yas1Адамзаттың жаратылыс баянында мынадай бір әңгіме болушы еді ғой. Оны тіліне жыр хаттаған, жүрегіне сыр сақтаған Сәттіғұл бабамыз «жараттың Сафи-Адамды топырақтан тұрпат, тән жасап» деп жырлайтын. Сол Адам-Топыраққа жан енгізерде балшықтан соққан балауыз дене тірілмей қойыпты. Жан шіркін қалыбынан үркіп, енбей қойған соң Жаратқанның пәрменімен періштелер ғайыптан ешкім естімеген ғажап бір сазды жеткізеді. Сол саздың құдіретімен үргедек жан әлгі балшық тұрпатқа қалай енгенін білмей қалулы. Егер ол саз нотаға түсіп, бізге жетер болса, оны «ӨМІР САЗЫ» бәлкім «ТІРШІЛІК СИМФОНИЯСЫ» деп атайтын болармыз… Содан бері «жаның қонақ денеңе»…Содан бері «жаным – жапырақ, тәнім – топырақ»… Содан бері… «адам – бір боқ көтерген боқтың қабы»… Ал баяғы әңгіме… оны Қашаған Күржіманұлынан тыңдап көрелік: «Атамыз Адам пайғамбар жеті сазбен жерге кеп, күй шертіпті деген бар. Ол күндегі о да саз, бұл күндегі бұ да саз. Сазды күнә деп жүрген, Сұпеке, сенің ақылың аз…»

Ақтау қаласындағы Абай мәдениет сарайының үлкен залы көрерменнен лық толы. Сахнадағы жеті жігіт Қ.А.Ясауи, С.Бақырғани, А.Йүгінеки, М.Хорезми, М.Пырағы, т.б. бабаларымыздан қалған хикметтерді бірінен соң бірін шырқап тұр. Құдды жеті бұлбұл дерсің. Баяу басталған ырғақ енді бір сәтте екпіндеп келіп, зау көкке көтеріліп кетеді де, тас төбеңде бозторғайдай боздап тұрып алады. Енді бірде әлгі торғай өзін тастап келіп жібергенде қағып алғың келіп, жан дәрмен қалай ұмтылып қалғаныңды аңдамай қаласың. Қысылып қалып, айналаңа еппен көз салсаң, сенімен ешкімнің шаруасы жоқ. Бәрі де бір сәтке болса да баяны жоқ тірліктен баз кешіп, енді бірде тұрлаусыз жалғаннан таянышты енді тапқандай алып-ұшып, тағы бір тұста жар жұпарына балқыған пәруанадай бозбұлау күйде.

«…Дү-ние қарап тұрсаа-аң бір кең сара-ай, Са-арайға көзім талды қара-ай, қара-а-ай…» Кәдімгі қазақтың қара өлеңі ғой бұл. Әдетте біздің дінпаздар ұлт, өнер, фольклор дегеннен тым қашығырақ тұратын. Қара өлеңнің ауылына ат шалдыруды олардан дәметпейсің де. Бірдеңе десең «дін – өнер-пөнер секілді ойыншық емес, Құдайдың жолымен ойнамай аулақ жүр!..» – дейді. Қасқа-ау, хас өнер де Хаққа шақырмай ма?! Сенбесең тыңда:

«…Күніне тоқсан түрлі пәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан…»,

«…Аш, ей, момын, көзіңді, Сахар мезгіл болғанда…»

Құдай жолына үндеудің қазақ үшін бұдан тиімдісі жоқ. Жарайды, бұл – бір бітпейтін даулы әңгіме. Одан да пәрмені Хақтан болған иләһи шығармаларға құлақ қандырып, жүрек суаралық.

«…Жад еттім жүрегіме Хақтың атын,

«Махаббатнама» дедім хаттың атын.

Ғаламға екі түрлі гауһар берген,

Адамға махаббаттай жауһар берген…»

Олар жетеу. Жеті бұлбұл… жеті дауыс… жеті саз… Құранның да жеті мақамы бар емес пе?! Қашаған Күржіманұлы айтатын «ол күндегі о да саз, бұл күндегі бұ да сазы» осы. Тәнімізге жан осы сазбен енген, осы сазбен шықса екен. Абайдың «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денеңі» де – осы. Әлгі надан молда (тағы да Қашаған: «жақсы болса молдасы, әділдіктің болар жолдасы, жаман болса молдасы, ауызы менен кеудесі шайтанның боқтық салған дорбасы») жек көретін қазақ өнерінің құдіреттілігі де оның Құдайшылығында. «Қазақ – аса діншіл емес» дейді біреулер, қазақтың Құдайшыл екенін біле ме екен?! «Ясауи» тобы туралы қиқым әңгімелердің бірі: олардың орындайтын шығармаларында бақсының сарыны бар дейді. Бабам Қорқыттың қобызының сазы ғой ол. Маңғыстаудың әруақ сыйлап, әулие көрген шалдарының қара домбырасының ыңы бар ол сазда. Солардың жыры, солардың сыры бар ол саздарда. Нанбасаң Бегендікұлы Сүгір атамызға құлақ түр: «…Күнә болса жыршылық – Абыл мен Қабыл екеуін жеті түрлі сазбенен кеудесіне сыйғызып, туғызған мына мен бе? – деп: Алланың берген ақ сөзін, айтпа дейсің халқыма, қанша бір молда болсаң да, ақылың, пәмің өлшеулі, осы бір жерің жөн бе?» – деп…» Қызық. …Надан сұпы мен жалған молда Қашағанның да, Сүгірдің де шығармаларында идеологиялық басты қарсылас ретінде көрініс тапқан. Осы суретті бүгінгі қоғамнан да жиі байқауға болады.

