Бұл қазақтың мақсұты биік-алыс,

Таппасаң да, сөзіне құлақ салыс.

«Қазақ» деп желкелеме, «адамзат» де,

Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.

«Шәкәрім туралы»

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Адамзат өркендеп, ғылыми-техникалық үрдіс орын алып, ғылымның дамығаны сонша, макро әлемде адамның аяғы айды басып, одан да арғы жағына ауыз салып жатса, микро әлемде нейтрон, протон, электрондарды былай қойғанда, бөлінбейтін ең кішкентай деп саналған элементар бөлшектердің өзін ішек-шабағын шығарып, құрылысын зерттеп жатқан заман болса да, бүгінгі таңда ғылымның шеше алмағаны – Адам жанының жұмбағы.

Осынша өнер тауып асқан адам,

Әлемнің қиын сырын ашқан адам.

Ол түгіл өмірге де айла табар,

Өлмей жетер бірталай жасқа да адам.

Бірақ адам өз жанын танымайды,

Біледі бір өзінен басқаны адам [1, 210] –

деп, Шәкәрім атамыз сыр сөзінде келтірсе, әрі қарай жаратылыстың шешілмейтін жұмбағы қалмайтынын таза ақылға салып саралайды:

Ақыл құсы адаспай аспандаса,

Әлемде нәрсе болмас көзден таса [1, 25].

Ендігі жердегі мақсат – сол ақылға іс алудың жолын анықтау. Ол үшін адам ақыл-ойының жемісі болған ақпараттық технологияның бірі дербес компьютерді қарастырайық. Дербес компьютердің ғылымда, техникада, экономикада тіпті өндірістің кез келген саласында кеңінен қолданыла бастауымен, оның маңызы туралы айтып, ешкімді таң қалдыра алмайсың. Ал, компьютердің барлық мүмкін формаларда (мәтін, сан, дыбыс, графика, бейне) ақпаратты қабылдай, сақтай, өңдей алатын қабілеттілігіне қарап таң қала білсек, онда Алланың жаратқанынан ғибрат ала отырып, адам баласына қарап, компьютерді жасағанын білеміз.

Қоршаған ортаны ғылыми тұрғыда танып білу - өте күрделі процесс. Кез келген таным үрдісі сияқты, ол тікелей сезімдік танымнан басталады. Ғылыми түрде ол тек зерттейтін сезімдік танымның нәтижесі негізінде құбылыстың схемасын құрған кезде ғана мүмкін болатындықтан, компьютер схемасын басшылыққа алғанымыз осының айғағы. 1-суретте компьютер схемасы бейнеленген. Оның ең негізгі«Ақпарат» (information) термині латынның түсіндіру, баяндау, білу деген ұғымынан туындаған. Ақпаратты біз ауызша немесе жазбаша түрде, қимыл не қозғалыс түрде бере аламыз. Кез келген керекті ақпараттың мағынасын түсініп, оны басқаларға жеткізіп, соның негізінде белгілі бір ой түйеміз.

Ойлаңыз, ақыл-білім қайда болмақ,

Денеде қандай орын-жайда болмақ?

Білу, нану, ұнату – ақыл ісі,

Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ? [1, 221]

«Адам болмысында, нейрон – ақпаратты өңдейтін ерекше биологиялық клетка. Оның құрылысы клетканың денесінен, аксон және дендрит деп аталатын екі ағаш тектес бұтақтардан тұрады. Клетка денесі оның ұрпақтық қасиетін сақтайтын ядро және нейронға қажет материалдарды өндіріп отыратын молекулалық құрал плазмадан тұрады. Нейрон сигналды (импульсті) басқа нейрондардан өзінің дендриттері (қабылдағыш) арқылы қабылдап, оны клетка денесі арқылы өңдеп, қайта құрылған сигналдарды аксондар (жеткізгіш) арқылы таратады. Аксондар ұштары тармақталып синапстарға ұштасады. Синапстар – екі нейрон арасын жалғастырушы қарапайым құрылым. Адамның ми қабаты мөлшермен 1014 нейроннан тұрады. Әрбір нейрон басқа 103-1014 нейрондармен байланыста болады. Нейрондар бір-бірімен қысқа импульстар сериясымен әсерлеседі. Сыртқы ақпаратты өңдеуде нейрондық желіде параллель өңдеулері іске қосылады. Ақпарат барлық нейрондарға таратылады, ал бір нейроннан екінші нейронға жеткізілетін ақпарат (импульстар) мөлшері өте аз болады» [2].

