- Sunday, 4 01 2009, 0:41
- Жаңалықтар
- 1,326 рет қаралған
- Пікір жазылмаған
Қауіпті діни әдебиетке тыйым болмай,
діни экстремизмнің алдын алу мүмкін емес
18-19 жасар бозбаланың сау күннің аманында үйінен «жиһадқа» аттанып, əке-шешесіне: «мен өлгесін «таза ислам» үкімімен жерлеңдер, жетісі, қырқы деген дəстүрлеріңді жасамаңдар. Мені менің діндес бауырларым ғана жерлесін» деп арыз-насихат жазып кететіндей қылу үшін онымен қанша уақыт жұмыс жасау керек?.. Осыншама мəңгүрттендіру үшін қандай уағыз айтып, қандай кітап оқыту қажет? Бір адамды уаххабқа айналдыру үшін қанша қаражат кетеді? Уақыт ше?..
Көп ақша, аз уақыт кетеді. Көшеде жөңкіліп жүрген бір жас адамнан «жиһадқа» дайын «шаһид» дайындау үшін 6-7 ай ғана уақыт керек. Бұған дəлел ретінде кеше Маңғыстауда қарапайым адамдар мен полицияға қарақшылық шабуыл (жиһад) ұйымдастырған 5 уаххабты айтуға болады. «Мұсылман» болғандарына бір жыл да толмаған сол бауырлар үйлеріне жоғарыдағыдай арыз хат тастап жиһадқа аттанған. Кейінгі тексеру барысында олардың дінге тартылғандарына 5-6-ақ ай болғаны анықталып жатыр. Есіңізге сала кетейік, 2008 жылдың ақпан айының 11-і күні Ақтау қаласында екі адам ажал тапқан уақиға болған еді. Онда 5 уаххаб «кəпірлерге» (уаххаб емес қазақтарға) «жиһад» ашып бір полицейді өлтірген еді. Өздерінен біреу «шаһид» кеткен. Ол оқиғада уаххабтар көп қазақ құсап Бекет ата мен Шопан атаға сенетіндігі үшін алдымен таксисті қорлап, кейін оның мəшинесін тартып алған, сосын іздерінен түскен полицейлерге қарулы қарсылық көрсеткен. Бұл туралы егжей-тегжейлі «Үш қиян» газетінде жазылды. («Маңғыстаудағы майдан. Кім қалай өлді?» «Үш қиян» №7, 14.02.08) Сол уаххабтардың алды 26, кішісі 20 жаста.
Сол бесеудің бірі - Арман Алмағамбетов, 1987 жылы туылған. Уаххабизмге 2007 жылдың ортасында елти бастаған. Арман деген атын ауыстырып, «Абдусамат» деген діни ат қойып алған. Осы аз уақыт аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласына барып, діни сабақ алып келген. Бірақ Арманның дін жолындағы күресі ұзаққа созылмады, сол «Маңғыстаудағы майданда» полиция оғынан өлді. Олар мұндай өлімді «бақытты өлім, шаһид кету, жəннатқа бару» деп есептейді.
Уаххабтардың үйлерін тінту барысында Қазақстан баспаларынан жарық көрген діни əдебиеттер тəркіленді. Əсіресе, Алматыдағы «Әл-Баракат», «Кəусар», «Қаблан» баспасынан жарық көрген кітаптар өте көп шыққан.
Ол баспалар бүгінде ашықтан-ашық жұмыс жасап отыр. Олар дайындаған кітаптар Алматы жəне басқа да қалаларда діни дүкендерде еш кедергісіз сатылып жатыр. Діни экстремизммен күрес туралы дүркін-дүркін жиындар өткізіп, қарар-қаулы қабылдап жатқанымызбен, бағыты күмәнді діни баспаларды тезге салуға əлі ешкім асығар емес. Ал, ол баспаларда жарық көріп жатқан кітаптардың қауіптілігі күн өткен сайын дəлелденіп келеді.
