«Алла» ма, әлде «Аллаһ» па?

Қазір кез келген діни әдебиетті алып қарасаңыз, ондағы Ұлық Жаратушы есімінің «Аллаһ» деп жазылып жүргенін байқайсыз. Күнделікті жаңалықтан құр қалмайын деп, газет оқуға отырсаңыз да, кейбір қазақша басылымдардан көзіңіз осыны шалып қалады. Титтейінде тілі «Алла» деп шыққан қазақ болсаңыз, құлағыңызға бұл сөздің соншалықты тосын естілері анық. Бірақ қазіргі діни кітаптардың өн бойындағы «Аллаһқа», «Аллаһтан», «Аллаһпен» деп айылын жимайтын қосымшалы сөздер одан әрі септеліп кете береді. Әрі-беріден соң оқи беруге де дағдыланып, кітаптың көкірегіңізге жылы сәуле құятын тұсын іздей түсетіндігіңізге күмәніміз жоқ. Бірақ осы жерде сізге қоятын бір сауалымыз, сіз бір сәтке басындағы әсеріңізге қайта оралып, момын мұсылман күнделікті айтатын «Алла» сөзі неліктен «Аллаһ» болып кеткеніне ой жүгіртіп көрдіңіз бе? Ендеше бәрін де басынан бастауға тура келеді.

Құдайға шүкір, қазақтың жеріне діні, діліне иман оралған шақтың қызығын көру маңдайымызға бақыт болып бұйырған екен. Әу баста дінсіз мақсатпен құрылған қызыл одақтың күлі көкке ұшып, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың дұғасы, аға-апаларымыздың тілегі құр кетпей, тәуелсіздігімізді еншіледік. Көршілеріміз қарманып жатқанда, біз де құр жатпай, жоғалтқанымызды тауып, барымызды түгендеуге кірістік. Ең алдымен, «дін –апиын» деген ұраннан арылып, дінімізді қалпына келтіру керек болды. Жер-жерге мешіттер салынып, Құдайдың көк күмбезді үйлері бой көтере бастады. Халық жақсы ырымға жорыды мұны. Кешегі мықтағанда Мәскеу мен Ленинградтан білім алып, ғылым түгесіп қайтатын қаракөз бауырларымыз шетел асып, әйгілі оқу ордаларының білімгерлері атанды. Бұған қуанбаса ешкім ренжіген жоқ. Солармен бірге ілім іздеп, хақиқат табуға құлшынып, діннің ең қайнар бұлағынан дәм татуға бел буып, ислам елдерінің мәшһүр университеттеріне аттанып жатқан «талабалардың» да қадамдарына құт тілесті. Қазақтың бағына біткен тұлға әл-Фарабидің Шам, Бағдад шаһарларына барып, сондағы жинаған бүкіл білім қазынасын туған халқына арнағанын ұмытпаған, сол бабамыздың арқасында әлемдік өркениет көшінде басқалармен иық тірестіріп келе жатқан қазақ халқы тағы да сондай рухани сілкініс күтті. Көп жылдар бойы басқа ұлттың боданында болып, құлдық қамытын киюден қалжыраған халықтың бұл тілегінде ешқандай жат мүдде, бөтен мақсат болмағанын айтайық. Сонымен, «балапанды күзде сына» дейді ғой дана бабаларымыз.

Иә, одан бес-алты жыл немесе он жыл өткеннен кейінгі ахуалды сөз етейік. Араб елдеріндегі әйгілі оқу ордаларын, медреселерін толық аяқтап, оқуға кеткендердің де алғашқы толқыны туған топыраққа жетті. Аңсай күткен жұрты кешегі көгөрім бала, бүгінгі дардай «молдажігіттің» алдарынан ақ киіз тосып қарсы алды да, табанын жерге тигізбестен әспеттеп әкеліп, жер-жердегі мешіттерге имамдыққа қойды. Пайғамбар елінде болып келген, әрі құр барып келмей, білім игеріп келген жас қой, тайлы-тұяғы қалмай, уағызын тыңдауға жиналды. Алайда мінберге жайғасқан шырайлы жас имам қазақтың дәстүрін, дінімен біте қайнасып кеткен салттарын былай ысырып қойып, араб елдерінен сіңіріп келген әдеттерін қазақы ортаға салды да жіберді. Ата-бабаларымыздан қалған қаншама рухани мұраларды игеріп, елдің игілігіне жұмсаудың орнына «көзі ашықтар» елдің құрмет, кие тұтып жүрген рухани қазынасынан кір табуға тырысты. Тіпті «Алла» деп жүргендерге сұқ саусағын шошайтып, «Аллаһ» деп айт, әйтпесе күнәһар боласың» деп жекіргенін де ел көрді. Соған қарап, төрт-бес жыл бойы оларды тек осыған ғана үйреткен бе екен деп ойлайсыз. Бұл кезінде баспасөз беттерін талай рет мәселе болып көтерілді.