Компьютердің мүмкіндігі сандық және символдық есептеулерді адамнан жақсы есептейді. Бірақ та адам сыртқы мәліметтерді қабылдау арқылы қиналмай-ақ тану есептерін сондай зор жылдамдықпен және дәлдікпен шеше алады (мысалы, адамдардың арасынан тек қана елең еткен бетінің пішінінен адамды тану). Мұндай нәтижені әлемдегі ең қуатты компьютермен алу неғайбыл. Олардың өнімділігінің осыншалық айырмашылықтары не себепті?

Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,

Мұрын иіс, тіл дәмнен хабар бермек.

Бесеуінен мидағы ой хабар алып,

Жақсы, жаман әр істі сол тексермек [1, 221].

«Жақсы-жаман», «ақ-қара»,«ақиқат-жалған» түріндегі әр нәрсенің түпкі негізі жұптық қатынас арқылы ажыратылатындықтан, екілік алфавитінің қарапайымдылығы, оны есептеу техникасында кең қолдануға мүмкіндік берді.

«0 және 1 сан» мәндері ЭЕМ-дерде «магниттелген-магниттелмеген», «заряды бар-заряды жоқ», «іске қосылған-қосылмаған» деген сияқты және тағы да басқа физикалық қалыптармен көрсетіледі. Есептеу техникасында 0 немесе 1-ден тұратын екілік сан таңбалары арнайы терминмен «бит» деп аталады. Бит – ағылшын тіліндегі «bit (binary digit – екілік таңба)» деген қысқарған сөз. ЭЕМ-де қолданылатын символдық таңбаларды бейнелейтін сегіз разрядты екілік санды «байт» (byte) деп атау келісілген. Компьютер жадында сақталатын ақпараттың барлық түрлері екілік сандар тізбегі түрінде ойға келіп барып жазылады»[3].

Ой сонда неше толғау шимай салмақ,

Қайтсе жөні келер деп өлшеуге алмақ.

Дәл солай қылайын деп ұнағанда,

Әділетті жүрегің бір қозғалмақ [1, 221].

Поэзияда айтылатын «Жүрек дүрсілі»,– деген теңеуді ғалымдар тек қана элементтер мен бөлшектерге бөліп зерттеген. Барлық лириканы сырып тастап, олар көлемі жұдырықтай, салмағы 300 грамм тартатын жүректі портативтік үш сатылы помпа деп қарастырған. Жүрек – клапандар мен бұлшық еттердің күшімен қан айдайтын биологиялық насос қана. Жүректің автоматты түрде жұмыс жасауы – күні бүгінге дейін құпия құбылыс, бірінші импульстің қайдан, қалай пайда болатыны түсініксіз. Жауап жоқ. Жауаптың қажеті бар ма? Жүрек циклді түрде жұмыс істейді. Оның бір ғана қағысы бір секундқа да жетпейді. Бірақ осы қас-қағым сәттің ішінде жүрек кішірейіп те, дем алып та үлгереді. Оның дем алысы ұзағырақ уақытқа созылады. Бұл теңдесі жоқ насос әр түрлі режимдерде бірнеше жылдар бойы жұмыс жасап тұра береді.

Анық байлық – жүрекке біткен өнер,

Білімдінің бәрі де соған төнер [4, 82].

әл-Фараби бабамыз өзінің «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында былай дейді: «Жүрек – адамның ең негізгі мүшесі, ол ешқандай да басқа мүшелер тарапынан басқарылмайды. Жүректен кейінгі мүше – ми. Ол да адам денесіндегі негізгі мүше. Бірақ оның басқару қызметі бірінші емес, екінші болып табылады. Себебі ол барлық дене мүшелерін басқарғанмен, оның өзін жүрек басқарады. Ми тек қана жүрекке қызмет етеді, ал басқа мүшелердің барлығы да жүректің табиғи ниетіне байланысты миға қызмет етеді» [5]. Шәкәрім атамыз болса осы ойды былай аша түседі:

Бір билік сол жүректен шығарылмақ,

Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.

Ойыңды дұрыс дей ме, теріс дей ме,

Сол арасын анықтап байқа, бірақ [1, 221].

«Адам өзінің 150-200 см-ге дейінгі бойының ішіндегі өзгерістерді ілім арқылы ғана біледі. Адамның схемасы бір сандық секілді. Бұл сандықта үлкен күш бар, оны рух деп атайды. Адамның сандығы ішіндегі тағы бір күшті нәпсі деп атайды. Рухтың жәрдемшісі, ол – періште. Нәпсінің жәрдемшісі, ол – шайтан. Олардың жұмыс орны – адамның жүрегі мен миы. Осы екі жерде тұрып рух пен періште адамды түзейді. Осы екі жерде тұрып нәпсі мен шайтан адамды бұзады» [6].

