- Saturday, 31 01 2009, 18:02
- Мақалалар
- 3,596 рет қаралған
- Пікір жазылмаған
Тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымыздың ақиқат беттері қайта жазылып, толығып, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тіріліп» жатқан заманда сонау қиын-қыстау дәуірде елім деп еңіреп кеткен ұлыларымыздың баға жетпес мұраларын түгелдеп, зерттеу, сол арқылы халқымыздың рухани қазынасын байыту келешектің үлкен міндетіне айналып отыр. Сондай ғұламаларымыздың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы.
Үстіміздегі Кеңес Үкіметінің қатал билігі үстемдік құрған ғасырда Шәкәрім Құдайбердіұлының өзі «халық жауы» атанып, шығармаларының заңсыз деп қараланып, тек 1988 жылы халқымен қайта табысқаны тарихтан баршамызға белгілі. Осы жылы ақталып, өлеңдері алғаш жинақ болып басылып шыққан соң ғана ақын елінің алдында өз бағасын тапты. Бұлай дейтін себебіміз, Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері – жай ұйқасқа құрыла салған дүние емес, биік парасатты, мол білімді қажет ететін терең ойлардың жиынтығы. Сондықтан аталмыш зерттеу жұмысымызға ақынның тек діни-философиялық мағынадағы өлеңдері басылған 2000 жылы шыққан «Иманым» өлеңдер жинағын және 2007 жылы жарық көрген екі томдық шығармалар жинағын арқау еттік. Осы үш жинақта жарияланған өлеңдері негізінде текстологиялық талдау жасағанда, тарихта айтылмай келген көптеген жаңалықтарға тап болдық.
Жалпы, ақын діндегі адамгершілік, мораль тақырыбына терең мән бере отырып, барлық діндердің ортақ құдіреті – «Жаратушы-Құдай» мәселесін биік қойды. Бұл тұрғыда ақын дүниежүзілік жалпы адамзаттың даму тарихын білгенін көруге болады. Адамның жан-дүниесі, көңіл-күйі, ниет-мақсаты жаратушыны сүюге бағытталса, сонда ғана адам шын ләззаттың, шын махаббаттың шуағына шомылады. Шәкәрім танымындағы «Жаратушы», «жар», «хақиқат», «шын» деген сөздер «Құдай» ұғымын береді. Бірақ қолжазбадағы «Құдай», «Тәңір», «Алла» деген сөздер бұрмаланып, алғашқы жинақта «Адам», «Табиғат», «Құлағым», «Осындай», «Баста», «Әмбе» деген сөздермен ауыстырылып берілген.
Мысалы, 2007 жылы шыққан жинақта «Өзіме» өлеңінің:
Мақтан, атақ іздесең – Құдайдан без,
Ардан күсіп, арамның біреуі бол [1],
деген жолы алғашқы жинақта:
Мақтан, атақ іздесең – адамнан без,
Ардан күсіп, арамның біреуі бол [2], –
деп берілген.
«Партия адамдары» деген өлең 2007 жылғы жинақта:
Онымен мені алмай ма, кімді алдайды,
Жалған сөзін Құдайым, тіпті, алмайды, –
деп берілсе, алғашқы жинақта:
Онымен мені алмай ма, кімді алдайды,
Жалған сөзін құлағым тіпті алмайды, –
делінген.
«Мал жимақ» өлеңіндегі:
Қолөнерден пайда қыл, үйреніп-ақ,
Кетпес дәулет осы ғой Құдайға хақ, –
деген жолдар алғашқы жинақта:
Қолөнерден пайда қыл, үйреніп-ақ,
Кетпес дәулет осы ғой әмбеге хақ, –
деп берілген. Осы өлеңдегі:
Адал қол аштан өлмес, құры қалмас,
«Жүрген алар» деген ғой бір Құдай да, –
деген жол алғашқы жинақта:
Адал қол аштан өлмес, құры қалмас,
«Жүрген алар» деген ғой бір осындайда, –
деп берілген. Аталмыш өлеңнің 11 шумағы:
Құдай таза жаратты, сен таза бол,
Ұқсаң, анық айттым ғой, бұл – тура жол, –
деп басталса, алғашқы жинақта:
Баста таза жаратты, сен таза бол,
Ұқсаң, анық айттым ғой, бұл – тура жол, –
делінген.