Ал ақиқаты қалай еді?

Түркі жұртына араб елінен ғұлама данышпандар, қадірменді қожалар келіп, ислам дінін уағыздау арқылы жергілікті халықтың жүрегіне жол тапты. Соның арқасында тұтастығы бұзылмаған туысқан ұлттар түгелімен мұсылмандықты қабылдады. Олар сол кезден бастап, дінді қасаң пішінге салынған қағида емес, жүректі жұмсартатын, адам баласының бір-біріне деген мейірімін қалыптастыратын ілімнің көзі ретінде қарады. Жаратушы Иеге деген шексіз махаббат, күмәнсіз құлшылық қазақтың басынан бақ таймаудан сақтады. Ал сол қазақ аталарымыз ежелден «Алла», «Алда» деп айтатын еді…

Әрине, «Аллаһ» деп айтқан дұрыс. Ол – Құран сөзі. Бірақ, «Аллаһ» деп араб тілінде айтса жарасады. Арабтан оқып келген «молдажігіттер» арабша сөйлегенде айта берсін, бірақ біздің сингармонизмге сәйкес қанымызбен біткен, «Алла», «Алда» сөздерге қарсы шықпағаны дұрыс.

Тәуелсіздік алмастан бұрын, тіпті оның алдында да қазақ ешқашан «Аллаһ» деп айтып көрмеген-ді. Кез-келген қарттан сұраңыз немесе кез-келген әдеби шығарманы (жыраулар поэзиясы, ақындар) оқыңыз, «Аллаһ» деген бір де бір сөз кезіктірмейсіз. Бұл бүгінгі кезге дейін жалғасып келді. Бірақ келе-келе құлшылығын өтеп, парызын үзбей орындайтын қарапайым мұсылмандардың арасынан «Аллаһ» деп айтуды әдетке айналдырғандар табылды… Біртіндеп кейбір баспасөз беттерінде «Аллаһ» деп жазу үрдіске ене бастады. Бұл - бұл болып тұра тұрсын. Бүкіл қазақ жаппай «Аллаһ» деп айтып кетсін деді ме, бірде пәлсапашы, дінтанушы Мұхитдин Исаұлы қазақ тілінің тілдік заңын да, айтылым заңын да белден бір-ақ басып, «қазақ халқы қатты қателесіп жүр. Негізі Алла деп емес, «Аллаһ» деп бас әріппен және «һ» әрпін қалдырмай жазу керек» деген «қатаң» ескерту жасады» (Қараңыз, Қазақ әдебиеті, -2002, 25 қаңтардағы саны). Өрістеріне рұқсатсыз еніп кеткен негізсіз пікірге тілші қауымнан тосқауыл қоюшылар болды. Солардың бірі Шәкәрім поэзиясындағы рухани-пәлсапалық ұғымдарды зерттеген ғалым А.Қонарбаева оған қарсы мынадай тұщымды дәлел айтты: «Қазақ әлімсақтан Алланы - Алла, Алда, (Аллаберген, Алдаберген деген кісі аты жиі кездеседі), молланы молда деп қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес әдеби заңы нормаланса және қалыптасқан тарихи дағды болса, оған түзету жасау, біздіңше, ағаттық деп білеміз. Ең бастысы Аллаға сенім болса, Жаратқан Иенің атын ана тіліндегі дыбыстық жүйесінің заңдылығына орай ғасырлар бойы орнығып, қалыптасқан атауын өзгертіп, араб тіліндегі нұсқасын сол күйінде қайталау шарт емес деген ойдамыз. «Мұсылмандық шарты» атты кітабында Шәкәрім былай деп жазады: «Алла тағала барша адамзат баласына Алла тағаланың барлығын, бірлігін һәм өзін Жаратқан Иесі екенін біліп, иман келтіріп, құлшылық қылсын деп жаратқан. Аятта «жын менен адамдарды құлшылық қылсын деп жараттым!» – деген. Солайша құлшылық үшін жаралған-ды. Оқығандарыңыз кітаптан, оқымағандарыңыз молдалардан есітіп білген шығарсыздар… Бұл кітап әрбір қазақ оқуға оңай болып, әрі оларға пайда, әрі өзіме сауап болар ма екен деп Алла тағаланың рақымынан үміт еттім. Амин». Дінтанушы, философ, қажы Шәкәрім халықтың тілдік қалыбымен Алла тағала, молда деп жазса, ана тілін де, дінді де бір кісідей игерген және исламды басқа діндермен салыстыра зерделеген оны Жаратқан Иенің атын дұрыс таңбаламады деп қалай күнә тағамыз. Әрине, бұл өрескел қисынсыздық болар еді. Сондықтан қазақ тілінің сингармонизм заңына сүйеніп, артикуляциялық дыбысталуына сәйкес айту мен жазу әдеби тілдің нормасына сай келді деген пікірдеміз».