Тәңір жолы – ақ жүрек,

Сайтан деген қиянат.

Ақ жүректі ертерек,

Ескер-дағы қыл әдет [1, 130]!

Саналылық, ақылдылық пен парасаттылық деген қасиеттер рухтан туындайды. Рухты адам денесімен, яғни барлық басқа мүшелерімен байланыстырып тұрушы қуат бар, ол ақыл деп аталатын жүрек пен миды байланыстырушы бір нәзік сәуле.

Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,

Түбі жүрек болады мида басы [1, 257].

1-сурет. Компьютер схемасы

«1-суретте Дербес компьютердің жүрегі мен миы болған процессор құрамында микропроцессор, оперативті жады, тұрақты есте сақтау құрылғылары, қоректену блогы,енгізу-шығару порттары немесе байланысқан перифериялық компоненттер PCI, ISA жалғағыштары, мәлімет жинақтауыштар РСІ-РСІ микросхемасы және USB шиналары орналасады» [7].

Орталық процессор барлық, есептеу және ақпаратты өңдеу істерін орындайды. Әр түрлі логикалық функцияны орындайтын етіп программалауға болады, сондықтан программаны өзгерту арқылы микропроцессорды арифметикалық құрылғы немесе енгізу-шығару жұмыстарын басқарушы рөлінде қолдануға болады.

Дене киім сияқты күнде ауысар,

Жан ауысты деуіңіз қиынырақ [1, 292], –

деп, Шәкәрім атамыз айтқандай, орталық процессорды өзгертіп, түрлендіріп, әр түрлі типтегі компьютер жасауға керекті элемент ретінде пайдалануға болады.

Оперативті жады. Ақпарат керек кезінде магниттік дискіден оперативті жадыға көшіріліп, өңделген соң, олар қайта сыртқы жадыға жазылып қойылады. Оперативті жадыда ақпарат тек жұмыс сеансы кезінде сақталып, ондағы мәлімет компьютер сөндірілгенде немесе электр торабында ақау болып, ток өшкен шақтарда ізсіз жоғалады. Компьютердің оперативті жады көлемі өскен сайын оның есептеу жылдамдығы да артады.

Қозғаған қуат – жан дейміз,

Жан өсті жаннан сан дейміз.

Сол жандар әсер берген соң,

Жаралды сансыз тән дейміз.

Тұрақты есте сақтау құрылғысы, ол өзгерілмейтін информацияны сақтайды, ешкім оны өшіріп қайта жаза алмайды, оны тек оқуға болады.

Аспандағы ай, жұлдыз – бәрі айналды,

Жалғыз-ақ Темірқазық тапжылмайды-ау.

Тапжылмайтын тұрақты жадыға керекті программалар оны шығарған зауытта жазылады, ол компьютерді ток көзіне жалғаған кезде оны тексеріп, іске қосу үшін қажет.

КЭШ(Cash) – процессордың өте жылдам істейтін шағын көлемді жадысы. Ол оперативті жады мен микропроцессордың жұмысын жылдамдату үшін аралық дәнекер жады ретінде пайдаланылады.

Микросхема жиынтығы (Chipset) орталық процессор мен перифериялық құрылғылардың аралық ақпарат айналымын қамтамасыз ету үшін аналық платаға (материнская плата) орналасады.

Тактілік генератор әр түрлі компоненттердің жұмысын синхрондайды. Анықталған тактілік генератордың минималды уақыт аралығын цикл деп атайды.

«Жүйелік программасыз кез келген аппаратура жәй элементтер жиыны болады да, ол ешнәрсе істей алмайды. Компьютер құрамындағы тұрақты есте сақтау құрылғысында компьютерді тесттен өткізіп, операциялық жүйені (ОЖ) жүктейтін BIOS (Basic Input/Output System – енгізу/шығару жүйесінің негізі) программа орналасады.


Тұрақты есте сақтау

BIOS

Оперативті жады

Операциялық жүйелердің программалық модулі

Master Boot

BIOS

Жүйелі диск

Операциялық жүйелердің файлдары

Master Boot


Тұрақты есте сақтау құрылғысы жүйелік платадан орналасып қоректену блогынан қоректенеді, сондықтан да компьютерді өшіргенде, BIOS программасы өшпейді.