«Хайуан мен ақымақтар» деген өлеңдегі:
Бір Құдай неше түрлі жан жаратты,
Не үлкен, не кішкентай тән жаратты,
шумағы алғашқы жинақта:
Табиғат неше түрлі жан жаратты,
Не үлкен, не кішкентай тән жаратты, –
деп көрсетілген. Мұнда 2007 жылғы жинақтағы нұсқасы дұрыс. Өйткені қай жағынан алып қарасақ та, тіпті мәтіндегі мағынасына сүйенсек те, «Құдай» сөзі дұрыс келіп тұр.
Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерінде кездесетін тағы бір мәселе «мұтылған», «мұтпай», «мұтылмас» сөздері. Бұл сөздерді кейбір зерттеушілер «ұмтылған», «ұмытпай», «ұмтылмас» деп беріп, шындыққа, хақиқатқа, жаңалыққа ұмтылушы деп түсіндіріп жүр. Біз мұнымен келіспейміз. Мысалы:
«Партия адамдары» деген өлеңнің:
Қазақтың бәрі бірдей құтырған ба,
Іс қылмақ артын ойлап мұтылған ба? –
деген жолы алғашқы жинаққа:
Қазақтың бәрі бірдей құтырған ба,
Іс қылмақ артын ойлап ұмтылған ба? –
деп енгізілген.
«Хайуан мен ақымақтар» өлеңіндегі:
Ал енді осы сөзді мұтпай сақта,
Керекті бір іс келер артқы жақта, –
деген жол алғашқы жинақта:
Ал енді осы сөзді ұмытпай сақта,
Керекті бір іс келер артқы жақта, –
деп берілген.
«Бостандық туы жарқырап» өлеңіндегі:
Құлдықтан жоқ құтылған,
Еркіндігі мұтылған, –
деген жолы және:
Күншілдігі мұтылмас,
Береке, бірлік тұтылмас, –
деген жолдар алғашқы жинақта:
Құлдықтан жоқ құтылған,
Еркіндігі ұмтылған
және
Күншілдігі ұмтылмас,
Береке, бірлік тұтылмас, –
деп келтірілген.
Л.Толстой: «Өнер мен ғылымнан мақсат – өз «меніңді» ашу, (өз мүмкіндіктеріңнің ашылуы, самовыражение), ал дін мақсаты - өз «меніңді» жою (самоотречение)». Осылай дей отырып, бұл ақиқатты біздің қабылдауымызға ауыр тимес үшін былай деп ашып айтады: «Отречение от всего животного начала в себе» [3]. Яғни, «менді» жою – менмендіктен арылу, хайуани инстингтілерді жою, қысқаша айтқанда, нәпсіні құртып, бағындыру. Иса пайғамбардың «дән жерде жатып шірімесе, бидай болып, жайқалып өсіп шыға алмайды. Шірісе, сонда ғана тірі қалады» – деген ойын Л.Толстой өзінің көптеген шығармаларына арқау етеді. Ал ислам дүниетанымында да бұл ұстаным нәпсіні жойып, рухты кәмілдікке жеткізу мағынасында бүкіл сопылық поэзияға нәр берген.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «өз тағдырым мен өз заманым үшін емес, келешек бақытты ұрпақ үшін еңбек етіп отырмын» деп сыр тартуында да біз келтіріп отырған Иса пайғамбардың айтқан сөздерімен таңқаларлық үндестік бар.
Жалпы, «мұтылған» ұғымының негізгі мағынасын Шәкәрім Құдайбердіұлы өз өлеңдерінде лақап ат (псевдоним) ретінде де қолданады. Мысалы, «Мұтылғанның өмірі» өлеңінде:
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым – «Мұтылған», –
дейді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы өзіне дейінгі бүкіл рухани дәстүрді сіңіре отырып, өзінше бөлек көркем ұғым жасайды, ол – Жар ұғымы. Жар – парсының «йар», «дос», «жақын» сөзінен шыққан. Негізінде, «йар» арабтың «уәли», яғни Алланың досы деген мағынасын береді. Осы ойдың растығын Шәкәрім бабамыз өз өлеңінде:
Менің Жарым – қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры,
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры, –
деп келтіреді.