Мына кереғарлықты қараңыз. Қазақ тіл білімінің негізін салып, жүйеге түсіріп кеткен Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедұлы біздер сияқты «Алла» деп айтамыз ба, жоқ әлде «Аллаһ» деп айтамыз ба деп таласпақ былай тұрсын, аталмыш сөздің мүлдем басқа қырына назар аударған. Қос ғалымның пікірі бойынша «Алла» дегенде, екі «л» дыбысы қатар келмейді, бұл жалпы қазақ тілінің сингармониялық жүйесіне нұқсан келтіретін құбылыс. Сөзіміз нанымды болу үшін дәйектемені сол қалпында жеткізуді жөн көрдік: «Қазақ тілі «л» дыбысы қабат келуін сүймейді. Сондықтан да екі «л» қабат келген жерде біреуін басқа дыбысқа айналдырып айтады. Мәселен, «Алла» деген сөздегі қабат келген екі «л»-дың біреуін «д»-ға айналдырып, «Алда» қылып айтады», – дейді. Қанаттас ағасын қолдай отырып, ғалым Х. Досмұхамедұлы: «Қазақ-қырғыздың түбір сөзінде бір дыбыс екіленіп (таштидтеніп) келмейді. Сондықтан жат сөздердегі екіленіп айтылатын дыбысты қазақ-қырғыз не бір дыбыс қылып айтады, не соңғысын бөтен дыбысқа аударады. Молла – молда, үммет – үмбет, алла – алда, әууал – әуел, жиннат – жендет, суннат – сүндет.

Тіліміздің заңы осылай болған соң, жат сөздерді алғанда ішіндегі дыбысты екілетіп айту, жазу керек емес», – деп жазды.

Қазақ тілінің заңдылығы бойынша һ дыбысының нөлге айналатынын, оның мүлде айтылмайтынын да, жазылмайтынын да, жалпы мұның жолдан қосылған дыбыс екендігін марқұм фонетик Сапархан Мырзабеков өз еңбектерінде дәлелдеп жазып кетті. Ахмет Байтұрсынұлынан кейінгі қазақ тілі дыбыстық жүйесінің білгірлерінің бірі – (марқұм) Сапархан Мырзабековке қасарысып дау айтудың да қажеті жоқ шығар.

Осыған қарамастан, қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық ерекшеліктерін ескерместен, жөнсіз пікірлер белең алып келеді. Ақ пен қараны ажыратып алатын көкейкөздің болмағанынан, көбісінің қателіктерге бой ұратынын жасырып керегі жоқ. Ал бұл қателіктің түбі неге ұрындыратынын кім біледі?

Ата-бабамыздың сөйлеу тіліне зорлық жасап, түп-түгел мансұқтау енді халықтың рухани қазынасына, даналықтарына жолдан қосылып, жөн көрсетуге, атап айтқанда, байырғы жазылып келген сөздерді өзгертуге ауысыпты. 2006 жылы шыққан «Он ғасыр жырлайды» атты жыр жинағы осыған дәлел. Ретті, ретсіз «Аллаһ» деп әр ақынның жырларына, не болмаса өлеңдеріне түзету енгізу қиянаттың қандай түрі екен деп ойлайсыз. Рас, жинақты құрастырушылардың (Алғы сөзін жазған: Сәрсенбі Дәуітұлы, соңғы сөзін жазған: Айгүл Смақова) бұлайша «реформа» жасағанына тартатын дәлелдері дайын. Абай өлеңдерін қолжазба түрінде көшіріп таратқан Мүрсейіт Бікеұлы осылай жазыпты-мыс. Дәлелдерінің көкейге қонымсыздығын қалайша аңғармассың.

Біріншіден, араб қарпі бойынша жазылған қолжазбаларда міндетті түрде «Аллаға» «һ әрпі қосылып жазылатыны қолжазба қарайтын көзі қарақты филолог ғалымның бәріне белгілі. Ол араб тілінің өзіндік заңдылығына жатады. Алайда өлеңдерінің көбі араб қарпінде сақталып қалған Абайды да, Шәкәрімді де немесе одан бұрын өткен жырауларды да «Аллаһ» деп жазыпты, демек олар «Аллаһ» деп сөйлеген деуіміз таза шалағайлық, білместік сияқты бір хал.