Соның бірі, белсендісі – «Әл-Баракат» баспасы. Ол Алматы қаласы, Шмелев көшесіндегі 78-ші үйде орналасқан. Баспаның бар шығыны «Әл-Баракат» Жеке қайырымдылық қорынан төленеді. Ал, қорға қаржының қайдан келетінін төмендегі кестеден көріңіз. (Таблица)
Баспаның негізгі жұмысы Сауд Арабиясы, Египеттен келетін уаххабтық əдебиеттерді, журналдар мен осы тақырыпта жазылған ғылыми еңбектерді араб тілінен қазақ тіліне аударып басу. Кітап қылып шығарып, оны тарату. Мəселен, сол баспадан жарық көрген «Ислам уағызы» (Араб тілінен аударған Қайрат Иса) кітабының алғы сөзінде «Кітап Сауд Арабия Корольдігінің Ислам ісі бойынша министрлігі, уағыздау жəне жоспарлау бөлімі, имамдар мен насихатшылар институты өкілдерінен құралған ғылыми комиссияның негізінде дайындалды» деп жазылған. Сондай кітаптың бірі «Ислам тəлімдері», 2007 жылы шыққан. Ал, енді кітаптардың ішіне үңілсеңіз, оның мазмұны экстремистік идеяға негізделгенін ажырату қиын емес. «Ислам тəлімдері» (Авторы Мухаммад Юсуф, қазақ тіліне аударған Е.Нүсіпбеков) деген кітаптың ішінде «Дінсіздік» деген тақырыбында былай деп жазылған. «Ислам дінінен шығып кетудің қауіптері мыналар:
1. Исламды мойындамау.
2. Аллаға күман келтіру.
3. Құдайдан басқа біреуге дұға жасау.
4. Секталарды мойындау, кəпірлер ұстанатын дəстүрді мойындау.
5. Ислам шариғатынан басқа ұстанымдарды тұтыну» (17-бет)
Кітаптың 31 -ші бетін ашсаңыз, уаххабидің негізгі міндеті ашыла түседі. Онда: «Мұсылманда отан жоқ, ол бір Аллаға ғана сиынуы керек. Сондықтан ол умраға, білім іздеуге, дінді қорғау үшін əскери жорыққа аттануға, діннің игілігі үшін басқа мемлекетке эммиграцияға кетуіне болады.» - деп анық жазылған. Әлемдік уаххабшылықтың идеологтары «жиһад» ұғымына мынадай мағына сыйдырады: «Жиһад» бұйрығының мағынасы не? Құдай жолындағы «жиһад» - өзіңді шынайы құрбан қылу. Өзіңді толық жиһадқа арнау – фарз кифаяға жатады. Фарз кифая деген – барлық мұсылманның парызы. Егер фарз кифаяны топпен атқаратын болса, онда басқа мұсылмандардың мойнындағы міндетті алуға болады. Жиһад не үшін бұйырылады? Жиһад - ұлы мақсатқа жету үшін бұйырылған.» (47-49 беттер)
«Таухид кітабы»
Уаххабтардың «Құранындай» бір кітап бар. Ол – «Таухид кітабы». Оны уаххабтық идоелогияның негізін салаған Мухаммед ибн Абдуль-Ваххаб жазған. Бұл кітап «Нұрлы əлем» баспасынан жарық көрген. Араб тілінен аударған Ақнұр Бишимов. Сол бес уаххабтың үйінен осы кітап табылған.
«Нұрлы əлем» баспасы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылы Ерлепесов көшесі нөмірі 1-ші үйде орналасқан. Бұл кітап та Алматының барлық діни кітаптар сататан дүкендерінде бар. Кітаптың алғы сөзінде былай делінген: «Қымбатты оқырман!
Қолыңыздағы бұл кітап аты əйгілі Мухаммед ибн Абд-ал-Уаһһаб ибн Сүлеймен əт-Тəмими 1703-1791 жылдар аралығында ғұмыр сүрген ғұламаның көп еңбектерінің бірі. Бұл кітап Ислам дінің ең маңызды да үлкен мəселесіне - «Таухидке» арналған.» (3-бет) Енді уаххаб «ғұламасының» еңбегінен үзінділер келтірейік.