Ақынның негізгі айтпақ ойын түсіне алмаған зерттеуші ғалымдар бұл ұғымды «сұлу қыз», «жара», «жаз», «жарық» сөздерімен алмастырып жазып жүр. Мәселен, 2000 жылғы және 2007 жылғы «Шын асықтың әрбірі» өлеңі:
Жар ағызған қанымнан,
Жүрегі таза есті жан, –
десе, 1988 жылғы жинақта:
Жара ағызған қанынан,
Жерді жусаң қызыл қан, –
деп берілген.
Сол сияқты «Сорлы бұлбұл жарға асық боп» өлеңі 2000, 2007 жылғы жинақтарда:
Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар [4], –
деп берілген. Ал, 1988 жылғы жинақта:
Сорлы бұлбұл жазға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар, –
делінген.
Ал 2000, 2007 жылғы жинақта «Ақыл құсы адаспай аспандаса» өлеңі:
Сопыларға біздің Жар бір қараса,
Жарық нұрмен жүрегін араласа, –
деп берілсе, 1988 жылғы жинақта:
Сопыларға біздің Жар бір қараса,
Жар нұрымен жүрегін араласа, –
деп келеді.
Алғашқы жинақта «жар» ұғымының бұлай тәпсірленуі сол кездегі цензуралық қатал биліктің, тоталитарлық идеологияның әсері екені айтпаса да түсінікті.
«Қазақтың ең жақсысы» деген өлеңнің:
Арамды судай сіміріп,
Ернімен уын жымырып,
Маскүнем, бәңгі боп жүріп, –
деген шумақ алғашқы жинақта:
Арамды судай сіміріп,
Ернімен уын жымырып,
Маскүнем, мәңгі боп жүріп, –
деп берілген. Бұл жерде «бәңгі» нұсқасы дұрыс. Бұл сөзді тек Шәкәрім Құдайбердіұлы ғана емес, Абай атамыз да өз өлеңінде қолданған. Мысалы:
Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп,
Қиналмай, қызыл тілім, кел, тілімді ал, қой…
Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдеріндегі кейбір сөздер соңғы, яғни 2007 жылғы жинаққа дұрыс енбей қалған. Сондықтан алғашқы жылдағы нұсқаны дұрыс деп есептейміз. Мысалы:
«Бас, көзімен қарасаң, нәпсі-жалған» өлеңіндегі:
Нәпсі үйінде байлаулы Ынсап жатыр,
Мұның емі – тегінде, сол босанған, –
деген жол 2000 жылғы жинақта:
Нәпсі үйінде байлаулы Ынсап жатыр,
Мұның емін, тегінде, сол аша алған, –
деп берілсе, алғашқы жинақта:
Нәпсі үйінде байлаулы Ынсап жатыр,
Мұның емін тегінде сол аса алған, –
деп берілген. Мұнда 2000 жылғы жинақтағы нұсқасы дұрыс, яғни сол ынсап бізге осының емі не екенін көрсетіп, ашып бере алады деп отыр.
«Жылым – қой, жұлдызым – июль» деген өлеңнің:
Көп инемен құдық қаздым,
Сырым, ойым, жайым солай, –
деген жолдары алғашқы жинақта:
Инемен көп құдық қаздым,
Сырым, ойым, жайым сондай, –
деп берілген. Біздіңше осы 1988 жылғы нұсқа дұрыс. Себебі: әңгіме иненің немесе құдықтың көптігі туралы емес, «көп қаздым», яғни «қажымай, талмай көп, ұзақ еңбек еттім» деген мағынада айтылған.
«Көңіл» өлеңі 2000 және 2007 жылғы жинақтарда:
Жігіттікке жетелеген,
Секунд, минут, сағат деген, –
деп берілсе, 1988 жылғы жинақта:
Жігіттікке жетелеген,
Секунд, минут, сағат неген, –
деп келтірілген. Біздіңше, осы соңғы келтірілген нұсқасы дұрыс. Жалпы, «неген» сөзі Шәкәрімде көп кездесетінін ескерген жөн. Мысалы:
Бейісте хор қызы деген,
Таза сусын, жеміс жеген.