Екіншіден, жинақтағы бүкіл шайырлар мен ақындардың барлығында бірдей «Аллаһ» деп жазылмаған. Мәселен, Мұқағали Мақатаевтің өлеңдері түгелімен Алла деп келеді. Барлық жыраулар мен ақындардың өлеңдерін қисынсыз түзетуге жеткен күш Мұқағали өлеңдерін түзетуге неге жетпей қалған?

Үшіншіден, қазақ бұрынғы уақыттан бері «Аллаһ» деп жазып, «Аллаһ» деп сөйлесе, жырау-жыршылардың, ақындардың мұраларын тауып, алғаш жүйелеп, «Бес ғасыр жырлайды» және «Ай, заман-ай, заман-ай» деген жинақтарға топтастырып, халыққа ұсынған Мұхтар Мағауин мен марқұм Мардан Байділдаев қалайша «қапы» қалған екен? Әлде, екі ғалым мұны білмеді ме?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясынан мақұлданып шығып жатқан кітаптардан да осыны көреміз.. М.Ф.Рифағидің араб тілінен аударылып жарық көрген «Ислам мәдениеті» атты кітабында Ұлық Жаратушының аты жеке тұрғанда «Аллаһ» деп жазылса да, қосымшалар қосылған кезде, яғни жұрнақ, жалғау жалғанғанда «һ» әрпінің түсіп қалатыны ескертіледі. Ал жоғарыда айтылып кеткен дінтанушы Мұхитдин Исаұлының «Құран кімнің сөз?» кітабында «Аллаһтың» жеке тұрғандағы да, қосымшалар жалғанған кездегі де қалпы өзгермей жазылады. Демек, «пәтуа бергіш» діни басқарма да бұл жөнінде лайықты тоқтамға келе алмай отырған сыңайлы. Әлде, Мұхитдин Исаұлы «пәтуәға» тоқтамай ма?

Белгілі ғалым, жорналшы Сағатбек Медеубекұлы Райымбек батыр туралы мақаласында батырдың шын есімі «Раһимбек» екендігін, бұл сөздің дыбысталуы қатаңдау естілетіндіктен, кейіннен ана тіліміздің дыбысталу заңдылығына сәйкес, Райымбек болып өзгергендігін қозғайды. Сол сияқты «Алла» сөзінің де осы қалпында айтылуы, әрі жазылуы қазақтың жүрек жылылығынан, бір-біріне деген махаббатынан туған деп тоқтам жасайды.

Сонымен ең басты тілдік фактімізге жүгінсек. Қазақ тілінің 2007 жылы жарық көрген орфографиялық сөздігін алып қараңыз. Көбей Хұсайын, Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық сияқты академик ғалымдар құрастырып шығарған бұл кітапта «Алла» сөзі өзгеріссіз беріледі. Ендеше, «Аллаһ» деп қақалып сөйлеушілердің ойына келгенін орынсыз іске асырып, қазақ тілінің әдеби нормасына да, орфографиялық нормасына да бағынбай, бұра тартып отырғанына жол болсын. Біле-білген адамға бұл – қазіргі таңда жүзеге асып жатқан араб мәдениеті экспансиясының тілдік көрінісі. Cондықтан, жолдан қосылған «жолдыбай тілшілердің» бұл «реформасына» немқұрайлы қарауды жөн деп таппадық. Бұған тілші-ғалымдардың алып-қосарлары болса, бөлісуге дайынбыз.

Мұхит ТӨЛЕГЕНОВ

Алматы

«Үш Қиян» газеті, №3 (363) 17-қаңтар, 2008 жыл,  5-бет.

Пікірлер саны: 1 к “«Алла» ма, әлде «Аллаһ» па?”

  • СЕРГЕК | 20 04, 2009, 11:15

    Мухит мырзанын пікірне косыламын. Жай ғана пенделік косылу емес, кешегі тілімізге дейін араласып, алфавитімізді зорлап орыстандырған қызыл империяның саясатынан зардап шеге отырып, енді мынадай зардапка тілімізді тағы қорлату көрсоқырлық. Қазаққа Алла есімінің сіңгеніне кемінде 7-8 ғасыр. Ал, тілдік заңдылығымызды ескерсек, 20-25 ғасыр. Әрі-беріден соң исламга түркідей, оның ішінде казактай, (кыпшак ата-бабамызды айтып отырмын) еңбек еткен журттар аз. Бірақ, сөйте жүріп, ата-баба мынадай көрсоқыр болған емес! Кеше большевик болгандар бугн исламшыл болып дәл сондай кылык танытып жургені жасырын емес. Аяулы Алла есімін арашалаганымыз жөн.

Пікір жазу

© 2010 “Ясауи” вокалды тобы .
E-mail: yassaui@mail.ru   . Web-cайт жасау, техникалық қолдау: "Қаламгер ТЕН" ЖШС .