып, күндестік, мақтан, алдауды,
Мансапқор жойылса.
Ерді адалдық жолға бастайтын,
Елді арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса.
Еңбекпенен, өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл, қайнар өмір,
Ар ілімі оқылса [1, 266].
Қоғамымыз бөлек болса да, кеселіміз бір болып отырған Шәкәрім атамыздай рухани қайта туудың жолын көрсеткендердің «етегінен ұстану» арқылы ғана ел үмітін ақтарымыз анық.
Әдебиеттер:
1. Шәкәрім. Иманым. – А.: Арыс, 2000.
2. «Великая тайна воды». Деректі фильм. - М, 2006.
ҚАЙЫРЖАНОВ Ж.
Қ.И.Сатбаев атындағы ҚазҰТУ,
Бейорганикалық заттардың химиялық
технология факультеті 4-курс студенті