Солай деп нануым неген,
Жамандатсын пырақ мінем [4].
Бұл жерде «неген» – «не дегеннің» қысқарған түрі, «не үшін солай деп сенбекпін?» деген мағынада қолданылады. Сол сияқты бұл өлеңде («Көңіл») «неген» сөзі «секунд, минут, сағат (яғни уақыт) қалайша адамды еркінен тыс жігіттікке жетелеген?!», «Не себепті уақытқа ықтиярсыз бағынбақпыз?» деген сауал түрінде берілген деп ойлауға негіз бар.
Кейінгі жинақтарда кездесетін «Бұл кездегі діндердің бәрі нашар» өлеңіндегі:
Інжіл, Құран – бәрі айтып тұрса-дағы,
Мағынасынан адасып, қара басар, –
деген жолдар 1988 жылғыда:
Інжіл, Құран – бәрі айтып тұрса-дағы,
Адасып, ардан күсіп қара басар, –
деп берілген. Біздіңше, осы нұсқа дұрыс. «Ұждандыны мақтайды тамам адам» өлеңі кейінгі жинақтарда:
Ар, нысаптың пайдасын жан сезеді,
Өлген соң бәйге аларын біліп тұр жан, –
делінсе, 1988 жылғы жинақта:
Ар, нысаптың пайдасын жан сезеді,
Өлген соң бәйге аларын біліп тұрған, –
деп берілген. Біздіңше, алғашқы нұсқаны қалдыру керек. Өйткені, өлеңнің мағынасына қарасақ та, «тұр жан» деген нұсқа сай келіп тұр. Егер «жан жоқ» десек, онда ұят, ар, елге қызмет ету деген ұғымдар мағынасыз қалар еді.
«Адамның еркі қайда деп ақылдан сұрағаным» өлеңіндегі:
Жетекшім – себеп, тым күшті ол,
Бермес бір билеттім деп, –
жолы 1988 жылғы жинақта:
Жетекшім – себеп, тым күшті ол,
Бермес жол билеттім деп, –
деп берілген. Біздіңше, осы 1988 жылғы нұсқаны қалдыру керек.
«Тіршілік, жан туралы» өлеңіндегі:
Ол басқы жанда бар ма таза ақыл,
Сен осыны тұр тыңдап, –
деген жол алғашқы жинақта:
Ол басқа жанда бар ма таза ақыл,
Сен осыны тұр тыңдап, –
деп берілген. Мұнда автор басқы, әуелгі деген мағынада айтады. Демек, басқы нұсқасы дұрыс.
«Ақыл құсы адаспай аспандаса» өлеңіндегі:
Жан нұрының ұшқыны осы ой деп,
Жанған отқа шоқынам Жар қараса–
деген жол алғашқы жинақта:
Жан нұрының ұшқыны осы ғой деп,
Жанған отқа шоқынам Жар қараса, –
деп жазылған. Мұнда да алғашқы нұсқасы дұрыс.
«Өкінішті өмір» деген өлеңіндегі:
Достығым ба, байқарсыз қастығым ба,
Біздің ойды сіз де ойларсыз болса заман, –
деген жолдар алғашқы жинақта:
Достығым ба, байқарсыз қастығым ба,
Біздің ойды сіз де ойлар болса заман, –
деп берілген. Біздіңше, 2007 жылғы жинақта жаңсақтық кеткен, негізінен, алғашқы жинақтағы нұсқасы дұрыс.
Шәкәрім атамыздың өлеңдеріне текстологиялық талдау жасау барысында кейбір өлеңдерінің біраз шумағы алғашқы жинаққа енбей қалғанын байқадық. Тіпті, кейбір өлеңдері 40-58 шумаққа дейін енбей қалған. Мысалы:
«Жер жүзіне қарасам» өлеңіндегі «Үш нәрсеге хақиқат» деген жолдан басталып, «Анық ұғып қана алсаң» деген жолмен аяқталатын шумақ 1988, 2000 жылғы басылымдарға енбей қалған.