«АЛЛА ТАҒАЛА КЕШІРМЕЙТІН КҮНƏ. Ислам дінідегі ең зор күнə - Аллаға серік қосу (ширк). Серік қосу деп Құдіретті Алла өзіне ғана бұйырған ғибадат-сиынулардың түрлерін жаратылыстарына арнауды немесе бір жаратылысты Алланың сипаттарымен толықтай, не жарым-жартылай сипаттауды айтады. Серік қосу үлкен серік қосу жəне кіші серік қосу деп екіге бөлінеді. Аллаға үлкен серік қосқан адам тəубеге оралмай қайтыс болса, тозақ отында мəңгі қалады. Аллаға кіші серік қосқан мұсылман адам күнəһар болмақ, бірақ та тозақ отында мəңгі қалмайды.» (9-бет)
«… Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деп айтқан: «Кімде-кім «Алладан басқа құдай жоқ» десе, жəне Алладан өзгеге табынатындарды мойындамаса, онда оның мал-мүлкі мен қаны қастерлі жəне оның есебін Құдіретті де Ұлы Алла Өзі береді». Бұл хадис «Алладан басқа Құдай жоқ» сөзінің мағынасын тереңдей аша түседі. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл калиманы айта салса, қанын төгу мен мал-мүлкіне тиісуден тыйған жоқ. Мағынасы мен айтылуын біліп, жүрегіне бекітсе де, тек Аллаға жалбарынып, ортақ қоспаса да, Алладан өзгеге табынатындарды мойындамағанға дейін, оның мал-мүлкі мен қаны қастерлі болмайды. Егер де осыған (жоғарыда айтылға сөзге) күмəнданса немесе екі ойлы болса, бұл жағдайда да мал-мүлкі мен қаны қастерлі болмайды.» (36-бет).
«Ғамирұлы Ғұқба атты сахаба пайғамбардың (с.ғ.с) келесі сөзін жеткізген: «Кімде -кім тұмар ілсе (мойнына, үйге т.б) онда Алла оған қорғау бермес. Ал кім моншақ (айқұлақ) ілсе, Алла оған тыным бермес». Басқа руаятта былай делінген: «Кімде-кім тұмар тақса, сол серік қосқан болады» (хадисті Ахмад жеткізген).» (37-бет).
«12) Пайғамбарымыз (с.ғ.с) таухидке деген қайсарлығының себебінен оны «жынды» деп атады. Сондықтан да əр мұсылман пайғамбарымыз сияқты болса, оны да солай атайтын болады.» (54-бет).
«
Сəлəфтардан (өткен ізбасарлардан) жеткен нəрсе: Кəпірліктің пайда болу себебі - дінге жаңалық енгізуден басталған.
Əбу-əл-һайяжтан: Маған Əли (халиф) былай деген еді: «Сені Алланың елшісі (с.ғ.с) мені жіберген əмірмен жіберейін бе? «Ешбір бейнені қалдырма, міндетті түрде оның көзін құрт жəне көтеріңкі тұрған қабырды міндетті түрде тегісте ». (хадисті Муслим жеткізген).» (125-бет).
«7) Бар бейнелерді жою туралы бұйрық.» (126-бет)
….«Алланың елшісі (с.ғ.с) əскер басына немесе əскер тобына бастықты тағайындайтын болса, оған Алладан сақтануды, оның қол астындағы мұсылмандарға жақсы қарауды өсиет ететін, содан кейін ол былай деп айтатын: «Алланың атымен, Алланың жолында жаулаңдар. Аллаға
сенбейтіндермен шайқасыңдар. Жаулаңдар, олжаны бөліспей алмаңдар,
(келісімге) опасыздық жасамаңдар…»
Ал егер олар Исламды қабылдаудан бас тартса, онда олардан жизия (кəпірлерден алатын салықты) беруді талап қыл. Олар бұны құп көрсе, сонысын олардан қабыл ал, əрі олардан өзіңді тежеп қал. Ал егер де олар бұдан бас тартса, онда Алладан жəрдем сұрап, олармен шайқас. (128-129 бет) Жоғарыдағы айтылған сөздер келесі мəселелерді көздейді.