«Ясауи» тобының орындап жүрген саздарында далалық мақам, діни әуез бар. Тағы да сол біздің әулие аталарымыздың айтып кеткен жырына тоқтайық. «…Расулы Мұхаммед, ниетін пәктен бұрмаған. Алланың Ғали шері еді, дұшпаннан сағы сынбаған. Хазіреті Біләлдан Махфузда азан тыңдаған…» Жеті бұлбұлдың көмейінде сол азанның ыңы бар. Ал жүректерінің нұры жүзінен тамып тұрғандай көрерменді ынтық қылады. Жалпы «Ясауи» тобы секілді діни әуендер орындайтын вокалды топтар Қазақстанда жоқтың қасы. Ал дүние жүзінде малайзиялық «Райхан» тобы секілді, басқа да жеке орындаушылар баршылық. Оларды мыңдаған аудитория ұйып тыңдайды. Ал, кәсіби шеберлігі, әуезі, әуені, мазмұны жағынан көп ретте олардан артық түсіп жататын «Ясауи» тобының қадірін біліп жүрміз бе?

Жадымда қалған бір ғажап хикаяның үзігі былай келеді. Бір әулие кісі таң алагеуімде қирағаттап Құран оқиды екен. Сөйтсе, оның Құдайды мақтап салған сазының әуезділігі сондай, көктегі мың сан періште жиналып тыңдағанда, бұлтша ұйлығып қалулы. …Мына тар залға жиналған нөпір жұрт не біліп, нені естімекке асықты екен?…

«Бір қарлығаш – көктем әкелмейді, бірақ оның жақын қалғанын сездіреді», – депті данышпан Толстой. Жеті бұлбұл – жақсылықтың жаршысы!.. Жырда: «Пайғамбардың бір әуен қабірінен болынар, «Ғайса» деген дыбысы», – деп келеді. «Ясауи» тобын тыңдап отырып, сол пайғамбардың қабірінен әуен естір күннің де таяғанын жүрек шіркін сезгендей болады.

Концерт аяқталды. Ел разы. Жасаураған жанарларын жасырып, ұяла басып баратқан қарындасты көргенде жүрегің езіліп қоя береді. Өнерпаз балаларына: «Қарақтарым-ай, қайдан үйрендіңдер, бұл біздің бала кезімізде жаттап өскен кәлимамыз еді», – деп алғысын білдіріп жатқан ананы да көрдік. Менің қасымда отырған мәдениет саласының басшылығында қызмет ететін белгілі бір азаматтың «Ясауи» тобы туралы пікірі мынау болды. «Бұл – өте бір оригинальный вещь. Божественный!.. Мен мұндай вокалды топты көп жылдар бұрын Баку қаласынан тамашаладым, онда да олар төрт адамнан бөлініп, әр шығармадан соң ауысып айтады. Ал, мынау жеті адамның бір жарым сағат бойы окапелла айтуы ­– бұл музыкада таңғажайып жетістік», – деді ол.

Сонда қалай, жеті адам бір жарым сағат бойына өнер көрсете алмай ма?

Әрине, сен оны түсінбейсің. Оны түсіну үшін музыкалық арнайы сауатың болуы керек. Мұндай тірі дауыспен концерт беру үшін «высокопоставленный голос» және «абсолюттік слух» болуы керек. Ал жаттау қабілеті – екібастан. Бұл группа вокал жанрындағы феномен ғой…

Ол басын шайқап әлі таңғалысын жасыра алмай тұр. Шынында да, бұл топ – феномен. Топтың көркемдік жетекшісі, белгілі жыршы Елдос Еміл ағамыздың дауысы құлағымда қалыпты. Сол дауыс, сол саз ауық-ауық есіме түсіп кетеді. Тұла бойыңды шымырлатар бір күш есіп өтеді. «…Ойласаңыз, жігіттер, дүние деген қызыл гүл, бұл фәниде, мен – бұлбұл, сазына қарай шақырған…»

Ол саз – Тәңірі Саз… Ол әуен – Рухтың әуені… Аман жүр, жеті бұлбұл!..

Ізжан Қалқан,

Ақтау

«Үш Қиян» газеті, №46 (406) 11 желтоқсан, 2008 жыл, 9-бет.

Пікір жазу

© 2010 “Ясауи” вокалды тобы .
E-mail: yassaui@mail.ru   . Web-cайт жасау, техникалық қолдау: "Қаламгер ТЕН" ЖШС .