«Өзіме» өлеңіндегі «Әрине, сен де бірге жүрсең екен» деп басталып, «Бар сүйеніш, үміті бір Құдайда» деп аяқталатын шумағы алғашқы жинаққа енбей қалған.
«Партия адамдары» өлеңіндегі:
Бар жұмысы – алдау мен ұрлық, пара,
Бірін арам демейді бұл бейшара.
Залымдарды кәпірмен қосып айтқан,
Нанбасаңыз, Құраннан оқып қара, –
деген шумақ және:
Өтірікке найзадан өткір қазақ,
Өз қылығың басыңа жеткір қазақ.
Қоқиланар «Құдайдың құлымыз» деп,
Пайғамбардан садаға кеткір қазақ, –
деген шумақ алғашқы жинаққа енбей қалған. «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» өлеңіндегі «Онан да салған мін емес» деген жолдан бастап, «Мұсылмандық түрі жоқ» деген жолмен аяқталатын шумақтар алғашқы жинаққа енбеген.
«Сәнқойлар» деген өлеңдегі «Сен өзгерме өзің бол» деген жол мен «Түзетсін Құдай ішіңді» деген жол арасындағы шумақтар, «Еріншек» деген өлеңдегі «Ораза, намаз келеді» деген шумақтан басталып, «Кетіре бермей мазаңды» деген шумақпен аяқталатын өлең жолдары, «Сөз жазып, өлең өлшемек» деген өлеңдегі «Сынатарсың өзіңді» деген жол мен «Оны менен сұрама» деген жол арасындағы шумақтар, «Ескі ақындық» деген өлеңдегі «Құлпырмай ма тау мен жер?» деген жолдан басталып, «Жақсы ақынның тілі – бал» деген жолмен аяқталатын 58 жол алғашқы жинаққа енбей қалған.
«Қазақтың ең жақсысы» деген өлеңдегі:
«Күндеп іші қайнайды,
Қызыл тілін қайрайды.
Әлі-ақ өзі жайрайды,
Алдында әділ соты бар», –
деген жол 2000 жылғы «Иманым» жинағына енбей қалса, «Арам мен ақты бір жимақ» деген жолдан басталып, «Астыңның екі к…і бар» деген жолмен аяқталатын шумақтар алғашқы жинаққа енбеген.
«Қырық жылдан өтті өмірім» өлеңінің «Әсет алғыш өнершілді» деген жол мен «Тазарған соң сонан ішім» деген жол арасындағы 40 жол алғашқы жинаққа енбей қалған.
Сонымен, Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдер жинағы бірнеше рет басылып шықты. Алғашқыда кеткен қателер уақыт өте келе түзетілді. Тәуелсіздік жылдарынан кейін қолжазбадағы бар дерек сол күйінде басылу қолға алынды. Алғашқы жинақтарға енбей қалған кейбір шумақ-шумақ өлеңдер соңғы жинақтарда көрініс тапты.
Жалпы, ақын поэзиясының көркемдік дәрежесін арттыратын адамның ішкі әлемі мен сыртқы дүниенің әдемілік, нәзіктік пен ізгілік, зұлымдық пен әділетсіздіктер қатар түзіліп, салыстырылып, осылардың толық картинасын ашу мақсатында ақын шеберлігі мен дүниетаным кеңістігі айқын көрініс береді. Оның шығармашылығы адам болмысының жаратушымен жарасымдылық табудың, табиғатпен үйлесімділік табудың көздерін көрсететін үлкен арнаның бірі екенін аңғарамыз. Ақын поэзиясы мен философиясы жаратушыны сүю арқылы адам міні түзеуді үйретеді.
Әдебиеттер:
1. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. ІІ томдық. – А.: Жібек жолы, 2007.
2. Құдайбердиев Ш. Шығармалары. – А.: Жазушы, 1988.
3. Толстой Л.Н. Круг чтения. Недельное чтение. – М., 2007.
4. Шәкәрім. Иманым. – А.: Арыс, 2000.
РЫСҚҰЛОВА Г.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология факультетінің магистранты