3) Пайғамбардың (с.ғ.с) «Алланың атымен, Алланың жолында
жаулаңдар» - деген сөзі. (Маңғыстаудағы шайқаста уаххабтар полицейлерге
Аллаху акбарлап шабуылдаған. Авт.)
4) Пайғамбардың (с.ғ.с) «Аллаға сенбейтіндермен шайқасыңдар» -
деген сөзі.
5) Пайғамбардың (с.ғ.с) «Алладан жəрдем сұрап, олармен шайқас»
- деген сөзі. (130-бет)
ЖАЛАНЫ ƏШКЕРЕЛЕЙТІН КЕЙБІР ДЕРЕКТЕР
Соңғы кезде халықтың ортасынан «уаххабизм» сөзін жиі естуге болады. Бірақ та əлі күнге дейін бұл сөздің мəн-мағынасын ешкім ұғынықты түсіндіре алған емес. Өйткені бұл сөздердің астарында Ислам діні меңзеліп тұр. (Мұндай идеияны кезінде «Руханият» университетінің ректоры Мұрат қажы Мыңбаев та «Жалын» журналында («Жалын» 2004 жыл, №2) жазған еді. Онда: «Ең əуелі мұсылман халқымнан уаххабшылар деген мағынаны беретін «ваххабистер» сөзінен сескенбеуін өтінемін. Əл-Уаххаб - Алланың 99 есімінің бірі. Аллаға серік қоспайтын адам дегенді білдіреді. Бүгінгі ортамыздағы уххабилер - осы Аллаға серік қоспау идеясына өте қатты ниет құлатқан мұсылмандар.» деп жазған.)
«2. Мұхаммед ибн Абд-əл Уаһһаб еңбектері мен уағыздары «əһлі сунна уа жамаға» (сунниттік жолды ұстанушылардың) сенім-нанымына негізделген жəне мұсылман дінінің талаптары мен шарттарына ешбір қайшылығы жоқ. Оның діни еңбектері Исламның таза бұлақтары іспетті. Сондай-ақ ол өз ойынан ештеңені қоспайды да, кемісітпейді. Жəне ойдан шығарылған, өтірік пен жалған сөздерден аулақ болуды насихаттайды.
Сауд Арабия патшалығының ғұламалары «əһлі-сунна уа жамаға» жолын ұстанатын атаудан басқа есімдермен аталудан үзілді-кесілді бас тартады.
Мұхаммед ибн Абд-əл-Уаһһаб ғұламаның есіміне кір келтіретін еңбектердің шынайы мағынасы оның өмірбаянымен сəйкес келмейді.» (138-139 бет)
Маңғыстауда жиһадқа шыққан бес уаххабтың үйінен мұнан өзге де көп кітаптар табылған, кітаптардың тізімін төменде арнайы беріп отырмыз. Соның бірі «Бір Құдайды тану» кітабы. Авторы - Салих ибн Фаузан, 1997 жылы Махачкалада шыққан. Салих ибн Фаузан Сауд Арабиясының азаматы. Бүгінде ол уаххабилердің ең құрметті ғалымдарының бірі. Оның «Бір Құдайды тану» кітабы барлық уаххабтың жанынан тастамас серігі. Оның кітабында күпірлік туралы көп жазылады. Кітапты оқи отырып уаххабтық жолдың тұтас доктринасын білуге болады. Мынадай мысал келтіруге болады: «Күпірлік екіге бөлінеді, үлкен серік қосу жəне кіші серік қосу деп. Үлкен күпірлік қылған адамды өлтіруге болады. («Бір Құдайды тану» 3 пункт. 2 тарау , 21 бет.) Фаузан үшін исламнан бас тартып, зайырлы қоғамның демократиялық принциптерін мойындаған адам – дінін сатқан адам. Мəселен, конституцияны мойындау, зайырлы өмір сүру, діни наным сенімге еркіндік, азаматтық неке, т.с.с. барлығы дінді сату болып есептеледі. Ең қауіптісі: Фаузан кітабында өзін мұсылман санап, бірақ зайырлы қоғамның игілігін көріп жатқан адамды екіжүзді деп тану керек дейді. Кітаптың 4-бөлімі, 2-тарауы 23-бетінде былай делінген: «Шындығында ондай адамдар Исламды ұстанып жүрміз дегендерімен исламға көп зиян келтіріп жүргендер, олар анығында исламның жаулары.»