2-суретте компьютер қосылғаннан кейін BIOS программасы іске қосылып оперативті жадыға, егер диск жүйелі болса, Master Boot операциялық жүйені жүктейтін программаны шақырады да, ОЖ-нің файлдарын ОЖ-нің программалық модуліне айналдырады» [8].

Программа – магниттік тасымалдаушыда файл түрінде сақталып, әрбір адамның командасы бойынша компьютердің оперативті жадысына жүктеліп, орындауға арналған машинаның жаны.

Шынды білмек ойласаң сен,

Алдыменен жанды біл… [1, 272]

Өзінің «Исповедь» деп аталатын кітабында әйгілі Л.Толстой: «Мені елуімде жынды қылған сұрақ тым қарапайым. Оны он үш жасымда да ойлағанмын, – бар болғаны бұл тіршіліктің мағынасы қандай, ертең жаным қайда кетеді?деген сұрақ еді» - деп ағынан жарылады.

«Мен» деген – жан, ақыл – айнам,

Жоғала ма сол шын-ақ [1, 272].

Ибн-Туфейлдің «Якзан ұлы Хай» философиялық романында, Хай өзін асырап өсірген еліктің өлу себебін зерттеп, оның бар мүшелері бүтін бола тұрып, не себепті қозғалыссыз қалғанын білуге ұмтылады. Тексере келе қозғалыссыз қалған денеге одан бұрын да қозғалыс беріп, тіршілік белгісін беріп тұрған әлдененің болғандығын, енді оның денені тастап шыққандығын, яғни оны қозғалысқа келтіруші бір иенің бар екендігін түсінеді.

Жаралыс басы – қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де мейлің, бір Мән де,

Сол Қуатпен бол таныс,

Әлемді сол Мән жаратқан [1, 114].

Романнан үзінді: «…Жүректі жалаңаштағанда оның барлық жағынан тұмшаланған тұйықтығын көрді. Зерттей қарап, сырт көзге оғаштық таппады. Басып қарап еді, оның ішінің қуыс екенін сезді. «Бәлкім менің іздегенім осы мүшенің терең түкпірінде болуы, ал мен оған әлі жете алған жоқпын» деді ол. Жүректі жарып жібергенде6 бірі оң жақта, бірі сол жақта екі қуысты көрді. Оң жағындағысы ұйыған қанға толы, сол жағындағысы бос екен «Менің іздегенім сөзсіз осы екісінің бірінде» деді ол. Содан кейін айтты: «Оң жақтан осы ұйыған қаннан өзге ештеме көре алмай отырмын. Оның дене осындай қозғалыссыз күйге түскенге дейін ұйығандығында сөз жоқ. (өйткені ол қанның ағып шыққаннан кейін қойылып, қатаятынын көрген болатын). Бұл – әрине, басқа мүшелердегі сияқты қан. Мен оны барлық мүшелерден көрдім, бірінде болып, екіншісінде болмағанын ұшыратпадым. Менің іздегенім онсыз бір сәт те өмір сүре алмайтын ерекше нәрсе болуы керек еді, мен әуелден-ақ соны іздеп отырмын, қанға келсек, хайуандармен ұрыста менен қанша рет қан шықты, бірақ одан келген осындай кесел жоқ, қозғалу мүмкіндігімнен айырылған емеспін, демек, менің іздегенім мұнда емес, сол жақтағы қуысқа келсек, оның ішінде ештеме жоқ, бос екенін көріп отырмын, бірақ оны пайдасыз нәрсе деп ойламаймын, мен көрген мүшелердің әрқайсысының өзінше атқаратын өздеріне тән қызметтері болатын, сонда сырт қарағанда соншама жетік осы құрылыстың бос болуы қалай? Менің іздеп отырғаным тегінде осында болған, кейін шығып, бос қалдырып кеткен, міне, дененің қозғалыссыздығы, қабылдау және қозғалу қабілетін жоғалту осының салдары деп ойлаймын» [9].

Ойды қайдан алғанын,

Адам өзі сезбейді.

Жанның айдап салғанын,

Сезбесе де іздейді [1, 128], –

деп Шәкәрім атамыз айтпақшы, жаман ой – адамға ашу шақыртып, тура жолдан адастырушы, ал жақсы ой – тура жолға жетелеуші.

Жаман ойдан туған, компьютерлік вирус – арнайы жазылған шағын көлемді программа. Ол өздігінен программалар соңына немесе алдына қосымша жазылады да, оларды «бүлдіруге» кіріседі.

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес [10].

Адамның мақсаты – ойланып, ақылына сынату арқылы жақсы мен жаманды ажыратып, тура жол табу.