Уаххабтардың үйінен тəркіленген CD дискілерде Азамат Саид, Шейх Халид ибн Мухаммад Рашид, А.Дидат, Хамид Ясин, Доку Умаров, Саид Бурятсийдің уағыздары жазылған. Соңғы екеуі аса қауіпті терроршылар қатарына жатады. Мəселен, Умаров Доку шешен терроршысы. 2006 жылдан бері өзін өзі жариялаған Ичкерия Шешен Республикасының президенті. 2007 жылдың қазанынан бастап өзін «Кавказ Эмиратының» Əмірі деп жариялаған. Ресей Федерациясының іздеуінде. Нариман Саид Бурятсий ол да Ресей азаматы. Федералды іздеудегі қылмыскер. Уаххабилердің идеологиялық кеңесшісі.
Тəркіленген бұл діни əдебиеттер мен CD дискілердің барлығы да қауіпті екені сөзсіз. Бұл мəселеге қатысты нақты түйінді кәсіби сарапшыдан сұрағанды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасы Білім жəне Ғылым министрлігі шығыстану институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, исламтанушы ғалым Əшірбек Мүміновке арнайы хабарласып, сұхабаттасқан едік.
– Əшірбек Құрбанұлы, газеттің 14.02.08 күнгі №7 санында жарияланған «Маңғыстаудағы майдан. Кім қалай өлді?» атты мақаладағы құқық қорғау органының қызметкеріне (полицияға) қарулы шабуыл жасаған қылмыскерлердің оқыған кітаптарына, əдебиеттеріне сырттай қарағанда оларды қандай діни ағымға жатады деуге болады?
– Тізімде зиянсызынан бастап күдіктілеріне дейінгі түрлі əдебиеттер бар. Саудагерлердің бұл діни əдебиеттерді сатуға лицензиясы жоқ. Мұның өзі – заң бұзушылық. Бұдан кейінгі сұрақ қоғамға қойылады.
I Діни əдебиеттерді сараптамадан өткізуге кімнің құқысы, өкілеттілігі бар?
II Республикаға əкелініп жатқан діни əдебиеттерге кім бақылау жүргізеді?
III Діни əдебиеттерді басып шығаруға кім рұқсат береді?
IY Басылып шыққан кітаптың салдарына кім жауап береді?
Бұл тізімдегі əдебиеттер Қазақстандағы мұсылмандардың, санасына қазақ қоғамындағы жамағатта қалыптасқан салт-дəстүрді жою, тəртіпсіздікті насихаттауға бағытталғанын көрсетеді. Қазақстан территориясында жұмыс жасап жатқан көптеген шетелдік діни ұйымдардың жұмысы осыған негізделген. Құран Кəрімнің аудармаларын, орыс жəне қазақ тілдеріндегі хадис жинақтарын шығарудың өзі осыған бағытталған. Қазақ жерінде қалыптасқан дəстүрлі діни-құқықтық мектеп талаптары (ханафийа) бойынша Құран мен хадистерді тек араб тілінде ғана талқылауға болады, мұның өзімен дінге мойынсұнған көпшілік емес, таңдаулы сауатты мұсылмандар –мужтахид-ғұламалар ғана айналысады. Құранның үш немесе одан да көп аяттарынан тұратын үзіндісін бөліп алып, аударуға тиым салынған. Мужтахид-ғұламалардың бірнеше буыны жасап шығарған қарапайым мұсылмандардың өміріндегі діни ережелердің орнына қазіргі таңда Құран, хадис сияқты күрделі бастауларға сүйене отырып, өз жолын өз бетінше таңдап алу ұсынылуда.
– Діни-фундаменталистік күштердің заңды өкіметке қарсы шабуыл жасау оқиғасынан дінтану тұрғысынан қандай түйін түюге болады?
– Дінтану мұны төзімсіздік деп атайды. Ислам көзғарасы бойынша, мұны «фитна» деп қабылдауға болады. (Фитна - заңды билікке қарсы шығу немесе хариджизм (билікке қарсы көтеріліс, билікке ашық түрде қарсы шығу).
Зайырлы қоғамның көзқарасы бойынша, алдыңғы орынға діни қағидаттарды (шариғатты) қою, сананың тым діншіл болып кетуі зиянды, бұл радикалды бағытқа апарады.
– Мемлекет мұндай оқиғалардың жалпылық сипат алып кетуін болдырмау үшін қандай кешенді шараларға баруы керек? Оның ең алғашқысы қандай болуы керек?
– Ислам жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны дайындау керек. Онда əрбір мемлекеттік органның құзыреті айқын болып, өзара келісілген болуы керек. Дінге мойынсұнғандар мен жамағаттың іс-əрекетін міндетті түрде біреу қадағалау керек. Дəл бүгінгі кездегідей бəрі өз бетінше қалмауы керек.
– Осы сарындас діни күштер мемлекеттің конституциялық негіздеріне шабуыл жасаған ұқсас оқиғалар алыс-жақын шетелдерден
аналогия келтіруге болады?
– Тəжікстанда азаматтық соғыс болса, Алжирде, Ресейдегі шешендер көтерілісі сияқты оқиғалар Ауғанстанда күн сайын болып отыр.
– Сұхбатыңызға рахмет.
«Ауруын жасырған арам өледі»
Ең қауіптісі, үгіт-насихатшылар діни уағыздарын жастар арасында көп жүргізеді. Əсіресе, мектеп, колледж, университет қабырғасындағы қатерлі уағызға шектеу болмай тұр. Кешегі Маңғыстауда ұсталған 5 уаххабтың бірі Алпанов Еркін 1988 жылы туылған, Ақтау мемлекеттік университетінің 3-курс студенті. «Үш қиян» студенттің «жиһадқа» тартылу фактісін жан-жақты саралау үшін әрі мемлекеттік білім беру мекемесіндегі діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстардың жай-күйін білу мақсатымен аталған университет ректоры Əбдімүтәліп Əбжаппарұлына арнайы сұрау жолдады. Мәселенің мәні оқырманымызға түсінікті болуы үшін университет басшысына редакция жіберген хат мәтінін толықтай бергенді жөн көрдік:
«Құрметті Əбдімүтəліп Əбжаппарұлы!
2008 жылы ақпанның 11-күнгі Жаңаөзен қаласында болған діни себептермен қылмыс жасау, полиция қызметкерін өлтіру оқиғасы «Үш қиянның» жіті назарында. Тақырыпқа орай арнайы мақала жарық көрді. Ел ішін дүр сілкіндірген қанды қылмыс турасында арнайы журналистік зерттеуіміз жалғасуда. Редакциядағы мəліметтерге қарағанда аталған қылмыстық іс бойынша қамауға алынғандардың ішінде Ш.Есенов атындағы АқтМУ-дің 2-ші курс студенті Алпанов Еркін де бар. Іргелі жоғары оқу орны студентінің діни негіздегі қылмыстық топтың құрамында болуы көпшілікті алаңдататын жəй. Осыған байланысты Сізден төмендегі сауалдар негізінде түсініктеме беруіңізді сұраймыз:
1. Университет қабырғасында студенттерді діни экстремизм қаупінен
сақтандыру шаралары қаншалықты пəрменді жүргізілуде? Бұл орайда арнайы
жұмыс жоспары жасалған ба?
2. Университет оқытушылары тарапынан студенттерді діни
экстремизмнен, терроризмнен сақтандыратын методикалық зерделеу құралы
жасалған ба?
3. Университетте діни əдебиеттерді тарату жайын бақылауды,
кездескен материалдарды салыстырмалы діни талдау жұмыстарын кімдер
жəне қалай жүргізеді?
4. Студенттер жатақханасында діни ғұрып орындау орны («намазхана»)
ашылған ба? Ашылса ол жерге жиналатын студенттердің діни бағыт-
бағдарын бақылаумен кім айналысады?