Кейде жақсыны іздейміз, кейде жаман,

Көңіл неге қызықса, соған таман.

Дене жеңсе, түпсізге қызығамыз,

Жан билесе, жаманнан қалмақ аман [1, 51].

Адам жанының жұмбағының дәл шешімін таппағандықтан қазіргі ғылым адам баласын рухани интеллектуалдық дамуға емес, керісінше, азып-тозып, рухани азғындауға алып келіп отыр.

Шәкәрім атамыз «Мұсылмандық шарты» еңбегінде «Өзін таныған, Алланы таниды» деген қағидаға сүйене отырып, «Жанға көнсем, жан Иесі – Тәңірге де көнгенім»,– дейді. Өзінің жаратылысына, ішкі құрылысына, ішкі сезімдерін түсіну арқылы Құдайын таниды.

Қысқасы, адам өз жанын әбден анықтап білмей тұрып, өзінің кім екенін білмейді. Оны білмеген соң, өзіндей адамға қиянат қылғанын, зұлымдық екенін аузымен айтса да, жүрегі анық нанбайды. Өзі жүрегімен нанбаған адам өзгені қайтіп иландырмақ, ұрпақты қайтіп түзетпек, өзгеге «адам бол» деп қалай айтпақ? Қоғам қалай алға баспақ? Өз жанының асыл негізі не екенін білмеген адам, өзінің жан аңсары не екенін түсінбеген адам қайтіп бақытты болмақ? Мұны білмеген қоғам үшін «жарқын болашақ» қашан болары белгісіз, қайтіп жетері түсініксіз, әйтеуір алдан күткен бұлдыр елес, бос үміт болып мәңгі қала бермек!

Жан жүйесін түсінбеген адам үшін де, қоғам үшін де өмір сүрудің мәні – пайда, сәні – мақтан, жалған абырой-атақ қана болмай ма? Өзімшілдіктің тар қапасында қалған жан ашуын өзгелерден артық болу, зор болу арқылы, өктемдігін жүргізіп, тұқырту арқылы алмақ. Бүкіл қиянат, зорлық осыдан шықпай ма? Және сол қиянат, зорлық қылған адам, «ар ойламай, пайда ойлаған» адам, ең алдымен, өз жанына қастандық қылғанын қалай түсінбек? Жанның мәңгі өлмесін, тозбасын білмеген адам «ар ойлаймын» дегені рас бола ма?

Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес [1, 86].

Шәкәрім атамыздың «Ар іліміне» қазіргі күні бүкіл әлем мұқтаж. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген аталар аманатын берік ұстанатын елдік сана да, шынайы өркениеттік сана да осы негізден туады.

Адам үшін - еңбегім,

Өмірден барлық тергенім.

Қалағанын қарап ал,

Мұрам сол, жастар, бергенім! [1, 134], –

деп, өзі айтқандай, адам жетілуі, өсуі, өркендеуі, қоғамға пайдалы еңбек етуі үшін ақын мұрасынан алар ғибрат, үлгі көп.

Халық қазынасына айналып отырған, Шәкәрім мұрасы қоғамымызды рухани байытуға, оның адамгершілік ой-пікірлерін, мақсат-мұраттарын бекітуге қызмет ететіні хақ.

Әдебиеттер:

1. Шәкәрім. Иманым. – А.: Арыс, 2000.

2. Әмірғалиев Е. «Жасанды нейрондық желілердің нейробиологиялық көздері» // «Информатика негіздері». Ғылыми-әдістемелік журнал. №1, 2003 жыл.

3. Балапанов Е.К., Бурибаев Б.Б., Даулеткулов А.Б. Информатикадан 30 сабақ. ИНТ. - А, 2005.

4. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. І том. – А.: «Жібек жолы», 2006

5. Әбу Насыр әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар.

– А.: Ғылым, 1975

6. Исматулла Мақсұм. «Дін анасы – Ұждан».

7. Косцов А., Косцов В. «Персональный компьютер» настольная книга пользователя «Мартин» - М, 2004.

8. Угринович Н. Инфоматика и информационные технологии. - М.: «ЛБЗ», 2000.

  1. Есімов Ғ. Фәлсафа тарихы. – А, 2000.

10. Құнанбайұлы А. Шығармалары. ІІ том. – А.: Жазушы, 2005.

Ибраева П.

Семей политехникалық

колледжінің оқытушысы,

Семей қаласы

Пікір жазу

© 2010 “Ясауи” вокалды тобы .
E-mail: yassaui@mail.ru   . Web-cайт жасау, техникалық қолдау: "Қаламгер ТЕН" ЖШС .