5. Алпанов Еркіннің діни негіздегі қылмыс тобына қатыстылығы
анықталғаннан кейін құзырлы орындар тарапынан (облыстық əкімдік, ішкі
істер департаменті, прокуратура) университеттегі тəрбие, діни
экстремизмнен сақтандыру жұмыстарына қатысты ұсыныстар жасалды ма?»
Көріп отырғаныңыздай, хат газет үшін қажетті сұрақтардың тізбесі ұсынылды. Аталған хатымызға университет басшылығынан мән-мағынасы мүлде түсініксіз жауап алдық. Ш.Есенов атындағы Ақтау Мемлекеттік университетінің проректоры Н.С. Қамарова қол қойған жауап хатта былай делініпті:
«Құрметті Алмас Қуанбай!
Сіздің 2008 жылдың 13 наурызда жазылған шығ. №199 хатыңызға орай жауап беремін. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаев «Қазақстан халқының əл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты халыққа Жолдауында Қазақстан алдағы уақытта да халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық коалицияның белсенді мүшесі ретіндегі ұстанымын жан-жақты нығайта беруге ниетті деп атап көрсетті. «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы саяси кеңесінің отырысында елбасы «Нұр Отан» діни радикализм, саяси экстремизм секілді іріткі салғыш құбылыстарға қатысты əр кез қағидатты ұстаным көрсетіп отыруы тиіс. Бұл кереғар құбылыстардың жолын кесуге бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Проректор Қамарова Н.С.»
Апам да аң-таң, мен де аң-таң. Қазақтың «қобызым не дейді, жыным не дейді» деген ата сөзін еріксіз еске түсіретін жауап хаттан ешнәрсе ұға алмадық. Университет проректоры Н.Қамарованың жауабы (оны жауап деп атауға болса) біздің саяси сауатымызды көтеруге бағытталған ба деген ойға қалып отырмыз. Әйтпесе, нақты қойылған сұрақтарға тұщымды жауап қайырудың орнына, Елбасымыз бен ол кісі басқаратын «Нұр-Отан» Халықтық-демократиялық партиясының бағдарламалық мәндегі құжаттарын тізбелегенде не мақсат көздегенін Қамарова ханымның өзі білмесе, біз біле алмадық. Басы ашық жайт сол, Елбасы мен билеуші партия тарапынан күн санап аранын ашып келе жатқан дін жамылған қатерлі дертке тосқауыл қоюға ерекше көңіл бөлініп отыр. Оны оқып та, көріп те жүрміз. Ал арнайы хат жолдағанда бізге керегі Ш.Есенов атындағы университеттегі ахуал емес пе еді? Университет башыларының негізді сауалдарға жауап беруден ат-тонын ала қашуында қандай гәп жатыр. Мүмкін, зайырлы оқу орнының басшылары өз студенттерінің арасында «жиһад» идеясымен уланған шәкірттер барын мүлде білмейтін шығар. Болмаса, мойындасақ, пікір алмасуға аралассақ, облыстағы негізгі білім ордасы мәртебемізге зиян келеді деп сақтанатын шығар. Қалай болғанда да, университет басшылары баспасөзбен іштесуге құлықты еместігін анық байқатты. Тек мұндай «құлықсыздықтың» арты кесапат әкелмесе болғаны. «Ауруын жасырған өледі» демей ме?!
Күні кеше ғана Парламент мінберінде мәжіліс депутаттары діни сенім бостандығы туралы заңға өзгерістер енгізу керегін айтып, бастама көтерді. Заңды жетілдіру заман талабынан туып отыр. Біздің айтарымыз, жаңа заң жобасына лаңкестерді қысқа мерзімде дайындайтын қауіпті діни әдебиеттердің басылуы мен таралуына тосқауыл қоятын талаптарды енгізу қажет. Сонда ғана құқықтық тұрғыда ашық жұмыс істеп жатқан жоғарыда аты аталған «Әл-Баракат» сияқты жеке қорлардың баспа өнімдерінен жастарымызды қорғай аламыз.
Алмас ҚУАНБАЙ,
Ақтау ҮҚ
«Үш Қиян» газеті, №13 (373) 27 наурыз, 2008 жыл, 4-5 беттер


